Мәдениет

СОПРАНО САНДУFАШЫ

Анна Нетребко

Сол күні журналистер мерекелік концерттен бұрын жиналған болатын. Есіктен еніп, ентігімізді басқан кезде алакөлеңке болып тұрған вестибюльдің басты шамы жанғанда, айнала самаладай жарқырап сала берді.

«Астана Операның» салтанатты тө­рінде үлкен қарбалас. Әлемнің аты озған опера театрлары өз қойылымдарындағы басты партияны орындауға аттай қалап алатын белгілі сопрано, классикалық музыка әлемінің танымал әншісі Анна Нетребко концерт алдында репетиция жасап жатыр. Апырай, әлемдік сыншы­ларды қайран қалдырып, даусының саф тазалығына, күш-қуаты мен ерекше әуе­зіне қоса, сахнадағы кербездігіне қарап, «ән айтатын Одри Хёпберн» атанған әнші қайда деп төңірекке көз салдық. Тізесінен келетін кең көйлек киген, бұрымын желкесіне буып қойған Анна оркестрдің сазына құлақ түріп, арасында «мені де тыңда» дегендей көмейден шыққан күміс әнін төгіп жіберіп, алысқа шабатын жүйріктей атқақтап тұрғандай әсер қалдырды. Кеудеде толқыған сезімді шығарғысы келгендей әнші екі қолын әсем тербеп, бүкіл жан-тәнімен ән салып тұр­ғандай. Құлағымыздан еніп, бо­йы­мызды шымырлатқан әуен алысқа жете­лейді, көзіміз – Аннада. Осыншама құ­ді­рет талдырмаш жанның бойында қалай жиналған? Әншіге қос қанат біт­кендей сахна төрінде қалықтап, қайта қон­ғандай. Кенет әдемі әуен кілт үзіліп, Анна даярлығын аяқтап, асығыс басып сахна сыртына бет алды. Тәтті елестен айырылып қалған біздерге бұрылып бір қарады. Ізінен еріксіз ердік.

Анна көп күттірген жоқ. Зерлі көйлегін киіп, шашын әдемілеп түйіп журналис­термен кездесуге қайта шықты. Концерт басталуына аз ғана уақыт қалды. Осындайда көп сауал қоя саласың ба?! Дегенмен, Аннаның Астанаға алғашқы сапарынан алған әсерін біліп алдық. Керемет! Ал «Астана Опера» ғимаратының салтанаты, үздік акустикасы әншіні таң қалдырыпты. Жайдары мінезді астана­лықтарға, театрдың құрақ ұшқан қызмет­керлеріне алғысы ерекше екен. Анна­дан Пласидо Доминго, Дмитрий Хворос­тов­скиймен бірге және жеке берген кон­церттері жайлы, өзі тұрақты қонағы болып табылатын Зальцбург өнер фестивалі туралы, немістің «Дойче граммофон» студиясында жазған соңғы альбомы мен әлемнің бірнеше еліндегі хит-парадтардың шыңына шығарған классикалық музыка альбомдары туралы білгіміз келді…

Сонымен, соңғы қоңырау соғылып, Астана күні құрметіне арналған әлем жұлдыздарының гала-концерті басталып та кетті.

Бұл күн жұлдыздар жауған күн болды. Концерттің алғашқы бөлімде Анна Нетребко мен тенор Ахмед Агади кезекпе-кезек өнер көрсетіп, белгілі опералардан ария орындады. Келесі бөлімде Франция әдебиеті мен өнері орденінің иегері Вадим Репин ХҮІІІ-ХХІ ғасырларда скрипкаға арналып жазылған шығармаларды орындады. Айта кететіні, мықтылардың ең мық­тысына көрсетілетін құрмет Вадим Репинге көрсетілген екен. Ол 1736 жылы жасалған Гварнери дель Джезудің «Lafont» скрипкасында ойнау құрметіне ие болған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button