Басты ақпарат

Тамыр тартар топырағым – тәуелсіздік

2019 жылы 11 қыркү­йек күні өміріме үлкен бұрылыс жасап, туған жер, атамекенді қиып, көптен аңсаған Отан құшағына оралу – Қазақстанға келіп қоныс­тану арманымды орындадым. Бір қызым арғы бетте қалып, отбасым екіге бөлінсе де, шешемнің асыл сүйегі мен тірі отырған әкем және бірге туған ет жақын бауыр-қарындастарым қалып бара жатса да, шекара аттағанда қазақстандық бір кеден қызметкері: «Қош келдіңіз, аға!» деді. Иә, осы бір ауыз сөз жанымды жылытып, мерейімді тасытып, ыстық мейірге бөледі. Бүгінгі кеңес дәл осы жерден басталады.

[smartslider3 slider=1657]

Асу бермес психикалық бөгет

Мен ыстық-суықты бастан өткеріп пысқан, ақыл-ойым толысқан адам, қалыптасқан маман, қоғам жүгін көтерер азамат ретінде Қазақстан топырағына қадам тастадым. Қыздарымның кеңесі және жұбайым екеуміздің қалауымыз бойынша Нұр-Сұлтан қаласына қоныстанамыз деп шештік. Өзім, жұбайым, мүгедек ұлым, кенже қызым және немере ұлым – бесеу­міз едік. Бізді ең алдымен қағаз тасқыны – құжат жинау әуресі мен орыс тілі әлегі – дәрігерлер және кеңсе қызметкерлерінің орысша сөздері қарсы алды. Аң-таң болдық, мүлде түсінбейтін тіл, аспаннан түскен сияқтымыз. Біздің қазақшамызды олар түсінбейді. Мүлде көрмеген қағазбас­тылық, біреуімізге бір папкадан, бесеуімізге бес папка материал жинадық. Қысылып-қымтырыла, таңырқап-аңтарыла жүріп, қазақша соқалап ойымызды ұғындырып, бір барған жерімізге бес қайтара барып, мың бір машақатпен құжатымызды өткіздік. Обалы қанеки, көші-қон полицияларының жүзі жылы, қабағы ашық болды. Осының өзіне мың тәубе еттік.

Бір жағынан астана әсері көңілімізді толқытады. Оңды-солды сапырылысқан адамдар легі, шат-шадымандары, ренішті-қайғылылары, жасы-кәрісі, ауруы-сауы, қазағы-басқасы көз алдыңнан өтіп бара жатып, көңіліңе үміт-күдік, қуаныш-қорқыныш, серпіліс-өкініш – бәрі-бәрін әкеледі. Қандай сезімде екенімді өзім де түсінбеймін. Әйтеуір шынайы өмірді сезінетіндеймін. Іркес-тіркес күндіз-түні шұбаған машиналар ағыны өзіне еліктіріп, араласып, ішіне қойып кетіп соларға ілесе жөнелгің келеді. Осынау өмір стилі өзіңнің шетқақпайланып тосырқау, жалғызсырап жатырқау позицияңды ауырлата түседі. Мен алғаш рет жаратылыстық болмыс­тан, қоғамдық ағымнан тысқары қалғанымды сезіндім.

Мен бұл жерден өң-түсі өзгеше, нәсілі басқа адамдарды көрдім. Өзім жасаған мекенмен мүлде отаспайтын мәдениет жақтағы парықты байқадым. Толыққанды адамзаттық көзқарас дегеннің иісі мұрныма келмейтін сияқтанды. Бұрынғы қоғамдық түсініктерім, мәдени тағылымдарым, пәлсапалық ұғымдарым ұмытылып кетті. Бұл жерге келіп қазақстандықтардың қатарына қосылу үшін ең алдымен өзімді психологиялық жағынан бейімдеуім қажеттігін ұғындым.

Жүрек түбіндегі аңсар

Мен неге келдім? Иә, бұл – ауыр сұрақ. Әкем ауыл мұғалімі еді, газет-журналдарға жазылатын. Мен мектепке кірген 1971 жылы Шыңжаңда бұрынғы Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі өзгеріп, жаңа латын әліпбиі әліппесімен сауат аштым. Бірақ бұл әліпбиде де бәрібір Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің ережелері, яғни қазақ тілінің заңдылықтары сол күйінде сақталды, мұны кейін білдім. Ал газет-журналдар көне әріппен шығатын, мен жаңа әріп оқығандықтан, оны оқи алмай пұшайман болатынмын. Сөйтіп әкеме көне әріпті үйретуді талап еттім. Әкем мұғалім ғой, тез үйретті. Осы екі түрлі жазуды бірдей оқып-жазатын себептен бе, бала күнімнен кітапқұмар болып өстім.

1979 жылы қалаға оқуға келген кезімде, Қытайда ішкі жақта реформа жасау, сыртқа қарата есік ашу сынды прогресшіл саясат жүргізіліп, жергілікті жазушылар мен аудармашылардың және Қазақстанның классик ақын-жазушыларының таңдаулы шығармалары молынан баспадан шығып, менің де қолыма көптеп түсті. Кітап тасқынына көмілдім десем әсірелегендігім емес. Абайдың ғақлиялары, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов бастаған Қазақстан жазушыларының классикалық туындылары, кейінірек жарыққа шыққан Алаш арыстарының ғажайып жазбалары, Мұхтар Мағауиннің есті роман-әңгімелері, Қасым Аманжоловтың мөлдір жырлары, Мұқағалидың орасан өлеңдері, Тұманбайдың тұнық лирикалары мені басқа бір әлемге жетелеп әкетті. Маған Қазақстанның тыныс-тіршілігі жат емес еді, Алматының әрбір көшелері таныс-тын. Қазақтың қуаныш-шаттығы, қайғы-қасіреті, көрген қорлығы, тартқан жапасы менің де басымнан өткендей. Мен солардың басқан ізін басайын, дем тартқан ауасымен тыныстайын деп келдім, қазақ қоғамына бір кісілік үлесімді қосайын, әрине, тиісті сыбағамды алайын деп келдім, Абайдың философиясын, Әуезовтің әдебиетін, Мұқағалидың өлеңін, Мағауиннің әңгімелерін іздеп келдім! Мені жүрегімнің түбіндегі осынау ұлы аңсар Қазақстанға бастап алып келді.

Ортаға сіңу машақаты

Көшіп келгеннен кейінгі ең басты мәселе Қазақстанның қоғамдық ортасына сіңу болды. Әрине, бұл жерде қандастардың ортасы қалыптасып үлгеріпті, тіпті өзімнің ауылымнан көшіп келушілер де бір тайпа ел болып қалыпты. Солардың ортасында да бұрынғыдай өзгеріссіз, Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында тоймен сабылып уайымсыз өмір сүре беруге болатын сияқты. Бірақ ойға алған ұлы арман қалай орындалмақ? Міне, бұл – толғандыратын сұрақ. Әртүрлі себептермен көшіп келушілер әр қилы өмір кешіп жатыр. Тіршілік үшін жанталас қиян-кескі көрінеді. Олардың тұрмысы ерекше, өзгеше, мәнді де мағыналы екен. Жаңа орта оларды алуан түрлі сылтаумен үнемі сыртқа теуіп, толық сіңіріп әкете алмасы айдан анық. Біздің де бүтін сәйкесіп кетуіміз екіталай сияқты. Осы барыста туындаған қыруар оқиғалар менің болашақ шығармаларымның дайын тақырыбы есепті.

Жанды жадыратарлық жағдайдың да талай куәгері болып жүрмін. Сығылысып автобусқа кірсеңіз, ұлғайған жасыңа, ағарған шашыңа қарап болса да бір жас ұшып түрегеліп орын береді, көңілің көншіп рақметіңді айтасың, жас балаңды арбаға салып ойнатып, көшенің бір кілтең жерінен жүре алмай тұрсаң, тағы бір жас келіп үн-түнсіз көтерісіп жібереді, оңашалап алып рақмет айтайын десең, әлгі жігіт немесе қыз жоқ, қайда кеткенін таба алмайсың, бірақ ішің жылып сала береді, адасып кез келген біреуден жөн сұрасаң, жұмысын қайырып қойып, қолфонына қарап егжей-тегжейлі түсіндіріп береді, тағы да жаның шуаққа бөленіп, алғысыңды жаудырасың! Айта берсек мұндай мысал баршылық. Мұның өзі – Қазақстан мәдениетінің, қоғамдық моралінің ашық көрінісі.

Ой-сана, мәдениет жақтағы парықтарға байланысты қоғамға сіңісе алмау – менің ғана емес, жалпы қандастардың қасіреті. Осыдан барып жалғызсырауға, кемшіндікке, төменшілікке душарласады, шетқақпай көреді, мейірімді аңсайды.

Күдіктен серігіп, шүбәдан айығу

Осылай көшіп келе жатқанда жол-жөнекей үлкен үйге кіріп қоштасып кеттім. Сонда інім: «Жасың алпысқа келгенде бұл қай сандалуың?! Ол жерге анау балаң, жастар барса болады ғой!» деп ұрысты. Маған қатты ауыр тиді. Менің бұл көшім ұзақ толғанудан кейінгі азапты шешім-ді. Інімнің сөзі отқа май құйғандай азабымды ауырлата түсті. Өзімнің тамырымды атамекеннен суырып алып бара жатқандаймын. Бұл бір ылғалды, жалаңаш тамыр, менің жұлын-жүйкеммен жалғасқан, барлық дүниемнен бағалы, қасиетті әрі қасіретті тамыр еді. Ал тамырсыз болған соң кім көрінгеннің әлдеқалай шытынаған қабағынан-ақ қансырап қала бересің. Бәрінен бұрын мен еркін ой, азат тірлік іздеп келе жатырмын. Сол еркіндікті, азаттықты маған тәуелсіз қазақ елі – Қазақстанның тәуелсіздігі береді деп сенемін. Ендеше тәуелсіздік – менің қайта тамыр тартар топырағым.

Дәстүрлі мәдениеттің ортасынан шығып, одан да қою дәстүрлі мәдениеттің ортасына топ ете түстім. Енді есімді жинап, күдіктен серігіп, шүбәдан айығатын кез жетті. Өзімнің қоғамнан тысқары, ағымдағы адамдардан бөлек қалмағандығыма көзім жетті. Ол жақта да ақыл-ой қыз­метімен шұғылданғам, барлық қажыр-қайратымды аз қазағым үшін жұмсағам. Енді бұл жақта да қаламымды қолыма алып, тіпті де көп қазақтың мүддесі үшін қызмет қылуға бекідім. Салыстыруды аяқтап, жергілікті мәдениетке сіңіп, тіпті де биік тұрғыдан оны айқын танып, одан ләззаттанып, сын көзбен қарауға әдеттенуім қажет.

Бүгінгі таңда мазасыз күйден арылып, көңілім төтенше толған қанағатты сезімге көштім. Жан дүнием тоқмейіл тартты. Себебі тәуелсіз елдің еркін ойлы, азат азаматымын. Ендеше менде арман жоқ!

Тұқби Қинаят

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button