Басты ақпаратРуханият

Шәкәрімнің қазасы: Деректер мен дәйектер

Еліміздің басына күн туған зобалаң заманында елім, жерім деген азаматтарымыздың тағдыры бүгінгі ұрпақ үшін тарих болып ­қалса, сол кезеңде зиялылар үшін қасірет болғаны анық. Бірақ ұрпақ ретіндегі біздің борышымыз – сол зиялылардың қадірін білмей кеткен қатал заман мен олардың қалдырған тағылымын оқып, ақ пен қараны ажырату.

1928-1933 жж. аралығындағы Қазақстанда күштеп ұжымдастыру қозғалысына қарсы наразылық күшейе түсті. Соның нәтижесінде 1929 жылы көтерілісшілердің 31 тобы әрекет етіп, оларға 351 адам қатысса, 1930 жылы бұл көрсеткіш 85 топ, 3192 адамға жетті. Яғни осы мерзім ішінде көтерілісшілердің 196 тобы бас көтеріп, оларға 5468 адам қатысқан болып шығады.

Күштеп ұжымдастыру, байларды тап ретінде жою бағыты Арқа өңіріндегі аудандар да атқа қонып, наразылық білдіруге мәжбүр етті. Оның үстіне негізінен таза мал шаруашылығымен ғана айналысатын бұл өңірлерде ет дайындау науқандарында малды халықтан зорлап тартып алу ел арасында жаппай ашығуға душар етті. «Бұл бас көтерулер – байлардың, ұлтшылдардың Қазақстанда өмір сүрген контрреволюциялық астыртын ұйымының мүшелері болып табылатын байлардың және қазақтың мүшелері ұлтшыл интеллигенттері өкілдерінің контрреволюциялық әрекетінің нәтижелері…». Міне, ОГПУ органдарының жоғарыда айтылған көтерілістерге байланысты жүргізілген тергеу жұмыстарынан жасаған қорытындыларының бірі осындай. Өкімет қарсылық білдірушілерге басшы болады-ау деген құрметті, беделді адамдардың көзін жоюға тырысты.

Жоғарыда айтылып өткен мәлімет бойынша ой қорытсақ, қазақтың біртума азаматтарының қатаң жаза мен қатерлі шешімнің құрбаны болып кеткенін осыдан көреміз. Қазақ тарихының өткенін саралап, бүгіні мен болашағын бүтіндеп берген Шәкәрім сынды данышпан тұлға да осы қыңыр саясаттың құрбаны болып кетті. Ақынның жазасыз оққа ұшуын баян етуден бұрын өмір жолын қысқаша шолып өтсек.

Шәкәрім 1858 жылы, ескіше 11 шілдеде дүниеге келген. Әкесі Құдайберді 1868 жылы 37 жасында дүниеден өтеді. Жетім қалды деген аты болмаса, Шәкәрім жетімдікті көрмеген десе де болады. Құнанбайдың ерке немересі болып өскен. Абайдың тәрбиесінде өскен.

Құнанбайдың Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы – Құдайберді, Құдайбердінің Дәметкен (Төлебике) дейтін бәйбішесінен төрт ұлы болған: Омар, Мұртаза, Шаһмардан (Шәке), кенжесі – Шаһкәрім (Шәкәрім).

Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туған балаларының бірі – Абай. Сөйтіп Құдайберді Абайдың ағасы болады. Құдайбердінің баласы Шәкәрім – Абайдың немере баласы.

Абай сынды тұлғаны тәрбиелеген Құнанбай бидің ақылымен сусындап өскен Шәкәрім қазақтың ертеңгі атар таңы үшін жарық жұлдыз болып жарқырап шыға келді, сан мыңдаған ғасыр бойы күшпен жеңе алмаған қазақты құртудың жаңа жолын ойлап тапқан жаулары ел ішіндегі саяси сауаты бар, жауды желкесінен қарап танып отырған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды жоюдан бастады. ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілі Кашириннің берген мәлімдемесі осыған айғақ.

Шәкәрімнің өлімі туралы ешбір оқулықта нақты дерек берілмеген. Дидахмет Әшімхан басшылығымен құрастырылған «Бес арыс» жинағында ғана айтылып өткен. Ал мерзімді басылым беттерінде ақын өлімі туралы біршама мақалалар жарық көрген. «Ақынның ақырғы күзі», «Дос болып, қас болғаннан сақта, Құдай!», «Ақсиырдың көтерілісі және Шәкәрім өлімі туралы» және т. б. газет беттеріндегі мақалаларға жүгінсек, Шәкәрімнің өліміне Абзал Қарасартовтың тікелей қатысы бар екені айтылады. Барлық басылым беттерінде А.Қарасартов Шәкәрім Құдайбердіұлымен өтірік дос болып, оны революционерлерге қарсы қоюға пайдаланбақшы болғандығы жайында (оперативниктердің тілінде «жалған ішке тарту» деп аталатын жымысқы әрекет), ол амалы іске аспағаннан кейін, оның (Шәкәрімнің) көзін құртудың жолын қарастырғаны жөнінде де мәліметтер бар.

Жұртшылыққа белгілі 1931 жылы қыркүйек айында бұрынғы Шыңғыстау, Абыралы, Шұбартау аудандарында «Ақсиырдың көтерілісі» деген ұжымдастыруға қарсы баскөтерулер болды. Абыралы ауданындағы көтеріліске Қамбар-Қараысқақ, Шыңғыс­таудағы көтеріліске Әзімбайдың Бердеші, атақты Оразбай немерелері Мауқұл, Сәнияз, Құлық Тастамбеттің Жылқайдары, Шұбартауда Таңшолпан, тағы басқалар ұйытқы болды. Сол атқамінерлердің қайсыбіреулері Шәкәрімге өтініш айтып, көтерілісті басқару жөнінде қолқа салып көрді. Бұл кезде Шәкәрім аласапыран дүние ісінен іргесін аулақ салып, өз қыстауында жападан-жалғыз өмір кешіп жатқан еді. Халыққа «Мұтылған» деген лақап атпен танылған ол мұндай ұсынысты қабылдамайды. Өміртай Смағұловтың естелігіндегі Шәкәрімнің Елтай Ерназаровқа: «Ел қырылып жалғыз мен қалғанда кімге опа боламын» деп айтқан сөзі осы жауабын растайды. Енді қазақ тарихындағы алтын беттерінде жарқырап тұрған жарық жұлдыз, темірқазық болып қадалған Шәкәрім бабамыздың өліміне тоқталсақ.

1931 жылдың тамызында Шыңғыстау ауданына ГПУ бөлімшесі бастығының қызметіне чекист Абзал Қарасартов жіберілген болатын. Ол, шамасы, батыл да іскер қызметкер болған болуы керек. Өйткені оның органдағы қызмет стажы бар болғаны тоғыз ай көлемінде ғана еді. Әрине, чекистер Шәкәрімнің атын, беделін, абыройын өз мүддесі үшін пайдаланғысы келді: халықты өкіметке қарсы шықпауға, көтерілісшілердің қаруларын тас­тап, ГПУ органдарына берілуіне үгіттейтін, сөзін өткізе алатын Шәкәрім чекистерге керек еді. Мәселен, Айтмырза Түңлікбаев деген ОГПУ бұрынғы қызметкері 1958 жылы 10 қаңтарда берген жауабында: «…Бұдан бұрын мен атап өткен кездесулерде Қарасартов Шәкәрімге оның қазақтар арасындағы өз абырой-беделін пайдалана отырып, тұрғындарға бандылар көтерілісін басу жөнінде үгіт жұмысын жүргізуі керегін қайта-қайта айтып жүрді. Шәкәрім бұл турасында көтерілісшілерге айтқанын, алайда олардың мұның сөзін тыңдамайтынын дәлелдеп бақты. Шәкәрімнің «Өз ұлым Зиятқа да сөзім өтетін емес…» деп айтқаны әлі есімде» деген еді. Сөйтіп, күн артынан күн өткен сайын халық арасында көтерілістің басшысы Шәкәрім деген қауесет тарай бастайды (бұл қауесетті көтерілісшілер таратса керек). Міне, нақ осы тұста Шәкәрім өте қауіпті адам саналды. Бұл әсіресе көтерілістің шын мәніндегі басшыларына, шығар жол таппай, тығырыққа тірелген адамдарға да тиімді еді. Қалай болғанда да, осы кезде Қарасартов Шәкәрімді өлтіру туралы шешім қабылдайды және де жай ғана көзін жою емес, «Шәкәрім қолына қару алып, кеңес өкіметіне қарсы күресті» деген айқын, көп дәлелі бар жағдайда ғана өз шешімін жүзеге асыруға ниет етті. Тікелей оқиға желісіне келсек, 1931 жылы қазанда аудан бойынша көтерілісшілерді жою үшін 70-80 адамнан тұратын ІІМ қызметкерлерінен құралған отрядтар тобы шыққан болатын. Осы отрядтың А.Қарасартов басқарған 10-15 адамы Шың­ғыстау аймағына бөлінген еді. Қарасартов отряды Керегетас (Қарақойтас) дейтін жерге келеді. Таң ата бұлыңғыр тұман еді, сіркіреген жауын жауып тұрды. Осы кезде қарсы беттен бір топ атты адамның қарасы көрінді. Сол топтың арасынан бір аттылы бөлініп шығып Қарасартов отрядына таяғанда, Халитов (ұлты башқұрт не татар, Қарасартовтың орынбасары) бесатарымен атып жіберді. Бірінші оқтан жараланған Шәкәрім екінші оқтан қаза табады.

Қарасартов отрядының алдынан шыққан бір топ аттының арасында Шәкәрім атамыз не істеп жүр деген сауал кез келген адамда болатыны сөзсіз. Енді осы жайында айтып көрсек. Соғыс ардагері Қабден Есенғалиев­тің естелігі бойынша Мәскен (Мәскеннің әкесі Ығылымбай – Шәкәрімнің жанашыр досы) Керегетасқа не үшін және қалай барғанын былай баяндайды:

«…1931 жылы 1 қазан күні Шәкәрімнің Шақпақтағы қорасынан төрт адам Керегетасқа беттеп шығады. Олар: Шәкәрім, оның кенже баласы Зият, Ығылымбай және Идаят. Шәкәрім осы сапарға жүрер алдында достарына мынаны айтады: «Мен көп ойландым, барар жер, басар тау қалмапты, тіпті өлер сағатымның таянғанын да байқамай келіппін. Ендігі ақырғы ойым Әзімбайдың Бердеші, Керей, Таңшолпан, Жабағытайларға еріп Қытайға өтпекші көрінеді. Соларға Зият­ты апарып қосамын. Ондағы ойым – менің өлімімді ол, оның өлімін мен көрмейін дегенім. Ал, Ығылымбай, Идаят, менің аруағым сендерге риза, қош болыңдар. Туыстарға, бауырластарға менен сәлем айтыңдар» дейді. Бұл Шәкәрімнің Шақпақтағы қорасынан Керегетасқа аттанар алдындағы сөзі екен». Ал Керегетаста оларды Әзімбайдың Бердеші күтіп отырған еді. Кешкісін Керегетаста жатқан Бердештің қашқындарына келіп қосылады. Ас ішіп, бәрі ұйқыға кетеді. Енді осы оқиға желісіндегі деректерге кезек берсек. Бердеш: «…Таң мезгілі. Күн бұлыңғыр болатын. Шәкәрім аға бұл жолы өзінің Абай сыйлаған маузерімен шыққан-ды. Бір жазықта аттылы түйелі адамдардың шоғыры мұнартып көрінді. Солай қарай беттей бергенімізде, неше мәрте атылған оқтан секем алдық та, іркіліп қалдық. Шәкең: «Тегінде бұлар әнеугі бандыны қуып жүрген отряд шығар, мен соларға жолығып жөнімізді білгізейін, сендер осы арада аялдай тұрыңдар» деді де, жүріп кетті. Барған бетінде екі дүркін мылтық атылды. Бүліншіліктің барлық пәлесін біздің тұқымға телігісі келеді дегенді де естуші едік. Шәкеңді атып өлтіргенін бірден сездік. Бұлар кім болғанда да оны өлтірген соң, бізді, сірә да, аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік». Қарасартов отрядында болған Түңлікбаев естелігі бойынша оқиға былай өрбіген: «Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбық қырау басқан боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып көрінген бір топ аттылардың бізге қарай беттегенін көрген. Осы хабар құлағына тиісімен оларды банды деп ойлаған Қарасартов бізге бірден-ақ «атыңдар!» деп бұйыр­ды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң, аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтан біреу үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге қарай беттеді және де қайта-қайта қолын көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей белгі берді. Жақындағанда, Шәкәрім екенін бәріміз таныдық. Бірақ «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң, башқұрт Халитов оны бір емес, екі дүркін атты. Шәкәрім атының жалын құша беріп жерге құлап түсті. Аты да оңбай жарақаттанды. Шәкең бізге де бірдеңе деуге шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымыз біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Бұл кезде Шәкәрімнің серіктері зым-зия жоқ болып кетті. …Сол уақыт ішінде өзінің қорқытып жаз­дырған бәріне «Шәкәрім бандыны ұйымдас­тырушы болды» дегізіп үлгерген. Гауптвахтадан шыққаннан кейін мен де сол сарында жазуға мәжбүр болдым. Ал Халитовты басқа жаққа шығарып жіберді». Қарасартов барынша бұл оқиғада Шәкәрімді кінәлі етіп көрсеткісі келген. Белгіленген жерге чекис­тер Шәкәрімнің көпке белгілі винчес­тер винтовкасын тастайды, атып өлтірілген Шәкәрімнің астындағы жығылған қоңыр төбел атын осының алдында ғана ­көтері­лісшілердің қолынан қаза тапқан Жұмысшы-шаруа инспекциясы тексеру комиссиясының төрағасы Шалабаев Олжабайдың торы атына алмас­тырады. Осы оқиғаға тікелей қатысты ­З.Оспанов «…Байлардың арасында шоқтығы биік Шәкәрім көтерілісшілердің Қарауылға қарай баруына ­батасын беріпті деген сөз тарады… Осыған байланысты біз Шәкәрімді іздестіре бастадық… винчестер винтовкасын көрдім. Винтовка көзіме түскенде, мен соншалықты таңғалдым. Өйткені мен Абыралы ауданындағы Тайлақ ауылына облыстық ГПУ басқармасының бастығы Бак жолдасқа пакет апарған едім. Бак сол жерде іссапарда жүрген болатын… Сонда ОГПУ қызметкері Юрьев осы винтовканы берген еді… Іссапардан келісімен мен винтовканы ГПУ-дің Шыңғыстау бөлімшесіне тапсырдым». Міне, винтовка жайы осылай болса, Бердештің естелігі бойынша «Шәкәрімнің астында өзінің қоңыр төбел аты болатын» (жараланған Шәкәрімнің жанынан Олжабай Шалабаевтың торы жорғасының өлігі табылған еді).

Жау қолынан қапыда қаза тауып, жер қойнына қасіретпен кеткен Шәкәрім қалдырған асыл мұралар қанша ғасыр өтсе де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Ғұламаның «Ажалсыз әскер» атты сыр сөзінде айтылғандай, оның өлеңдері мен сөздері – мәңгілік өмірінің кепілі. Тек дананың сөздерін оқып-үйреніп, ғибратын ғұмырымызға серік ету арқылы Шәкәрім мен ол қалдырған ар ілімінің жолын жалғастыра беретініміз ақиқат.

Диас БИСЕНҒАЛИЕВ, тарихшы, өлкетанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button