Басты ақпарат

Шырша шамы жағылды

Астанада жылдағы дәстүрмен бас шыршаның шамы жағылды. ЭКСПО аумағында өткен шараға елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қатысып, жиналған жұртшылықты келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Шырша шамдарын жағудың биылғы басты ерекшелігі қала бойынша орнатылған 12 шыршаның шамы бір мезгілде жағылды. Ал бас шырша биыл да ЭКСПО кешенінің аумағына орналастырылды. Оның биіктігі – 25 метр. Жаңа жылдың бас символын безендіру үшін 200-ден аса қар ұшқыны, 1200 түрлі-түсті шар мен 4000 метр гирлянд жылтырағы жұмсалды. Шырша шамдарын жағу салтанаты барысында отандық өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Ал түрлі кейіпкерлердің киіміндегі әртістер балалардың көңілін көтерді.
Бұған қоса жылдағы дәстүр бойынша сырғанақтар мен мұз қалашықтар да есігін айқара ашты. Олар «Хан Шатыр», әкімдіктің алдындағы қалалық алаңда және Ботаникалық саябақ аумағында орналасқан. Мұнда келген жұрт ертегілер әлеміне еніп кеткендей күйде қалары анық. Сондай-ақ, #AstanaWinterland хештегі де іске қосылды. Әлеуметтік желілерде дәл осы хэштегпен жарияланған фотолар Астананың қысқы көрінісінен сыр шертуге септігін тигізбек.
Айтпақшы, биыл қыс мезгілінде бас-аяғы 400 іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында спорт жарыстары, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, мәнерлеп сырғанаудан шеберлік сыныптары, көңілді старттар, «пимамен хоккей ойнау», жаңажылдық ертеңгіліктер, «Шырша фест» фестивалі және басқа да қызықты шаралар ұйымдастырылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button