Басты ақпаратЖаңалықтар

ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ НЕГЕ ТОҚЫРАДЫ?

2

Елордада ресми такси қызметі әлі күнге кең қанат жайып кете алмай тұр. Өйткені, бұл салада қордаланған мәселе өте көп. Басқасын айтпағанда, заңсыз жолаушылар тасумен айналысатындар да саланың дамуына аз кедергі келтіріп жатқан жоқ. 

Сол себептен Астана қалалық Көлік ассоциациясының өкіл­дері елордалық кәсіпкерлік палатасына арнайы жүгініп, «жабайы» таксистердің жолын кесуді сұрады. Осы мәселеге қатысты өткен жиынға палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ирак Елекеев басшылық жасап, сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдаған еді.

Елді елеңдеткен «ЭКСПО – 2017» көрмесі басталатын күн де жақындап келеді. Ал Астанада әлі жаңа заманға сай такси қызметі жоқ. Биылғы жылдың басында көрмеге дайындық мәселесін талқылау барысында Елбасымыз қаладағы такси қызметінің әр алуандығын, бірыңғай киім үлгісі және басқа ортақ белгілері жоқтығын сынға алған болатын. Бұл жиында Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді тө­мендету бөлімінің бастығы Дәурен Сатқанбаев қазіргі уақытта ресми такси нарығын дамытуға кедергі келтіріп отырған мәселелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, заңсыз диспетчерлер мен интернет-сервистер заңды жұмыс жасап жатқан диспетчерлерге үлкен кедергі келтіреді екен. Сондай-ақ, таксиге арналған тұрақтардың өте аз болуы, осы бағыттағы инфрақұрылымды дамыту мәселесін көлденең тартады.

Бірер жыл ішінде жүз шақты компания такси саласынан өз еркімен кеткен. Қазіргі уақытта Астанада он шақты компания жұмыс істейді. Саладағы мәселе одан әрі шиеленісе берсе, көп өтпей елордада ресми такси қызметі мүлдем тоқтауы мүмкін. 

Осы орайда Астана қалалық Көлік ассоциациясының төр­а-ғасы Медет Құрманов мәсе­ленің мәнісін барынша аша түсті.

– Арнайы такси тұрақтарын ең бірінші жолаушылар көп жиналатын аумақтардан ұйым­дастырған дұрыс. Мәселен, «Қазақстан» орталық концерт залы аумағында такси тұрағы жоқ. Ал ол жаққа жиналған халық көп жағдайда такси ұстау үшін Орынбор көшесіне шығуға мәжбүр болады. Сол жерден бәрі жапа-тармағай такси ұстаған кезде әжептәуір көлік тығыны пайда болып, жалпы көше қозғалысына кедергі келіп жататын кездер аз емес. Екіншіден, BUS LINE жолағын ресми таксилердің пайдалануына рұқсат беру қажет. Сонда такси қызметінің тиімділігі артып, пайдаланушылар көбейеді. Бұл өз кезегінде заңсыз жолаушы тасымалдаушыларды шетке ығыстыруға үлкен септігін тигізетін шара болары сөзсіз. Үшіншіден, таксилерге сары немесе тағы сондай айшықты түсті тіркеу нөмірін белгілеу керек. Мұндай тәжірибе Ресейде 2002 жылдан бері қолданылып келеді. Таксидің нөмірін өзгешелеу, яғни, айшықтау арқылы авто­көлік таксилерін есепке алуды және қадағалаушы органдар тарапынан бақылауды жеңілдете түсеміз. Әрі мұндай нөмірлер арқылы олар такси
тұрағына кедергісіз өту құ­қығына ие болады, – деді Медет Бағитжолұлы.

Бұл мәселеге қатысты өз пі­кірлерін білдірген сала маман­дары ресми такси қызметін жетілдіру үшін тиімді баға саясатын қалыптастырып, бірқатар құқықтық нормативтік актілерге өзгерістер енгізу қажеттігін де алға тартты. Бүгінде тілге тиек болып отырған мәселелер салдарынан бірқатар такси қызметін ұсынатын компаниялар өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Бірер жыл ішінде жүз шақты компания бұл саладан өз еркімен кеткен. Қазіргі уақытта Астанада он шақты компания жұмыс жасайды екен. Саладағы мәселе одан әрі шиеленісе берсе, көп өтпей елордада ресми такси қызметі мүлдем тоқтауы мүмкін. Жиында тиісті бірқатар құзырлы органның басшылары бұл мәселені жан-жақты тиімді шешудің жолдарын таяу уақытта ұсынатындарын жеткізді.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button