Жаңалықтар

Сыбайластық бар жерде, сапалы құрылыс жоқ

Елорда әкімдігінде құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне қатысты «дөңгелек үстел» өтті. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензия­лау департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға қаланың бірқатар басқармалары мен құрылыс және жобалау компанияларының өкілдері қатысты. 

Астана қаласы бойынша мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің директоры Қайрат Бисембаев құ­рылыс саласындағы сыбайлас жем­­қорлыққа жол бермес үшін мем­ле­кеттік қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жетілдіру қажет­тігіне назар аударды. Мәселен, жыл басынан бері елордалық қаржы полицейлері 64 жемқорлық қылмысты анықтаған. Заңбұзушылыққа жол берген Астана қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің 75 қыз­меткері және Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің екі маманы жұмыстан шығарылған. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілі Науан Жүнісовтің айтуынша, жыл басынан бері ішкі істер органдарының бірнеше қызметкері қылмыстық жауапқа тар­тылған. «Оның ішінде түрлі құ­ры­лым­дардың жетекшілері кездеседі. Мәселен, Астана қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі депар­таменті басшы­сының орынбасары Мейрамбеков, Шортанды қаласы Ішкі істер бөлімі бас­шысының орынбасары Бигахметов, Көліктегі ішкі істер департаменті тыл басшысының орынбасары Оспанов және Алматы және Сарыарқа аудандық Ішкі істер органдарының қызмет­керлері де бар» – дейді ол.
Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бо­йынша де­партаментінің басшысы Тілеген Қаскин Тәртіптік кеңес оты­рыстарында қаралған мәсе­ле­лерді атап өтті. Елбасының сыбай­лас жемқорлықпен ымырасыз күрес мәселесі жайлы тапсырмаларын орындауда аумақтық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жұмысына кеңінен тоқталды.
Соңғы алты айдың ішінде Тәртіптік кеңес өткізген төрт отырыста барлығы 15 іс қаралған екен. Кеңес отырысының қорытындысы бойын­ша тоғыз лауазымды тұлға жауап­кершілікке тартылған. Оның ішінде 5 қызметкерге қатаң сөгіс берілген. Бір адам қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алса, үш қызметкер атқаратын лауазымынан босатылған көрінеді.
Жиын соңында құрылыс компания­ларының өкілдері де өз ойларымен бөлісті. Сыбайлас жемқорлық бол­ған жерде сапалы құрылыс жүргі­зілмейтінін алға тартқан олар бұл мәселеге билік тарапынан қадағалау жұмыстарын барынша күшейту керектігін айтты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button