Денсаулық

Суықтан сақтану керек

«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрады» дейді адам бір жері ауырғанда. Экологиялық себептерге байланысты соңғы жылдары құлақ және тыныс алу жолдарының ауруы артқанын дәрігерлер растап отыр. Сондай-ақ күн суытқанда адам ағзасында D дәрумені қорының азаюына байланысты түрлі ауру күшейеді. Медицинада «оториноларинголог» атты құлақ және мұрын, тамақ ауруын емдейтін дәрігер маманы бар. Астанадағы №1 көпбейінді қалалық ауруханасының оториноларинголог-дәрігері Айнаш ХИСАМИТОВАҒА бірнеше сауал қойған едік.

– Сіздерге келетін науқас­тардың басым бөлігі қай жас аралығындағы адамдар? Қазақстандық медицинаның осы саладағы жетістіктері қандай? Өзіңіз жас болғаныңызбен, өте тәжірибелі маман ретінде зор құрметке иесіз. Бұл ұстаздарыңыз­дың арқасы ма, әлде жеке ізденістердің нәтижесі ме? Құлақ-мұрын, тамақ ауруын емдеудегі жаңа әдістер туралы айтсаңыз.

– №1 қалалық аурухананың ЛОР орталығы – Қазақстан бойынша ірі, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін орталықтың бірі. Орталықты профессор, жоғары санаттағы дәрігер Гүлмира Мұхамадиева басқарады. Орталық ЛОР аурулары бойынша 24 сағат/7 күн режимінде 18 жастан асқан ҚР азаматтарына, шетел азаматтарына шұғыл және жоспарлы көмек көрсетеді. ЛОР орталығы Астана медициналық университетінің академигі, профессор Р.Тулебаев басқаратын ЛОР кафедра­сымен тығыз байланыста кафедраның клиникалық базасы ретінде жұмыс істейді. Орталықта магистранттар, резиденттер, докторанттар тәжірибе алмасып, біліктілігін дамытады. Біздің орталықтың маман-дәрігерлері өз жұмысында заманауи медицинаның жетістіктерімен қоса, өздерінің көп жылдық тәжірибесіне, ғылыми жұмыстарына жүгінеді.

– Қазір күрделі оталар денеге пышақ тигізбей, эндовидеолық хирургия тәсілі бойынша жасалады. Мұндай оталардың тиімділігі туралы не айтар едіңіз?

– Орталықта эндовидеоскопиялық функционалды ринохирургия, отохирургия мен лазерлік отаның барлық түрі жасалады, яғни бұл бүкіл дүние жүзінде отоларингологияда қолданылатын «алтын стандарт» емдеу түріне жатады.

– Барлық аймақта, қалаларда медицина жақсы дамып келеді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру да өзекті мәселенің бірі. Оториноларингологтардың біліктілігін арттыру не береді деп ойлайсыз?

– Соңғы жылдары ЛОР орталық пен кафедра шетелдік медициналық университеттермен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, дәрігерлер білімін арттырып жатыр. Бұл кәсіби қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға, ғылыми ортаны ұйымдастыра отырып, біліктілікті арттырып, жаңалықтармен бөлісуге мүмкіндік береді. Бұл іс-шараларға, біздің орталық дәрігерлерінен басқа, медициналық мекемелерден келген дәрігерлер де келіп қатысып, білімін жетілдіру үстінде.

– Қазіргі кезде медициналық құралдардың жақсаруына байланысты есту жолдарына түрлі ота жасалады. Диагностика жүргізу жағынан да қиындық жоқ. Құралдардың жаңашылдығына қарай бүгінде науқастар дәрігермен бірге құлақтарының барабан пердесін бірге көре алады. Осыған алып қосарыңыз бар ма?

– Осының арқасында жаңа емдеу тәсілдері, отаның жаңа түрлері енгізіліп, халыққа көрсететін медициналық көмек спектрі кеңейіп жатыр (мысалы, ересектерге кохлеарлы имплантация, ортаңғы құлақтың гломусты түзілісі кезіндегі жоғары мамандандырылған ота және т. б.).

– Оториноларинголог-дәрігер ретінде тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Құлақ, мұрын ауруы кезінде ми ішілік және көз ішілік асқыну болуы мүмкін, сондықтан ауруға немқұрайды қарауға болмайды. Сол себепті аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда дәрігерге қаралып, уақытылы ем алған жөн. Егер есту нашарлай бастаса, әсіресе шу пайда болса, міндетті түрде тек ЛОР дәрігеріне ғана емес, сурдолог дәрігеріне де қаралу керек.

– Күн суытқан кезде ағзаға күн сәулесі жетпейді, сол себепті иммун жүйесін нығайтуға көмектесетін D дәруменінің қоры азаяды. Осылайша адамдар басқа уақытқа қарағанда суықта инфекцияны тез жұқтырады. Әсіресе осы кезде құлақ, мұрын, тамақ ауруы көбейеді. Иммунитетті көтерудің қандай жолдары бар?

– Профилактикалық шараларды қолданған жөн, суықтан сақтанып, жылы киініп, гигиена тәртібін толығымен орындау өте маңызды. Сондай-ақ инфекцияларға ағзаның төзімділігін арттыру үшін дұрыс, толыққанды дәрумендерге бай тамақтану, шынығу және уақытында дәрігерге қаралу қажет. Әрине, құлақ, мұрын, тамақ ауруы аса қауіпті ауру болмағанымен, адамның ең нәзік жері саналады. Ауру асқынып кетсе, уақытында дәрігерге қаралмаса, ота жасауға дейін барады. Ең басты назар аударатын нәрсе – иммунитет төмендеген кезде созылмалы науқастары бар балалар, қарттар әсіресе суық мезгілде аурудың алдын алуы қажет. Ауырсынудың алғашқы белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеуге болмайды, бірден дәрігер маманға – отоларингологқа көрінген дұрыс.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button