Басты ақпаратРухани жаңғыру

Шортанбай шері

Бұл мақаланың авторы профессор Қанипаш Мәдібай – Шортанбай жырау шығармашылығын талдамақ түгіл атын айтқызбайтын замандардың сәл жылымық тартқан шағында тұңғыш рет диссертациялық еңбек жазып, оны қорғаған ғалым. Зар заман ақынының зарын жеткізіп, ғылыми айналымға алғаш енгізген ғалымның өзіндік ойы да ерекше. Алдағы сенбіде Қарағанды облысы Шет ауданында аталып өтетін Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында ғалымның зерттеуін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы шаруашылық, қоғамдық, саяси жағдайлардың Ресейдің қолтығындағы отар елдерге нендей ықпалы болғандығын, оның әдеби мұрадағы таңбасын күні кеше ғана саяси тұтқыннан, түрмеден шыққан Мұхтар Әуезов мейлінше тайсақтамай, сырғақтамай батырып-батырып айтып өткен.
«Бұрын бектің құлы, пұлы болған көп крестьян, жерден кетіп, өндіріс жұмыскері болған соң, өндіріс капиталы дәуірлей бастады. 60-70 жылдар деген кез Ресей өндіріс капиталының тайсақтап, құтыра, құлшына өскен кезі болады.
Сүйтіп тасы өрге домалап, дегені боп келе жатқан өндіріс капиталы қызылы толып, кемеліне келген сайын аранын аша береді.
Ресей ішінде өз керегіне жарайтын жұмыскер күші, шикі зат құрып, сауда жолын, ішкі майданын түгел бунап, уысына сыйдырып алған соң, енді оңды-солдан, жақын мен алыс­тан, базар, отар неше алуан шикізат дегендерді көксеп, аңсай бастайды. Сол ретте бұрынғы Ресейдің шалаштары боп тұрған Сібір, Қазақ өлкесі, Түркістан, тіпті арғы Қашқар, қала берсе жақын Қытай-маңғұл өлкесі бәр-бәрінде керегіне жаратпақ, көлеміне тартпақ болады. Осы жақтардың шикізатын, кенін, ен-байлығын ұдайы жемі есебінде үзбей алып тұруды талап етеді. Ол үшін бұрынғы бұл өлкелердегі саяси қоғамдық шаруашылық құрылысты сол қалпында қалдыруға болмайды. Бұлар да жаңағы өндіріс капиталының шарт талабына сәйкес келетін тәртіп орнатуға тиіс, Ресей патшалығына шала қарағандай болып, әлі баяғы феодалдық қалпын сақтап келе жатқан өлкелер болса, ерекше ескі құрылыстар болса, енді соларды құлату, күйрету керек».

Не құлатылды, қалай күйретілді? Қазірде бұл белгілі тарих болып көрінеді. Жалпы, жаппай жаулаған жойқын капитализмнің ендігі қазақ тұрмысына екпіні тимеген тұсы жоқ.
Түркістанның осы кезде Ресейге қаратылуы 1869 жылдың уақытша заңы, әкімшілік реформалардағы түппиғыл…
Мұхтар Әуезов, сөзге сыр сіңірудің ащан ұстасы, осында қазақ даласында әлгі түппиғылдарға зор тегеурінімен көлденең тұрған дін жайын бейтарап халді баяндағандай болғансып, негізінде айрықша мән беріп, тоқталып өтеді.
«Бұған қайшы келетін, ескілікке тартатын шығыстық қияс, қыңыр қарсылығы бар. Ол – ислам діні. Соның әсерімен алысып, мүмкін болса, қазақ өлкесі, қазақ елінен соның да тармағын жазу керек.
Аздап берілетін оқу-білім, орысша тәрбие – түптің түбінде көпшілік көшін осылай бұруға тиіс.
Міне, Ресей тарихының 60-70 жылдарда әкелген жаңалықтары осылар болатын».
Отар болып отырған өлкеде осыған орай туындаған жағдайлардың ел әдебиетіндегі соншалықты қапысыз, қанық суретін, зор таңбасын Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихында» (Қызылорда, 1997 жыл), «Зар заман ақындары» бөлімінде жеріне жеткізе айтты.
1933 жылы сәл орағыта, таптың әңгімесін қосақтап отырып, сонда да болса ел басына туған үмітсіздіктің, шарасыздықтың шындығын бүркемей, бұқпай жеткізуге тәуекел жасаған.
Мұхтар Әуезов сол тұстағы ел ішінің, әлеуметтік топтардың, дағдылы салттан заман ы­рқына бейімделу, көндіру беталыстарына егжей-тегжейлі саралау жасайды. Астары ауыр ақиқаттармен құрсауланған «су түбіне кеттің жұрттың» дүрбелең, дүбілген дүниедегі құлқы, қылығы, шері…
«Әдебиеттегі осы күйдің мысалын Мұрат, Шортанбайдан бір көрсек, Абай, Алтынсарыұлынан тағы көреміз. Бұлардың кейбірі ескіліктің көлеңкесінде қап, құр соны қимағандықты айтса, екінші біреулер әр алуан жолмен үйлесуді, құптауды мақұл көреді.
Далаға сауданың жайылып орнығуы, «сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ» ақша дейтін пұлдың төрге озуы, елдің құтын несие жұтқан саудагер заманның сұм пиғылы, қулық сауған құлқынан секем алған, тіксінген қара жұрт жапа-тармағай әлекке түсіп, жанталас әрекетке тартылған.

Сәбит мұқанов:
Шортанбайдың «көзінен мың қабат жас ағызған» не? Әрине, ол – патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы халықтың көтерілісі басылғаннан кейінгі басына түскен ауыртпалық зары

Мұхтар Әуезов жаңа заман көшіне ілеспеске амалы қалмаған қилы әлеуметтік топтардың жандалбасасын зор қоғамтанушылық өреде талқыға тартады.
Зерттеушілер дерегіне қарағанда кейінге сақталып жеткен 3000 жолдың о жақ, бұ жағындағы өлең-толғауларында Шортанбай ақын да сол өз заманын, ХІХ ғасырдың белгілі бір кезеңіндегі қазақ өмірін, берекесі қашқан отар елдің қалпын, ынтымағы ыдыраған ел адамының мінез-құлқын, тұтас тергеп, түгелімен, суретшілдікпен қалыптады.
1933 жылғы оқулыққа енген «Шортанбай шығармалары» атты тараушада Мұхтар Әуе­зов өзі 1927 жылы зар заман ақындарының айтулы өкілі есебінде тоқталған Шортанбай Қанайұлының әдебиет тарихындағы оқшау тұғырын және бір бұлтартпас негіздерінде орнықтырды.
Бір мәнде, 1927 жылғы «Зар заман» атау-ұғымы басқа бағытқа ойысқандай «алдамшы» әсер туғызып отырып, Шортанбайдың алабөтен, ықпалды шығармашылық бағытының айрықшалықтарын таңбалап, бөліп атайды.
«Шортанбай шығармалары ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында кеп шыққан бір ағынды көрсетеді. Тарихи, қоғамдық жағынан алғанда, бұл түрдегі әдебиет шығармалары ХІХ ғасырдың алғашқы жарымында болған үлгілерден басқаша боп, өзгеріп кетеді».
Ендігі «басқаша, ерекше сарын» қазақ жеріндегі отарлық езгіге қарсы бір ғасырға жуық жалғасқан ұлт-азаттық көтерілістердің жеңіліс тауып, батырлардан бас кеткен заман күйімен, қазақ жерден тұтас айрылып, «жаңа заңға» бағынған дәуірдің шері, ыза мен намыс буған наразылық сарыны болатын.
Айта жүрер сөз болсын,
Дағдарған сорлы халқыма,
Мың қабат бетім жуылған,
Көзден аққан жасыма, – дейді бір толғауында Шортанбай ақын.
Бұл жөнде Сәбит Мұқанов:
«Шортанбайдың «көзінен мың қабат жас ағызған» не? Әрине, ол – патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы халықтың көтерілісі басылғаннан кейінгі басына түскен ауыртпалық зары.
1783 жылдан басталған қазақ халқының көтерілісі, 1850 жылдары, уақытша мылтық күшімен басылды десек, содан кейінгі жылдардағы халық басына түскен қиыншылықты Шортанбай өзі өлгенше шын ықыласын сала, бойдағы бар ақындық талантын жұмсай, халық қайғысын халықпен бірдей қайғыра, халықпен бірдей жылай өтті. Сол кездегі қазақ тұрмысынан Шортанбайдың жыры шолмаған ешбір сала жоқ».
Сәбит Мұқанов Шортанбай жырларына Мұхтар Әуе­зов пікірімен үндес, «Қазақ әдебие­тіндегі жаңа дәуір» деп баға берді.
Шортанбай көпке жайылып бара жатқан құлық, кесапат мінездерді дәл Бальзакша мізбақпай «тіркеуден өткізеді». Ұлтына қорған болар амал таппағанда ауытқып бара жатқан елдік пен кісілікке атам заманнан ізгілік тірегі болып игілік жайған діннен дауа іздейді.
Әуезовше айтсақ, «Сол үстегі халге ырза болмай, алдыңғыдан ерте бастан түңіліп, шошып, артына қарай шегіне күңіренгенде, олардың аузынан шыққан сөздің бәрі «зар» боп, мұң, уайым, заман уайымы боп шығады. Уақытындағы көп зардың, көп дерттің бірі боп дін жайы да араласады. Дін әлсірейді деген уайымды шығарып, үй іші тұрмыстың бұрынғы феодалдық, рушылдық заманындағы қалпы өзгеріп бара жатқанын зар етеді».
Шортанбай ақынның өз тұсындағы әдебиет бағытын айқындай түсетін «Тар заман», «Бала зар», «Опасыз жалған», «Осынша азды ел неден», «Байды құдай атқаны» сынды толғаулары аумағында шығармашылық даралық сипаттарына зер салған Әуезов, Шортанбайдағы дін жайын түгесіп, түп-төркінен тарқатып өтеді.
Іргелі елдің, елдіктің ежелгі исламдық иланымына, мұсылмандық ұстанымдарына қауіп төнген…
Мұхтар Әуезов шет жағалатып отырып ХІХ ғасырдағы Ресей патша үкіметі тарабынан жүргізілген миссионерлік мүддеге қарсылық – мақсатты түрде кең жайылған мұсылмандық ағарушылықтың мән-жайын ілгерілете түгендеп, тауыса талқылайды.
Көпшілікке ұғымдылық, даралық айрықшалығы бұрынғы Бұқар жыраумен салыстыр­ғанда «көзге ұрып» тұрған Шортанбай туындыларының түптірегі дін екендігін, бұлай болуының себебін Әуезов құбылысты тұтас танып-меңзеген көреген, сезімтал білгірлікпен айтты.
«Қазақ әдебиетінде дін сарынын алғаш бастайтын ақын осы Шортанбай болса, бұл өзі мұсылманшылықты исламның дін кітаптарынан алған адам болады. Ең алғаш жазып жырлаған, оқыған ақын да осы болуға лайық. Бірақ соның кітап жолындағы ұстазы, үлгісі – Орта Азия мен иран, араб сопылары.
Орта Азия топырағында ХІІ-ХІІІ ғасырларда жарыққа шығып кейінге көп ғасырларға желісін тартып келген «тас жауып» сарыны қазақ әдебиетінде Шортанбайды өз мүриті қып алған сияқты. Әрине, бұның себебі құр ғана еліктеу емес. Бір кезде «сопылық» ақындығын туғызып өрістетіп келген Орта Азиядағы шаруа­шылық, қоғамдық, тарихи жағдай – Шортанбай тұсында қазақ топырағында да, өзіне лайықты жағдай тапқан болу керек».
Шортанбайдың «зар-замандарының» көп үлгі, көп сарыны, көп құбыжық белгілері Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметіне» ұқсайтынына зер салуында Әуезовтің ненің жайын да түгендеп, айғақтап, көп жұмбақтан сыр аңдатып отыратын айтқыштығы дін тарихына жетіктігімен де айрықшаланады.
ХІІ ғасырдың 30-40 жылдарындағы, Қарахан мемлекеті ыдырағаннан кейінгі Мауараннахрдағы тарихи жағдай тұрғысында екі жақты езгіде қалған халық тұрмысына, Ясауи жасаған дәуірге меңзеп сөйлейді». Шортанбайдың әдебиет тарихындағы озық шығармашылық бағытын ілгеріде зар заманның жайында кең шолып қараған Әуезов 1933 жылы да айтқанынан қайтпағанын, қайтпайтынын, қайта алмайтынын «сездіріп» алады. Шортанбай ақындығының реалистік, әлеуметтік беталысын дін күйімен қабыстырмай сөйлемеу мүмкін емес.
1959 жылғы әдеби мұра тағдыры тағы бір талқыға түскен айтулы конференцияда Шортанбайға ғана тиесілі болғандай бұлтартпай телініп, шошына түскен болып басым айтылған дін әңгімесі осы, 1933 жылғы оқулықтағы ұстанымдарға қарайлап айтылған, ішінде «бүкпесі» бар сыр екендігі анық.
Діннің бар «пәлесін» Шортанбайға ысырып тастау бір қарағанда асыл өзегі – исламдық құндылықтарға байланған әдеби ұлы мұра – ұлт қорғанының түп мүддесінде топалаң, тобыр заманның аузын алу.
Шортанбай ақын дінге қатысты осы «жаланы», жапаны тұтас көтеріп алуға, «құрбандыққа шалынуға» қақылы да, лайықты да болатын.
Қазаққа, ХІХ ғасырда дін жолында да зор қауіп төнгенде Шортанбай исламның орнығу, таралу тарихында аты қалған озық дін қайраткерлерінің күрес өнегесінде қызу қуатпен рухани майданға түсті. Хақтың жолын, Алла сүйіп жаратқан Адамның мәртебесін толғады. Қорғады.
ХІХ ғасырдың өмір фактісінде, тарихи жағдайында дін жолындағы күрестің озық өнегесін қалыптастырды. Мұсылмандық ағартушылықтың ұзақ, арналы тарихындағы белгілі бір дәуірдің озат, тегеурінді өкілі мәнінде жасап, танылды.
Мұхтар Әуезов Шортанбай толғауларындағы замана орайындағы түбегейлі беталыс, тастүйін дін сөзін үгіт ету айрықшалықтарын ақынның көпке ұғынықты тілмен сөйлеу мақсұтымен айқындайды. «Көптің» ұғынықты тілі – ғасырлар көшіндегі рухани қорғаны, мұсылманшылықтың игіліктерін сіңірген тілі.
Шортанбайтануда, жалпы қазақ әдебиетінің тарихындағы негізгі бағытында ислам өркениеті, ислам дінінің орнығу, таралу жолдары, соның ішінде Орта Азияға, Қазақстанға келуі туралы ислам тарихын зерттеуде нендей деректер бар деген мәселе өзекті.
Шортанбайтануда оң да, теріс те аталып отыратын «діншілдік» тұрғысында кенде қалған тұстар басым.
Темірхан Тебегенұлы ақынның жаңа бір мектептің басы болғанын айтқаны бар. Бұл жерде зар заман ағымы мәнінде емес, сөз Шортанбайдың мұсылмандық ағартушылықтың ықпалды өкілі болғандығы меңзелген.
«Иман – жанның жарығы» дейді Шортанбай ақын. Екінің бірі тәуекел ете алмайтын тоқтам.
Шортанбайдың діншілдігінде (М.Әуезов) ислам тарихы контекстінде нақтылы мәселелермен «шұқшия» қарайтын тұстар бар…
Шортанбай шығармаларындағы нақтылық, суреттілік, образдылық, бұзылмайтын, бұлжымайтын тарихи шежіре іспетті деректілік шортанбайтанудағы мол, қанық зерттеулерде аталып отырды.
Арқадан дәурен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң…
Кене Ханның дүркіреп өткен дәурені.
Кеше арбамен отын сатып жүрген жатжұрттық енді «Ағашты тауға үй салып», Қарқаралыда алшаңдайды…
Ақын толғауларындағы қоныстан үдере көшу қайғысы, атамекен шері, әдеби мұрадағы ежелгі сарын бағытында жоталана түседі.
Шортанбай жырындағы не жақсы, не жаманның жайы – жалпы ел мінезі тұтас алынған деген пікірлермен қалың тіршілік суреттері қағаберісте қалып жүрді.
Шариғатта әйел адамның әдебіне қатысты айтылатын тоқтам, тыйымдарды Шортанбай ақын жаны шырылдап көлденең тосады. Ұрпақтың харам тууынан, зина қылудан, ұлтының ұятын бұзудан сақтандырады.
Қазақтың, әсіре сауықшылдық, сайранпаздығын «бетімен кетуге бастайтын теріс ықпалы бар» деп Шортанбай жақтырмайды.
Қыз, жігітте әдеп жоқ,
Үшбу күнде халықтың
Домбыра болар шерткені.
Зина болар қылғаны
Деген екен бұрынғы…
Тұтас бір дәуірдің өмір дағдысын, әлеуметтік күйін, гео­саяси қасіретіне Шортанбай түгел қамтып, ашынып ұдайы ауытқымай жырлады.
Алдыңызда Қоқан бар,
Орыстан жаман тым-ақ жау.
«Қазаққа атар таң бар ма?», «Қазақтың ұлы қамалды» деп қажыды. «Шындық кетті қазақтан» деп шамырқанды.
Ақынның әр өлеңі – оқиға. Әр өлеңі – әрекет, қимыл. Әр өлеңі – образ. Сурет. Билік деп жанығып, бірін-бірі аңдып жағаласқан, шағым жазып жүгіріскен, тыным таппай дүбілген қауым. «Шолақ иттей діңкілдеп, бір-біріне жетем деп аласұрады».
Ақын толғаулары сюжетке құрылып отырады. «Алдау­шы жалған» бұзылған, жасы бар, үлкені бар, шіл боғындай тозған» жұрттың толық бейнесі.
«Бала зары» толғауында Алла берген ғұмырды адал сүрудің парыздары баса айтылады. Иман, тәуба, зекет, момын, сараңдық, харам, құдірет, сабыр, намаз, ғайбат айтпау, «құдайдан қорыққан мұсылман – қарауыл қояр сөзіне», қасиет, ғаділдік, мейірім, мінезге бағым аталып отырады.
Жақсы жар тауып үй болу, ақ жаулықпен көркейер өмір – жұртына атар бір өнеге сөзі.
Дін, шариғат жөнімен насихат айту – ақынның кісілік парызы. Мекке жүзін көрмегендігін бірнеше мәрте өкініш етеді. Өлер алдындағы арыздасу сөзінде қазақтың көп жақсысын атайды. Шортанбай өз толғауларында дәстүрлі, дайын қолданыстарға, жаттаған сөзді қосып жіберуге епті емес. «Алланың берген ақ дәмі», «Өлгеніңше дін сақта», «Арқаның алпыс тарау бойын өрлеп» сынды өз айтқыштығы басым.
Шортанбай туындыларында заманында болған жайларды дөп, дәл айту, тарихтың ізін тастап кетіп сөйлеу ақын-жыр­шыға міндет болып саналатын авторлық ауызша әдебиет дәстүріне берік. Ештеңені қалдырмайды.
«Ақжолтай Ағыбай батыр», «Қаракесек» дастандарында төселген жазба әдебиеттің нақыштары басым. Баяндауға сурет қосып, әрекет қосып, әсерін күшейтіп отырады. Ағыбай батыр туралы дастанда ақындықта шеберлік бәйгесіндей орныққан аттың сынын («шапқанда құс секілді көрінеді») жырлаудағы өнер бәсекесінде шын жүйріктің бірі болғандығы танылады.
Шортанбай Қанайұлы шығармалары – игілігі мол рухани мұра. Ортаймас сөз қазынасы. Әдебиет тарихындағы елеулі белес.

 

Қанипаш МӘДІБАЙ,
І.Жансүгіров атындағы
Жетісу мемлекеттік
университетінің
профессоры, филология
ғылымдарының докторы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button