ҚоғамМерей

Теміржолдың тарланы

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш көлік министрі Нығметжан Есенғарин – 80 жаста. Бұл есімді жалпақ жұртқа таныстырып жатудың қажеті жоқ. Кешегі Кеңес Одағы аталған алып елде Есенғаринді білмейтін теміржолшы кемде-кем болды. Ал қазақстандықтар үшін ол – Қазақстанның тұңғыш көлік министрі ғана емес, Мәскеуде отырып одақ теміржолын басқарған жалғыз қазақ. Теміржолшылар үшін бүкіл саналы ғұмырын отандық теміржол көлігінің көсегесін көгертуге арнаған дара тұлға.
«Мен өз өмірімді шартты түрде екі кезеңге бөліп қарастырамын» деген болатын құрметті теміржолшы, қоғам және мемлекет қайраткері одақтық басылымдардың біріне берген сұхбатында. Алғашқысы – кеңестік кезеңдегі қарапайым электромеханиктен Жол қатынастары министрінің орынбасарына дейін өскен отыз жылдық еңбек ғұмырым да, екіншісі – ел Тəуелсіздігінен кейінгі əр жылы ғасыр жүгін көтерген жылдар…». Есенғариннің өмірбаянына көз салсақ, Ресейде туып-өскен қазақ баласы теміржол көлігінің инженері мамандығын алған соң бұл салада адам айтса нанғысыз карьера жасағанына көз жеткіземіз. Еңбек жолын 1964 жылы Целиноград белгі беру-байланыс дистанциясында мастер болып бастаған Есенғарин өз естелігінде тың көтерген қаладағы қиын-қыс­тау жылдар, теміржолшылардың ерлікке пара-пар еңбегі жайлы, бір кездері  Целиноград, Ақмола, Астана атанған арқа төсіндегі қала өзіне өте ыстық екенін тебірене жазады. Кейін Целинный теміржолын басқарған жылдары бүгінгі Астананың ескі вокзалын, Көкшетау, Есіл, Жалтыр, Бурабай, Екібастұзда жаңа вокзалдар салдырып, теміржол қатынасын дамытуға ықпал еткен еңбегі орасан зор. Институт бітірген соң айналасы бес-алты жылдың ішінде Қазақ теміржолының бас инженері Қ.Көпжасаровтың орынбасары болды жəне теміржолдың ғылыми орталығы саналатын  техникалық бөлімді басқарды. Отызға енді толған жас маманның бұлай көз ілеспес жылдамдықпен жоғары өрлеуі ол кезде «көз көріп, құлақ естімеген» жағдай болатын.
Жемісті жылдар жалғаса берді…  Тың теміржолының бас инженері, жол бастығы, КСРО Жол қатынас­тары министрінің орынбасары, Алматы теміржолының бастығы, Тəуелсіз Қазақстанның тұңғыш көлік министрі… Қарым-қабілеті мен бойына туа біткен дарынының, оны дұрыс пайдалана білген еңбегінің нəтижесі Есенғаринді талай биіктерге көтергенін көреміз. Ол заманда институт бітіріп өндіріске келген жас инженер аз болып па? Неге Қазақ теміржолының корифейі Көпжасаровтың, Одақ теміржолының бастығы Конаревтің көзі солардың ішінен бөле-жара Есенғаринге түседі? Демек, олар да зерек те зейінді, талантты жас маманның бойындағы орасан күш-қуатты, зор əлеуетті байқаған. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайтынын», қашан да өндіріске тиімді озық ойлы инженерлік жобаларымен, кез келген мəселенің оңтайлы шешімін қабылдай білетін зерек те ұшқыр ой-өрісімен, өткір де батыл ұсыныстарымен дараланып тұратын жас маманның алысқа баратынын сол кезде талайлар-ақ болжаған екен. Көрегендердің көзі тегін адамға түспепті: Есенғарин қай қызметте де бəйгенің алдын бермеді: тасымал қуатын арттыру, байланыс, электрлендіру, диспетчерлік орталықтандыру, саланы техникалық жарақтандыру т.т. барлық салада əмбебап маман əріптестерінен оқ бойы озық жүріп, отандық теміржол саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
1986 жылы Есенғаринді аттай қалап алдырған Мəскеу оны КСРО Жол қатынастары министрінің орынбасары етіп тағайындайды. Сол кездегі министр Конаревтің қазақстандық орынбасарына көзқарасы дұрыс болады, одақ теміржолында күрделі құрылыс бойынша қордаланып қалған талай проблеманың түйінін тарқатқан еңбегін жоғары бағалап, сенім артқаны сондай, жұмысты жүйелі жүргізуіне кедергі келтірмей, көп еркіндік берген екен. Əрине, он бес республиканың өкілдері шоғырланған элиталық ортада өзін мойындату Есенғаринге тіпті де оңай болмаған көрінеді. Оны Нығметжан Қабатайұлы бір естелігінде айтып өтеді. Алғашында Қазақстаннан келген беймәлім басшыға мойынұсұнғысы келмей, мəжілістеріне бармай, орынбасарларын жіберетін кейбір басшылардың көп ұзамай-ақ қайсар қазақтың айтқанына көнуіне тура келген. Ал біз  Есенғарин – кешегі қырық құрау елдің басын қосқан алып держава КСРО кезінде Одақтың теміржолын басқарған жалғыз қазақ екенін мақтаныш етеміз.
КСРО-да қайта құру науқаны шегіне жетіп, алып держава іштей шіріп күйреуге бет алған сексенінші жылдардың соңында əрі қарай елдегі жағдайдың қалай бет аларын күні бұрын болжаған Есенғарин ойлана келе елге – Қазақстанға қайтуды жөн көреді. Өзінің дəл сол кезде Ресейден гөрі Қазақстанға қажет екенін сезді, отыз жыл тірнектеп жинаған мол қазынасы – телегей-теңіз білімі мен тəжірибесін туған халқының, ертеңгі егемен елдің игілігіне жұмсағанды дұрыс көрді. 1989 жылы елге оралып, сол кезде зейнеткерлікке кетіп бара жатқан өзінің ұстазы Құдайберген Көпжасаровтың орнына Алматы теміржолының бастығы болып тағайындалады. Ал 1991 жылы егемендігін алған Қазақстанда құрылған Көлік министрлігін басқаруға, əрине, Есенғариннен артық кандидатура іздесе де табылмас еді. Осылай, Нығметжан Қабатайұлының тəуелсіз елдің дербес көліктік жүйесін құру мен қалыптастыру жолындағы екінші еңбек жолы басталды…
Ат үстінде жүріп, көлік минис­трі, ҚР Премьер-министрінің  орынбасары, Мəскеуде отырып, бес елдің басын қосып билік айт­қан Интеграциялық комитеттің төрағасы сынды биік лауазымды қызметтерді атқарған Есенғариннің тікелей басшылығымен қаншама мемлекеттік маңызды мəселелер шешімін тапқанын тәптіштеп жатудың жөні жоқ. Ол ел тағдыры, ұлт тағдыры таразы басында тұрған, аумалы-төкпелі қиын да күрделі жылдар болатын.

Еуразия кіндігінде бой көтерген Тəуелсіз Қазақстанның шаңырағын көтерісіп, уығын қадасқандардың алғы шебінде болған Есенғарин мемлекеттік қызметтен босаған соң елдегі тың саланы қолға алып, көліктік бизнес саласында ғылыми-зерттеу, зерделеу, жаңа жобаларды өндіріске енгізу, кеңес беру, экономикалық пайымдау жұмыстарын жүзеге асырумен айналысты.

Экономика ғылымы бойынша докторлық қорғаған еңбегінің нəтижесін көретін кез келіп, ендігі жерде ғылыми бағытта жиған-тергенін кəдеге жаратуды қолға алды. Теміржол көлігін реформалау, нарықтық қатынастар жағдайында көліктік бизнесті қалыптасыру мен дамыту, елдің транзиттік əлеуетін тиімді пайдалану сынды көкейкесті мəселелерді талдап, сараптама жасаған том-том еңбектері, сондай-ақ Қазақ теміржолының ғасырлық тарихын «тірілткен» туындылары жарық көрді. «Қазақстанның даңқты теміржолшылары» деген атпен жарық көрген энциклопедиялық еңбекке отандық теміржол көлігінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан 600-ге жуық үш буын теміржолшылар туралы очерктер жинақталған. Бұдан бөлек, «Болат жолдың даңқты еңбеккерлері» атты сериялы кітап жыл сайын жоспарлы түрде жарық көруде.
80 жылдық мерейтойына орай Нығметжан Есенғариннің атына еліміз бен шет елдерден құттықтау жеделхаттары толассыз келіп түсуде. Мерейтой иесін Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин құттықтады. Сондай-ақ құттықтау жеделхаттары Теміржол ынтымақтастығы ұйымынан, Ресей және Украина сынды көрші ел теміржолдарынан да келген.
Иә, адам баласы ең алдымен өзі туып-өскен топыраққа қарыздар, туған елі мен халқының алдындағы азаматтық парызын адал өтеуі қажет десек, бүгін сексен жасқа толып отырған танымал тұлға Есенғарин Нығметжан Қабатайұлы – осы қасиетті ұғым деңгейінен көрініп, атаның емес елдің ұлы, қазақ деген халықтың ұлы ретінде өзін мойындатқан жан.
 

Меруерт ӨМІРЗАҚОВА, ҚР Журналистер одағының мүшесі, құрметті теміржолшы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button