Басты ақпарат

ТМД мәселелері талқыланды

0753a133f436498970b9b361197585f5

Кеше Бурабайда  Қазақстанның төрағалығымен ТМД мемлекет басшыларының кеңесі өтті.

Әуелі шағын, кейін кеңейтілген құрамда өткен алқалы жиында ТМД ахуалы мен даму келешегінің мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Кеңес отырысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Әзербайжан Республикасының президенті И.Әлиев, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті А.Атамбаев, Ресей Федерациясының президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының президенті Э.Рахмон, Өзбекстан Республикасының президенті И.Кәрімов, Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары С.Сатлыков, Молдова Республикасының сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары А.Галбур қатысты.
Мәжілісті ашқан Қазақстан Президенті Кеңеске қатысушылар атынан А.Лукашенконы өткен сайлаудағы жеңісімен, сондай-ақ А.Атамбаевты Қырғызстанда парламенттік сайлаудың табысты өтуімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ТМД құрылғалы бері елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты жандандыруды, іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша интеграцияны тереңдете түсуді дәйектілікпен жақтап келе жатқанын айтты.
Шағын құрамда өткен кеңес отырысында ТМД елдерінің жаңа жағдайларға ыңғайлануы, соған байланысты іс-шаралар талқыланумен қатар, халықаралық қауіпсіздік мәселесі де сөз болды.
Жиында ТМД Мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына байланысты, халықаралық терроризмге қарсы күрес туралы мәлімдемесі, Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығына байланысты үндеуі, ТМД-ға мүше мемлекеттердің төтенше жағдайларды ескерту және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімі, 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы, ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2016 – 2020 жылдарға арналған сыртқы шекаралардағы қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы туралы құжаттарға қол қойылды.
Елбасы Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңге тап келгенін, бірақ барлық қажетті талаптардың бәрі орындалғанын айта келіп, еліміздің бұл ұйымға төрағалығы аяқталатындығын мәлімдеді.
Енді, ТМД-ға төрағалық Қазақстаннан Қырғызстанға ауысады. Ал, Мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2016 жылдың 16 қыркүйегінде Қырғыз елінде өтетін болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button