Мәдениет

Бекболат ҚҰРМАНҒОЖАЕВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер: МЮЗИКЛ ЖАНРЫНДА ЖАҢА СПЕКТАЛЬДЕР ҚОЯМЫЗ

IMG_5722_2

Биылғы театр маусымы Астана қаласы Жастар театры үшін жағымды жаңалықтарға толы болды.  Театр труппасы жас актерлермен толықты. Республикалық,  халықаралық деңгейдегі бірнеше фестивальге қатысты. Осындай қауырт та қызықты шаралармен қарбаласа жүріп,  төл ғимаратының шымылдығын түруге қызу дайындыққа кірісіп кеткен ұжымның жаңа маусымға деген құлшынысы ерекше. Маусымашар қуанышпен қосарлана жеткен атаулы мереке иесі – театр режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевпен мерейтой қарсаңында аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Алпыс деген асудың асқарына шығыпсыз, аға! Артыңызға қарағанда, нені көресіз?
– Алпыс жас – біреуге аз, біреуге көп. Бүгін, міне, алпыс деген асуға қадам бассам, соның 40 жылға жуық уақытын киелі сахнаға арнаппын. Бағымызға орай, жиырмадан енді асқан кезімізде тағдырымыз театрмен тоғысты. Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Матан Мұратәлиев сынды біртуар ағаларымызбен сахнаға бірге шықтық. Біз – Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Фарида Шәріпова апаларымызбен спектакльдерде серіктесіп ойнау бақытына ие болған буынбыз. Сол үшін де бақыттымыз! Таланттар шоғыры түзген осы тәрбие бүгінде өнердің ұлы мектебін қалыптастырды.
Әзірбайжан Мәмбетовтей майталманның мектебін көре жүріп, есімі аңызға айналған өнер саңлақтарымен бір сахнада өнер көрсетіп, шеберлігімізді шыңдай жүріп, бүгінде біз де өзгені үйрететін жасқа жетіп қалыппыз. Жүрекке әжім түспегенмен, аудиториядағы алдыңа келген шәкірттеріңнің үмітке толы жанарын көргенде, жаныңа ғаламат бір қуанышпен қабаттаса үлкен жауапкершілік те қатар кеу-кеулейді. Кезінде бізге Әнуар Молдабеков, Әшірәлі Кенжеев ағаларымыз қандай мектеп болса, «бүгінгі жас сахнагерлерге біз сондай өнеге көрсетіп жүрміз бе?» деген сарындағы сан сауал жаныңды мазалайды. Бойыңдағы барыңды, шамаң жеткенше, шәкірттеріңмен бөліскің келеді. Бұл сезімді мен алдыңғы буын ағаларымның маған қалдырған ғұмырлық аманаты деп білемін.
– Жастар театры өткен маусымды сіз қойған Жан Батист Мольердің «Ақымақ болған басым-ай…» комедиясымен тәмамдады. Таңдауыңыз неліктен Мольердің дәл осы пьесасына түсті?
– Біріншіден, ерлі-зайыптылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі қай кезде де өзектілігін жойған емес. Ол түйткіл бүгінгі қоғамда тіпті ушығып тұр. Ал Мольер пьесасының бар мағынасы қазақтың «Тең – теңімен, тезек –қабымен» деген бір-ақ ауыз сөзіне сыйып тұр. Сондықтан да үйленуді тек материалдық құндылықтар өлшемімен қарап, ақырында ажырасып тынған жастарға ой салсын деген мақсатта қойдым бұл комедияны. Екіншіден, мені қызықтырғаны – Асқар Сүлейменовтің ғаламат тәржімасы. Жазушының аудармада қолданған сүбелі сөз саптауы мен айшықты теңеулері көрерменнің бойына қазақ тілінің құнарын сіңіруге септігін тигізер деген ой мені осы шығарманы сахнаға шығаруға жетеледі. Үшіншіден, өздеріңіз байқағандай, Жастар театры негізінен ансамбльдік бірлікте жұмыс істейді. Барлығы бірдей басты рөлге шығады, актерлер рөлге бөлінбейді. Ал бұл комедияда өзгеше талапқа түсіп, сахнагерлердің жекелей мүмкіндігін ашуға тырысқан болатынбыз. Мәселен, Жорж Данденнің рөлін беру арқылы актер Жандәулет Батайды өзгеше қырынан ашқым келді. Жандәулет комедиялық кейіпкердің трагедиялық күйін күлдіре отырып сәтті жеткізді деп ойлаймын.
– Жаңа ғимаратқа көшкелі бері Жас­тар театрының үні бәсеңсіп қалғандай. Көрермен қойылымдарыңызды сағынды…
– Оныңыз рас, төл ғимаратқа көшкелі театрымызда түбегейлі жөндеу жұмыстары жүріп, соның салдарынан қойылымдарымыздың сахнаға шығу процесі кешеуілдеп жатыр. Жөндеу жұмыстары біте салысымен, бірден қызметімізге кірісеміз. Алдағы уақытта мюзикл жанрында жақсы қойылымдар қойсақ дейміз. Қазір «Қыз Жібек» мюзикліне дайындық басталып та кетті.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен:
Назерке ЖҰМАБАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button