Руханият

Сыдық бата берген скрипкашы

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Арал Бегенұлы Байсақалов – Орталық музыка мектебінде және П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында кәсіби музыкалық білім алған алғашқы қазақ скрипкашысы.

[smartslider3 slider=2420]

Оның өнері жарты ғасырдан астам уақыт бойы тек республика аумағында ғана емес, шетелдік музыка әлемінде де құрметке бөленіп келе жатыр. Қазақ радиосы мен телевидениесінің «Алтын қорында» Арал Байсақаловтың орындауындағы батыс-еуропалық және қазақ скрипка классикасының 100-ден астам шығармалар жазбасының қалуы тегіннен-тегін емес. Өткен ғасырдың соңында «Мелодия» бүкілодақтық фирмасынан 6 грампластинка шығарды.

Республика композиторлары Арал Байсақаловты қазақ музыка мәдениетінің көркем құрылысын жетік танитын, орындайтын әуеннің стилін өте сезімталдықпен аша білетін скрипкашы ретінде мойындайды. Сыдық Мұхамеджанов оның жемісті шығармашылық еңбегіне алғыс ретінде оған оркестрде скрипкада ойналатын «Поэмасын» арнайды (1980 ж.).

Арада 34 жыл өткенде қазақстандық композитор Дмитрий Останькович скрипка мен фортепианоға арналған «Ильдико» пьесасын (2014 ж.) профессор Арал Байсақаловқа арнады.

ХХ ғасырдың соңғы ширегінде солист үш ірі шығарма жазды. Бұл – С.Мұхамеджановтың, Қ.Қожамияровтың скрипкаға арналған концерттері, Т.Қажығалиевтің флейтаға, скрипкаға және шекті оркестрге арналған концерті. М.Сағатовтың атақты «Күй» пьесасы мен С.Мұхамеджановтың «Поэмасын» скрипкашы Қазақстанның халық әртісі М.Серкебаевтың жетекшілігіндегі Қазақ радио және телевидение оркестрінің сүйемелдеуімен жазды.

Арал Бегенұлы Байсақалов 1947 жылы 14 наурызда Қостанай қаласында кәсіби журналистің отбасында дүниеге келген. Әкесі Қостанай, Семей және Жамбыл облыстық газеттерінің бас редакторы болған.

1954 жылы ол К.Байсейітова атындағы республикалық орта арнайы музыка мектебіне оқуға түсті.

1962 жылы К.Байсейітова атындағы республикалық орта арнайы музыка мектебінде Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының профессоры В.П.Бронин (КСРО халық әртісі Л.Коганның ассистенті, атақты скрипкашы Д.Ойстрахтың оқушысы) шеберлік сабағын өткізді. Сол кезде талантты шәкірттің өнеріне тәнті болған ұстаз оны Мәскеу консерваториясы жанындағы Орталық музыка мектебіне оқуға шақырады.

1971 жылы Мәскеу консерваториясын «Скрипка» кафедрасының меңгерушісі, КСРО халық әртісі, профессор Д.Цыгановтың жетекшілігімен сәтті тәмамдап шыққаннан кейін, А.Байсақалов Қазақстанға қайтып оралып, еңбек жолын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында солист ретінде бастайды.

Шебер пианист Владимир Карповпен және қарындасы Арита Байсақаловамен бірге Е.Брусиловскийдің скрипка мен фортепианоға арналған «Боз айғыр», А.Жұбановтың «Ария» мен Қ.Мусиннің «Прелюдия», Е.Рахмадиев­тің «Әуен» мен «Күз», Ғ.Жұбанованың «Поэма» және Қ.Қожамияровтың «Чинтомур» балетіндегі «Бесік жыры», тағы басқа шығармалар жазылды.

Сондай-ақ Қазақ радио және телевидениесінің М.Серкебаев басқаруындағы камералық оркестрмен бірлескен шығармашылық жұмыстары оның өміріндегі жарқын сәттердің біріне айналды.

ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Қазақстанның көптеген қалаларына отандық және шетелдік композиторларды насихаттап, ­гастрольдік сапармен барды. Қазақ мәдениетінің онкүндігі (1972 ж.) және Қаз КСР мәдениет күні аясында А.Байсақалов Қытайда, Иранда, Өзбекстанда, Татарстанда және Ресейде концерттік бағдарламамен сахнаға шықты. Әр жылдары ол танымал дирижерлер Ф.Мансұровпен, Г.Дугашев­пен, Р.Салаватовпен, Т.Мыңбаевпен, И.Островскиймен, М.Серкебаевпен, Т.Әбдірашевпен, Б.Мұсақожаевамен, А.Мұхитдиновпен, Е.Нұртазинмен және тағы басқаларымен бірге өнер көрсетті.

Арал Бегенұлы көп жылдар бойы педагогикалық қырын да шыңдай түсті. Ол жас өнерпаздарға скрипкада ойнаудың тәсілдерін алдымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, ал кейіннен Қазақ ұлттық өнер университетінде үйретіп келеді.

1983-1987 жылдар аралығында Арал Байсақалов Гавана жоғарғы өнер институтына (Куба) кеңесші профессор ретінде жұмысқа шақырылып, жарты жылдан кейін оқу орнының скрипка кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды.

1994 жылы Дамаск консерватория­сында (Сирия) кеңесші профессор болып жұмыс істеді. Сегіз жылдан кейін оны қайтадан осы елге шақырды. Бірақ бұл жолы Алеппо қаласындағы консерваторияға жоғарғы білікті маман ретінде қабылданды (2002-2005 жж.).

Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры А.Байсақалов талай рет түрлі конкурстарға қазылық жасады. Ол атақты Петр Мунтян (Германия), А.Мұсақожаева (Қазақстан) және Э.Грач (Ресей) сияқты музыканттармен бірге Халықаралық скрипкашылар конкурсына төрелік етті (Астана, 2010 ж.).

2017 жылы А.Байсақаловты ­«ЭКСПО-2017» көрмесіне орай өткізілген VII халықаралық скрипкашылыр конкурсының төрағасы етіп тағайындады.

Арал Бегенұлының ғылыми-әдіс­темелік қызметпен де белсенді айналысатыны таңғалдырады. Оның екі жұмысы – «С.Прокофьевтің скрипка концерті» (2008 ж.) оқу әдістемелігі мен «Қ.Мусиннің скрипка мен фортепианоға арналған сонатына әдістемелік-орындаушылық талдауы» мақаласы музыкалық оқу орындарында кеңінен қолданысқа енгізілді.

Дана ЖҰМАБЕКОВА, өнертану докторы,

Қазақ ұлттық өнер ­университетінің профессоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button