Үйренетін үрдістер

Бауырлас қала тынысы

Ыстанбұл тарихына – 565 жыл 

Түркияның Ыстанбұл қаласы мамырдың 30-ында өзінің 565 жылдығын атап өтті. Османлы шеріктері оның осынша уақыт бұрын Константинополь болып тұрған кезінде басып алған еді.
Қала мэриясы мерекені ескі шехир маңындағы Алтын мү­йіз айлағының ортасында өткізді. Салтанатты жиында Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған сөз алып, отандастарын осы тарихи датамен құттықтады.
Мерекелік бағдарлама кешкі ауызашар – ифтардан басталды. Содан кейін «Халич» конгресс-
орталығындағы ашық алаңда түрік классикалық музыкасының хоры – тасаввуф өнер көрсетті. Мұның артынша Ыстанбұлды жаулап алуға арналған қойылым берілді. Бұдан әрі Түркия әскери оркестрі – мехтеранға кезек келді.
Думан соңы Босфор бұғазы үстінде орасан зор ауқымда жарық шашатын шоуға ұласты. Салтанат шеңберінде сондай-ақ Түркияның 1453 жылдан басталатын тарихы турасында сыр шертетін фильмнің көрсетілімі болды.

Ханой екі қатарлы автобусты қатарға қосты

Вьетнамның бас қаласы – Ханойда екі қатарлы орындықтары бар жолаушылар автобусы жолға шыға бастады.
Автобустардың маршруты мамыр айының соңғы күні ресми түрде ашылды. Ол қаланың 13 аялдамасына тоқтап, 25 көшесі мен ең көрікті 30 жерін аралап өтеді.
Автобустар таңертеңгі сағат 9:00-де рейске шығып, оны 18:00-де аяқтайды. Ол әр 30 минут сайын келіп тұрады. Салонның үстіңгі қабаты ашық болуы туристердің қаланы тамашалап, суретке түсіріп алып тұруларына мүмкіндік береді.

Дубай дизайны дайын

Біріккен Араб Әмірлігінің бас қаласы – Дубай өзінің алдағы 2018-2021 жылдарға арналған дизайнын жасатып, бекітіп алды.
Төрт жылдық дизайны бағдарламасына қала құрылысы жоспарындағы шығармашылықты дамытуға және халықаралық деңгейдегі әріптестікті ынталандыруға бағытталған түйінді жобалар кіреді.
Муниципалитеттің әріптестікті дамыту жөніндегі департаментінің басшысы Хаджар Әл-Саффар мырза үкіметтің мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметті реформалау стратегиясы шеңберінде қазіргі көрсетіліп отырған қызмет шарттарын қайта қарап, қоғамға пайда келтіруге және мүмкіндіктері шектеулі кісілерге, қарттар мен балаларға бағыттауға ықыласты екенін мәлімдеді. Мұндағы түйінді бастамалардың бірі әлемнің барлық түкпірінен білім алмасатын және жаңа жобаларды іске қосатын сарапшылар мен дизайнерлер алдыратын ұлттық дизайн орталығын құру болып отыр.
Алдағы қыркүйек айында сондай-ақ Дубай дизайн және инновация институты есігін айқара ашады. Жоғары оқу орны Жер шарының әр қиырынан келетін 35 мың студентке арналады. Онда қоғамның барлық салаларына инновация жасап, енгізетін бағдарлама бойынша білім беріледі.
Дубайда сонымен қатар дизайн жөніндегі кеңес те құрылғалы тұр. Бұған қоса, қалада төрт жылдық инновация және дизайн фестивалі өткізіліп тұратын болады. Оның аясында әртүрлі дизайндар жасалып, үздік кадрлар қатарға тартылады.

Варшава авиахабқа аңсарын аударды

Польша президенті Анджей Дуданың шешімімен Варшавада Еуропадағы ең үлкен авиахаб салынатын болды.
Жаңа аэропорт Варшава және Лодзь қалаларының ортасында, Станиславув қаласы маңындағы Баранов коммунасында бой көтереді. Оның Еуропадағы ең үлкен трансфер орталығы болғалы тұрғаны да рас.
Әуежайдың бірінші кезеңінің құрылысы салынып біткеннен кейін онда жылына 45 млн жолаушыға қызмет көрсетіледі. Оның құрылымы 2027 жылы толық бітеді. Сол кезде өтетін жолаушы саны 100 миллионға дейін барады.

Ташкент үш деңгейлі жолға шықты

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ташкенттің Яшнабад туманында салынатын үш деңгейлі жол құрылысының жобасымен танысты.
Құбыр секілді болып үшке бөлініп шығатын жол өзбек байтағының Мақтымқұлы көшесі мен Ахангаран тас жолының қиылысқан же­рін, шаһардан сыртқа шы­ғар аумақты алып жатыр. Ол жүргізушілердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз етулеріне ыңғайлы жағдай жасау үшін салынады.
Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің мә­лі­метіне қарағанда, Ахангаран тас жолы мен Паркент көшесінің аралығына тоннель салынса, Мақтымқұлы және Темір Мәлік көшелерінің ортасын жол құбыры жалғастырады. Бұл көлік байланысы торабын жасаудағы басты мақсат Шарвак пен Шымғанды дамытуға жағдай жасау болып отыр.
Қазір бұл тараптағы жал­ғыз жол Шыршық қаласы арқылы өтеді. Сондықтан жазғы тынығу маусымында бұл ұлан жолдың бойы үнемі кептеліске толып тұрады. Жаңа жолдар жүйесі осы мәселені оңтайлы шешуге тиіс.

Ева бұрылысы – Тбилиси паролі 

Әрбір қаланың аумағында сонда тұратын тұрғындарға ғана аян өзіне тән белгілері мен атаулары болады. Ондай мезіретті мүйістер Грузияның астанасы – ежелден келе жатқан Тбилиси қаласында да бар.
Журналист Екатерина Микаридзе солардың бірі – «Хауа бұрылысы» туралы сөз етіп, оның қалай пайда болғанын әңгімелейді. Тбилиси тұрғындары арасында көп кездесетін «Қайда барасың?» деген сауалға кейде «Эвас паваротши», яғни «Ева бұрылысына» деген жауап алып тұруға болады.
Журналист осындағы Еваның кім екенін білмек болып, сол айтылған жерге арнайы барады. Мәселе мынада, қалада тап сондай бұрылыс жоқ, ол тұрғындар арасындағы пароль сияқты нәрсе екен.
Сонымен, тілші сұрастыра келіп, Марджанишвишли көшесіндегі бір аулаға келіп кіреді.
– Ева? Оның шын есімі –
Донара. Сізді де Ева қызық­тыра ма? – деп күле жауап қатады грузин әйел оған.
– Ондайлар көп пе?
– Соңғы кездері біздің аула туристер көптеп келетін қа­сиетті орынға айналды. Жұрттың бәрі Еваның кім екенін білгілері келеді. Оған мұндай қызығушылық тууының өзі қызық. Шамасы, сондай нәрсе сәнге айналса керек. Ал біздің Ева алыпсатар әйел болды.
– Біздің Еваның аты саудагерлікпен танылды, – дейді әйел. – Білетін болсаңыз, кеңес заманында ондайлар заңмен қуғындалушы еді ғой. Ол екінші қабатта тұрды. Бірақ саудамен айналысса да, барынша ашық, қайырымды болды. Ұлты еврей әйел киім-кешек сатушы еді. Қарсы қабырғада армяндар тұрды, олар зергерлік бұйымдар сатумен айналысты.
Алайда, «Еваның бұрылысы» деген сөз тіркесінің қайдан шыққанын ешкім айы­рып айтып бере алмаған. Ша­масы, саудагер Донара мен осы төңіректі білетіндер сырт көзден сақтану үшін бұл ауланы осылай атаса керек.
Кейін келе-келе бұл пароль өзінің мәнін жоғалтып алған. Оның орнына басқа дөрекілеу атаулар таңыла бастаған. Ал Еваның шаңырақта қалған қызы бұл жерден қаланың Ортачала деген ауданына көшіп кеткен.
Сөз болып отырған келісті үй 1875 жылы салынған екен.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button