Қоғам

Тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт

Тіл – халық қазынасы, ұлт жаны. Ұлттың сақталуына да, бір сәтте жоғалып кетуіне де себепші әрі ең қуатты дүние. Отбасы өзімізден, ал тәрбие тілден басталады. Ал қазіргі таңда ана тіліміздің мәртебесі қаншалықты жоғары?

Менің ойымша, әрбір адамға өзінің туған тілін, ана тілін білу – міндет емес, парыз! Себебі өміріміз тілімізбен байланысты. Ғылым-білімді үйренгің келе ме, бірінші тіліңді дұрыста. Жалпы қазақ тілі – өте бай, айтылуға ыңғайлы көркем тіл. Тіліміз бен еліміз 130-дан астам ұлттың жанашырына айналды. Иә, қазір нағыз қазақтан гөрі шетелден келген азаматтар қазақшаны судай сапырады. Өз басым қазақша сөйлейтін, оны дәріптейтін адамды аса құрметтеймін.

Тіл еріккеннің ойыншығы емес. Оның бізге жету жолы ең ауыр жол десем де болады. Сонау заманнан ата-бабаның асыл арманы тәуелсіздік, жеке дара мемлекет құрып, ана тілде биікке ұмтылу болды. Қазір ана тіліміз де, дініміз де, тегіміз де, еліміз де азат. Азаттықтың құшағында жүріп, ана тілді төмендеткеніміз жаныма батады. Қазіргі жастар түгілі, немересіне ертегі айтып бере алмайтын қарттарымыз көбейді. Газет-журналды интернетке алмастырған заманға көштік. Жалған ақпаратты оқып алып, оны даурықтыруға шеберміз. Осының бәрі ана тілінің жойылуына тікелей себепші. Қазір тілді жоғалтып жатырмыз, ертең болашағымыз, тіпті өзіміз жойыламыз. Бұл – әрбір жанды ойландыратын мәселе. Қоғамдағы орыс, ағылшын секілді тілдерді екінші орынға қойып, ана тілімізді дәріптеуіміз керек. Туған тілдің тағдыры – біздің тағдырымыз.

Жоғарыда айтылған ойымды қорытындылай келе, дүниеде тілін білмейтіндер емес, білгісі келмейтіндер мәңгүрт деген шешімге келдім. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биік етуіміз керек. Ең бастысы, өзге тілді білеміз деп жүріп өз тілімізден алыстап кетпейік!

Аружан ЕСЕНГЕЛДІ,

№8 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button