Басты ақпаратРуханият

Тәшенев тағдыры

Ұлы тұлғалардың тарихтағы рөлі қилы өлшемдермен анықталатыны белгілі. Біреулері ғылым мен техника саласында көз көріп, құлақ естімеген жаңалық ашуымен тарихқа енсе, екіншілері әдебиет пен өнердің үздік шығармаларын тудырумен атын мәңгілікке қалдырады. Ал саясат пен мемлекеттік билік саласында ұлыларға қойылатын талаптың, ұлылар қатарына кірудің өлшем-ұстанымы мүлде бөлек. Егер алдыңғылардың ұлылығы өзі өмір сүріп тұрған заманда ресми рәсімделусіз анықталып жатса, саясат пен мемлекеттік билік әлеміндегі ұлының ұлылығы әлденеше жылдар емес, ғасырлар өткеннен кейін мойындалуы, жемісін беруі мүмкін. Ұлт тарихы тағылымына сүйенер болсақ, ХХ ғасырдың алыптары Қаныш Сәтбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Шәкен Аймановтың, Мұрат Айтхожиннің, тағы басқалардың интеллектуалдық ерекше жаратылысы жаңалықтарымен, кітаптарымен олардың көзі тірісінде мойындалды. Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедов аласұрған ХХ ғасыр басындағы саяси үдерістердің нағыз серкесі екенін тарих дәлелдеді. Қазақстанға, қазақ халқына сіңірген зор еңбегі енді ғана бағаланған, сондай таутұлғалардың қатарында Жұмабек Тәшеневтің болуы – тарихи заңдылық.

Жұмабек Тәшенев кеңестік Қазақстан басшыларының шоғырында бар болғаны алты-ақ жыл жүрді. 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиу­мының төрағасы қызметіне тағайындалған ол 1961 жылы республика үкіметі басшылығынан босатылғанда 46 жаста ғана еді. Бірақ, сол 1955-1961 жылдар Қазақстанның ғана емес, әлем тарихында айрықша маңызды кезең болатын.

Біріншіден, тың игеру желеуі­мен қазақ ауылдарына ағылған славян ұлты өкілдерінің легі ай сайын артып, демографиялық ахуалды асқындырғаны, қазақ тіліне, мәдениетіне, баспасөзіне, оқу орындарына кереғар салмағын түсіргені көзге ұрып тұрды. Мұның арты ұлтсыздануға, тамырсыздануға ұласатынын қазақ оқығандары мен зиялылары ғана емес, дәстүрлі қоғам тәрбиесін көрген ауыл ақсақалдарына дейін сезінді. Билік басында жүрген Ж.Тәшенев ауылдан басталған мәңгүрттенудің зіл батпан салмағын көрмей қалған жоқ.

Екіншіден, «халық жаулары» ретінде айыпталып, 1937-1938 жылдары атылғандарды жаппай ақтау басталғаны тарихи әділдік салтанаты еді. Осындай саяси үрдіс социалистік идеяның пәрменділігін, тартымдылығын әлсіретіп қана қойған жоқ, оған сенімсіздікпен қарауға түрткі болды. Социализмнің бесігіндей көрінген Мәскеу, Кремль, тіпті барша Ресей жойдасыз зорлық-зомбылыққа барғаны әшкереленіп, көзіқарақты қазақ зиялыларына тарих тағылымынан бұрынғыдан өзгеше пайым-тұжырымдарға бару қажеттігін алға тартты.

Сол кезде арнайы комиссия­ны басқарған Ж.А.Тәшенев қазақтың белгілі ғалымдары мен мемлекет қайраткерлерін абақтыдан босаттырды. Олардың қатарында атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағамбет Исмаилов, Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Мұқамеджан Қаратаев, Седіл Талжанов т.б. болды. Әділетсіз сотталған азаматтардың ісін ақтауы, өз қамқорлығына алуы – Жұмабек Тәшеневтің ерлігінің тек бір ғана көрінісі.

Үшіншіден, ХХ ғасырдың 50-60 жылдары межесінде әйгілі азаматтар – Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сатпаевтың ең көрнекті марапаты Ленин сыйлығын иеленуі ұлттық сана-сезімді дүр сілкіндірді, ұлттық мақтаныштың өсуі мемлекеттік дербестік жайлы ойлауға жетеледі.

Міне, осындай тағдыр­анықтағыш сәтте Мәскеу билеушілерінің назарына іліккен, алғашқыда Н.С.Хрущевтің қолдауымен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы, Қазақстан министрлер кеңесінің төрағасы қызметтеріне жоғарылатылған Ж.Тәшенев социализмнің асқынған қайшылығын, азды-көпті жақсылығынан басқа орталықтың өктемдігі мен әділетсіздігін өз көзімен көре бастады. Әсіресе Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев­қа Кеңестер Одағының батыры атағын алып бере алмағаны жанына батты. Кеңестік биліктің екіжүзді табиғатынан жиіркенді.

Тәуелсіз еліміздің ақиқат тарихын, сол тәуелсіздік жолында күрескен аға ұрпақ өкілдерінің өмірі мен қызметін зерттеу – қазіргі таңда аса өзекті болып отырған мәселелердің бірі. Кез келген мемлекеттің рухани негізі – халықтық патриотизм. Болашағымыз өскелең ұрпақты ұлттық сана-сезім, патриотизм рухында тәрбие­леу туралы айтқанда, нақ осы мәселенің арқауы – халқымыздың талай сын сәттерде суырылып шыққан көсемдерін айтпау мүмкін емес

Ол жол айырығында тұрды. Екінің бірін таңдауға мәжбүр болды. Бірінші таңдау – озбыр тоталитарлық жүйенің ережесі мен талабына көзсіз бағыну, айтқанынан шықпау. Бұл жолды таңдауы мүмкін емес еді. Екінші таңдау – Мәскеу билеушілерінің көңіліне жаққансып, мемлекеттік қызметі мен мүмкіншілігін қолдан келгенше халқының игілігіне жарату. Үшінші таңдау – басын тәуекелге тігіп, Қазақстан мүддесі мен болашағы үшін орталықпен айқасқа түсу.

Билік басына келген адам бұл орынға не үшін келгенін, қоғам алдындағы, ұлт алдындағы жауап­кершілікті сезінуі тиіс. Бірақ, билікке мансап үшін келіп, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп жылы орында ұзақ отыруды мақсат ететін басшылар да кездеседі. Ондай басшысымақтар үшін жылы орын мен жайлы автокөлік басты көрсеткіш болып саналады. Олар өздерінің қара басының амандығы мен қойын-қонышын толтырудан басқаны ойламайды.

Тәуелсіз еліміздің ақиқат тарихын, сол тәуелсіздік жолында күрескен аға ұрпақ өкілдерінің өмірі мен қызметін зерттеу – қазіргі таңда аса өзекті болып отырған мәселелердің бірі. Кез келген мемлекеттің рухани негізі – халықтық патриотизм. Болашағымыз өскелең ұрпақты ұлттық сана-сезім, патриотизм рухында тәрбиелеу туралы айт­қанда нақ осы мәселенің арқауы – халқымыздың талай сын сәттерде суырылып шыққан көсемдерін айтпау мүмкін емес.

Қазақстанның өтпелі де күрделі кезеңіндегі мәселелерді шешуге арналған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің өмірі мен мемлекеттік қызметіне талдау жасап, баға беру, ел сүйіспеншілігіне бөленген мемлекеттік қайраткерді еңбегіне сай бағалап, халық санасында мәңгілікке қалдыру шаралары қолға алына бастады. Соңғы жылдары жекелеген тұлғалардың өмір жолындағы қасиетті де қасіретті қызметін арнайы зерттеу қолға алынды. Көптеген тарихи тұлғалар, асыл азаматтар тарихтағы өз бағаларын алып, бүгінде арамызға қайта оралғандай болды.

Бірақ ХХ ғасырдың 50-60-жылдар межесінде қазақ халқы үшін өлім мен өмір бетпе-бет келгендей күн туды. 1954-1960 жылдар аралығында алты жылда Қазақстанда Мәскеуден келген ұлты орыс төрт адам басшылық етті. Тың өлкесін құрап отырған солтүстіктегі бес облысты Ресей құрамына беру Кремльдегі талқылауға түсті. Соның алдында ғана Ж.Тәшеневтің келіспегеніне қарамастан оңтүстік өңірінің біраз жерін Өзбекстанға беріп жіберген Мәскеу билеушілері Қазақстан Конституциясын белден басқан болатын. Ел мен жер мүддесін жеке басының қарекетінен жоғары қоятын Жұмабек Тәшенев бұл жолы шарт кетті. Сол тұста оның жақсылығын, іскерлігін, қарымын, батылдығын көрген Нұрмолда Алдабергенов, Сағадат Нұрмағанбетов, Сағындық Кенжебаев, Серік Қирабаев, Аманолла Рамазанов сынды азаматтар бүгінде ұлт тарихынан лайықты орнын толық ала алмай отыр. Ал Тәшеневтің Қазақстан өнер қайраткерлері мен жазушыларға жасаған қамқорлығын осы күнге дейін біздің ұрпақ ауыз толтырып, тамсанып айтып жүр.

Мәскеу шенеуніктері ұлттық құндылықтар мен ұлт болмысынан мақұрым болғандықтан, Жұмабек Тәшенев ұлт мүддесіне байланысты мәселелердің бәріне атсалысып отырды. Сол жылдары ұлттың мүддесін қорғайды деген Совминдегі А.Закарин мен Орталық Комитеттің идеология хатшысы Н.Жандилдиндерден мақал-мәтелдерді қарша борататын Жұмекеңнің, қазақ өнері мен әдебиетін білу деңгейі әлдеқайда биік болған.

Осындай шала-жансар шенеуніктердің алдында Ж.Тәшеневтің моральдық құқығы жоғары тұрды. Тәшенев ұлт мүддесіне байланысты мәселелердің бәріне дерлік қолдау көрсетіп жүрді. Осы тұрғыда Жұмабек Ахметұлының басшылығымен 1958 жылы желтоқсанда өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін ерекше атап өтуге болады. Сол онкүндік нәтижесінде Жұмекең өзінің беделін салып бес бірдей әртісімізге Қалибек Қуанышбаев­қа, Ермек Серкебаев пен Роза Жамановаға, Шәкен Айманов пен Мұқан Төлебаевтарға КСРО Халық әртісі атағын алып беруге күш салды. Мұндай жағдай басқа Одақтас республикаларда өмірінде болмаған еді.

Ал енді Жұмабек Тәшеневтің Алматының қақ ортасында 121 пәтерлік жаңа үлгімен салынған үйді түгелімен өнер және мәдениет қайраткерлеріне бергізуі сол кездегі жағдайға байланысты феномен деу керек. Мұндай батыл шешімді өз ұлтының өнері мен мәдениетін ерекше бағалайтын және оған жаны ашитын ұлтжанды азамат қана жүзеге асыра алады. Жұмабек Тәшенев сондай азамат екеніне ешкім дау айта алмайды. Ал енді сол үйге ие болу бақытына қол жеткізгендер тізімімен танысатын болсақ, олар: Илияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайрус Исмайлова, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтар, Шара Жинеқұлова, Қапан Бадыров, Балғабек Қыдырбекұлы, ғалымдар Әбді Тұрсынбаев, Ә.Ермеков. Жұмекеңнің осы жақсылығын тек қана Кәукен Кенжетаев ағамыз ғана еске алып жазыпты. Қалғандары әлі үнсіз. Ж.Тәшеневті жұмыстан алу үшін шақырылған Орталық партия комитетінің пленумында сөз алған пысықайлар осы жайтты Жұмекеңнің бетіне басуға тырысты.

Осы тұрғыда Жұмабек Тәшенев туралы түсірілген «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген деректі фильмге назар аудармасқа болмайды. Республиканың өнер қайраткерлеріне Тәшенев бергізген үйдің ауласында сұхбат алған телефильм түсірушілер сол үйде тұратын өнер қайраткерлерінің 40-тан асып, 50-ге жеткен балаларынан бұл үйді кім бергізгенін сұрағанда, бәрі бірдей орысша: «Не знаем кто дал квартиру и о таком человеке Ташеневе слухом не слыхали» деп жауап берді. Қазіргі өмірдің парадоксы деген – осы. Сол пәтер алғандардың бірде бірі Тәшеневтің екі туып бір қалғаны емес. Олар – ұлтымыздың өнері мен әдебиетіне зор еңбек сіңірген қайраткерлер. Бірақ, есімдері бүкіл елге танымал азаматтар ұрпақтарына Тәшеневтің кім болғанын, басын тәуекелге тігіп, Қазақстан үшін қандай ерлік жасағанын айтуды қажет деп таппаған.

ХХ ғасырдың 50-60-жылдар межесінде қазақ халқы үшін өлім мен өмір бетпе-бет келгендей күн туды. Тың өлкесін құрап отыр­ған солтүстіктегі бес облысты Ресей құрамына беру Кремльдегі талқылауға түсті. Соның алдында ғана Ж.Тәшеневтің келіспегеніне қарамастан оңтүстік өңірінің біраз жерін Өзбекстанға беріп жіберген Мәскеу билеушілері Қазақстан Конституциясын белден басқан болатын. Ел мен жер мүддесін жеке басының қарекетінен жоғары қоятын Жұмабек Тәшенев бұл жолы шарт кетті. Сол тұста оның жақсылығын, іскерлігін, қарымын, батылдығын көрген Нұрмолда Алдабергенов, Сағадат Нұрмағанбетов, Сағындық Кенжебаев, Серік Қирабаев, Аманолла Рамазанов сынды азаматтар бүгінде ұлт тарихынан лайықты орнын тауып отыр.

«Қазақ әдебиеті» мен «Социа­листік Қазақстан» газеттерін аударма газетке айналдырудағы қарсы әрекеті, ұлттық рух, намыс пен ұлттық құндылықтарды не үшін қорғады? Алматының бас көшесі Абай даңғылын салдырып, оның басында ұлы ақын ескерткішін орнаттырғаны халық жадында мәңгілік сақталатын тәлім. Билік басында сол кездерде Жұмекеңнен басқа азаматтар да болды, неге олар ұлтқа төнген осындай сәтте үнсіз қала берді. Жоқ әлде олар Тәшеневке сен ғана ұлтымызға бас-көз бол деп бірдеңелерін өткізіп қойды ма?

Тек әріден ойлайтын асылдың сынығындай Ғабит Мүсірепов­тің «Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық кісіні мақтағанда өз жүрегінен орын береді. Менің жүрегімнің төрінен орын алатын, менің ер інім, еркек інім Жұмабектің қадамы құтты болсын» деген көрегендік жүрекжарды тілегі бүгіндері де әр қазақтың көңіліне қонымды сөз болып тұрғанын уақыт, тарих көрсетіп отыр. Өйт­кені елін, жерін тоталитарлық жүйенің озбырлығынан қорғап өткен Жұмабек Тәшенев сынды азаматымыз халықтың жүрегінен мәңгі орын алды деп ашық айтатын заманға да жеттік.

Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің 100 жылдығына орай Астанада өткен «Ж.Тәшеневтің азаматтық ерлігі және қазіргі кездегі патриоттық тәрбие» атты ғылыми-практикалық конференция барысында Ж.Тәшенев тұлғасы, оның атқарған істері мен қалдырған мұрасы біздің жастарымызды бейжай қалдырмайтынына көз жеткіздік. Сонау шалғайдағы Аягөзден келген жас экономист Ертіс Нұрқасым «Ж.Тәшеневті ұлықтау – ұрпақтар парызы», Астанадағы №56 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Жібек Садырова «Ж.Тәшенев ерлігі – ұрпаққа үлгі», ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының түлегі Ерікболат Қабылдин «Туған жер үшін жан пида» атты баяндама жасап, Жұмабек Ахметұлына байланысты тақырыптың біздің жастар арасында өте өзектілігін байқатты.

Мұндай феноменді ұлы Абай сөзімен айтқанда: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей, Жұмекең біздің ұрпаққа қазақтың қасиетті қара жерін қалдырды, елін, жерін қызғыштай қорғау керектігін аманат еткен мәңгілік мұра қалдырды, небір қысымға төтеп беретін қазаққа тән қайсар мінез танытты, қандай бір қиын жағдайда болмасын басын тік ұстап, ұлттық болмыстың қайталанбас үлгісін паш етіп өтті.

…Жұмабек Тәшенев 1986 жылы дүниеден озды. Арада бірер апта өтісімен әйгілі желтоқсан көтерілісі алпауыт империя – Кеңестер Одағының іргесін шайқады. 1991 жылы тәуелсіздік таңы атты. Азаттық аңсаған Тәшеневтей қазақ перзенттерінің арманы орындалды. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздік тұғыры өркенін жая бастады.

Мейрам БАЙҒАЗИН, Қазақстанның

құрметті журналисі, Астана қалалық

Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button