Басты ақпаратРухани жаңғыру

Тобыл-Торғай тарихы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлт руханиятының өрістеуіне жаңаша серпін беріп, тасада қалған мұраларымызды түгендеуге түрткі болды. Сол байыпты бағдарлама аясында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы қолға алынды. Бұл жұмысқа барлық аймақ жан салып кірісті. Әр өлкенің қасиетті орындары анықталды. Оған тарихы бай Қостанай облысынан да бірнеше ескерткіш кірді. Енді сол Тобыл–Торғай өңіріндегі өткен күннен сыр тартқан мекендерді сөйлетіп көрейік.

Ұлы ұстаздың кесенесі 

Ұлы ағартушы 1841 жылы қазіргі Қостанай қаласының іргесіндегі Арқарағай деген жерде туған. Жастай әке-шешесінен жетім қалып, атасы Балғожа бидің қолында тәрбиеленеді. Атақты би немересін көзі ашық адам болғанын қалап, Орынбордағы мектепте оқытады. Оқуды ойдағыдай аяқтағаннан кейін ол елге келіп, атасының кеңсесінде екі жыл хатшылық қызмет істейді. Осы кезден бастап жас жігіт ел өмірінің жағдайымен етене танысады. Бар ойы қазақ балаларына арнап білім ұясын ашсам деп армандады. Ақыры, 1864 жылы 8 қаңтарда нағашыларының еліне барып, Торғайдан алғашқы қазақ-орыс мектебін ашты. Бұл Ыбырайдың өмірінде ғана емес, қазақ даласындағы жаңаша дәуірдің басы еді. 1879 жылы Ы.Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Енді ол облыстың барлық уездік қалаларынан екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ұйымдастырды.
Бар өмірін туған халқының келешегіне арнаған асыл азамат 1889 жылы дүниеден озып, туған жері, яғни Қостанай қаласынан жеті шақырым жердегі Тобыл өзенінің оң жағалауына жерленді. 1960 жылы басына құлпытас қойылды. 1991 жылы Ы.Алтынсариннің 150 жылдығына орай кесене салынды. Былтыр ұстаз кесенесі қайта жөндеуден өтіп, жан-жағы абаттандырылды.

Қамысты кешені

1987 жылы Су шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша Ресей Федерациясындағы Челябі облысының Қазақстанға жақын аймағындағы Қа­раған табанын су қоймасына айналдыру жобаланған кезде ашылып, сол кезде ғасырлық жаңалық саналған Арқайым ес­керткіші көпшілікке жақсы таныс. Дәл осындай тарихи кешен Қостанайдың Денисов ауданының аумағынан да табылды. Оны «Қамыс­ты ескерткіші» деп атайды. Ал ғалым­дар оған «қазақстандық арқайым» деп баға берген.
Бұл – 4 мыңжылдық тарихы бар көне қоныс. Табиғи-географиялық жағынан келсек, Жайық пен Тобылдың сол жағалауларының арасын қамтиды. Қос өзеннің ортасындағы шұрайлы өлке өркениеттің бесігі саналған. Ғалымдар бұл ескерткішті бірегей құбылыс деп айтады. Оның біздің заманымызға дейінгі III-II мыңжылдықтағы Қазақстан аумағындағы ежелгі үнді-еуропалық тайпалардың байырғы қалалық мәдениетін көрсететін кешен екені дәлелденген. Шаһарда екі қорғаныс бөлік, кәріз жүйесі, шеңбер секілді орналасқан іргелес тұрғын үйлер болған. Бұл жерден адамдардың іздерін тас ғасырынан бастап байқауға болады. Ежелгі тұрғындар бұл қаланы ғажайып тылсым сыры бар деп ойлаған. Бір ғажабы, ұшақтан түсірілген бейнеде Қамысты кешені ресейлік Арқайымнан үлкен көрінген. Екеуінің аралығы соншалықты ұзақ емес, жүз шақырымнан аспайды.

Ардагер Аманкелді – ердің ері

Бала күнімізден Жамбыл атамыздың осы өлеңін жаттап өстік. Содан есімізде қалыпты. Аманкелді Имановты білмейтін қазақ жоқ. Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы армияның қара жұмысына адам алу туралы жарлығыныа қарсы шығып, Торғайдағы ұлт-
азаттық көтерілісті ұйымдастырған халық батыры. Тек жағынан таратсақ, қазақтың соңғы ханы Кенесарының сенімді серіктерінің бірі болған әйгілі Иман батырдың немересі.
1873 жылы Торғай уезі Қайдауыл болысында өмірге келген батыр әуелі ауыл молдасынан хат танып, ке­йін сол елдегі діни қайраткерлердің медресесінде оқып, түрік, парсы, араб тілдерін меңгерген. Атамыз жасынан ержүрек аты шыққан.
1916 жылғы Торғай даласында болған көтеріліс басқа аймақтарға қарағанда ең ұзақ, сарбаздар саны да мол болғаны белгілі. Кейбір деректе сарбаздар саны 50 мыңға жетті деп айтады. Сол көтерілісте халық Аманкелдіні бас сардар, Әбдіғапарды хан сайлады. Ал құралайды көзге атқан Кейкі батыр мергендер қосынын басқарды.
Жалпы, қаһарман тұлғаның тағдыры өте күрделі. Көтерілістен кейін ел ішіндегі ақ қашып, қызыл қуған оқиғалардың бел ортасында жүрді. 1918 жылдары Торғай уезінің әскери комиссары болды. 1919 жылы батыр қапылыста Торғайда мерт болады. Елдегі үлкендердің айтуы бойынша асыл ердің мәйіті төрт рет жерленген. 1936 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің
20 жылдығына байланысты Батпаққара ауданына Аманкелдінің есімі берілді. 1956 жылы көтерілістің 40 жылдығына орай аудан орталығынан батырға еңселі ескерткіш орнатылып, атамыздың сүйегі соңғы рет соған қойылды. Қазір батыр ескерткіші жас ұрпақ тағзым ететін киелі орынға айналған.

«Міржақып кетпес жоқтаусыз»

Бұл – құранқари ақын Файзолла Сатыбалдыұлының Міржақып қазасын естігенде шығарған толғауының бір жолы. Расында, өткен ғасыр басында «Оян, қазақ!» деп отты өлеңімен жар салып, халықты өнер-білімге, еркіндікке шақырған қайраткердің өмірі күреске толы. Алаш қозғалысын құрушылардың бірі болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтармен қатар жүріп, елдік істерге араласты. Әдебиеттің әртүрлі жанрына қалам сілтеп, шығармашылықпен айналысты. Осындай ұлтқа жан салып, аянбай қызмет істеп жүрген азамат 1928 жылы желтоқсан айында қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесілді. Кейін сот үкімі оны он жыл абақты жазасымен ауыстырды.
Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойын­дағы Сосновец стансасын­да жазалау лагерінде жа­засын өтеді. Бірақ 1935 жылы Міржақып Дулат­ұлы осында жүріп ауыр науқастан көз жұмады.
Өткен ғасырдың сексе­нінші жылдардың со­ңын­да, жариялықтың же­лі оңынан соққан кезде елі үшін басын бәйгеге тіккен ердің есімі халқымен қайта қауышты. 1989 жылы Міржақыптың зираты Карелиядан табылып, қызы Гүлнар Дулатованың бастамасымен бір топ азамат 1992 жылы көр­некті қайраткердің сүйегін жат жерден кіндік қаны тамған Торғайдағы Бидайық ауылына әкеп жерлейді. Бұл жайында белгілі журналист Қайсар Әлімнің «Мұңды сапар» атты кітабында егжей-тегжейлі жазылған. Басына кесене салынды, екі қабатты мұражай бой көтерді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button