МәдениетСұхбат

ТОРҒАЙ ТАЛАНТТАРЫНЫҢ ТАРТУЫ

Халқына қызмет ету – байырғы әні,

Белгілі күймен аты жайылғаны.

Амангелді елінің бір тұлпары –

Өнердің ерен жүйрік Қайыржаны,ага2

 

БҰЛ КҮНІ ЖЕТПІСТІ АЛҚЫМДАСА ДА,  ҰРПАҚҚА БЕРЕР ҰЛАҒАТЫ БАР ӘДЕМІ КЕШТЕРГЕ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІЛІК ЕТУДЕН ЕШ ЖАЛЫҚҚАН ЕМЕС. 24 ЖЕЛТОҚСАНДА КОНГРЕСС-ХОЛДА САРЫАРҚА ТӨСІН ӘН-КҮЙДІҢ МАҚАМЫНА БАУРАЙТЫН «ТОРҒАЙ ТАЛАНТТАРЫ» АТТЫ ҒАЖАЙЫП КЕШІ ӨТЕДІ. БЕЛГІЛІ КҮЙШІ-САЗГЕР ҚАЙЫРЖАН МАХАНОВ АҒАМЫЗБЕН ӘҢГІМЕ ОСЫ ЖӨНІНДЕ ӨРБІДІ.

 

– Аға, кештің «Торғай таланттары» деп аталуының мәнісі неде?

– Биыл халық батыры – Амангелді Имановтың туғанына 140 жыл, ал халық ақыны Нұрхан Ахметбекұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Ақордамыздың төрінде өнер дегенде жүректері елжіреп тұратын торғайлық таланттардың басын біріктіріп, кеш өткізуді жөн көрдік. Мақтанғаным емес, торғайлықтардың өнерге деген ерекше ықыластары мен махаббаттарын сезгеннен кейін, осындай ән-күй кешін ұйымдастыруды қолға алдық. Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов, Қонысбай Әбіл, Ғазиза Жұмекенова, Нағашыбай Алпысов бастаған торғайлық аға буын өнер тарландары мен артымыздан еріп, ұлттық өнеріміздің дәнегін теріп келе жатқан Ерболат Қалиев, Ләззат Хамзина, Анар Мұздаханова, Зарина Мақанова, Жарқынбек Деріпсалдин сынды өнерпаздар осы кештің көркін қыздырмақ. Ертеден құлағымызға сіңген күй-дастандардың мақамын, сазын, мән-мазмұнын бұзбай, тыңдарманға тарту еткіміз келеді. Қазір ескінің көзін көріп, әңгімесін естігендердің бірі ретінде, кейбір музыканттарға қарным ашады. Ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырған  туындыларын тамырынан үзе-бұза орындайды.

– Торғай топырағында туған қос перзенттің құрметіне ұйымдастырылған кеште олардың да аты ұлықталатын шығар?

– Амангелді Имановтың 140 жылдығын өзге жерлерде қалай тойланып жатқанынан бейхабармын, өз туған өңірінің бейқам жатқанын жақсы білемін. Туған жері  батырын ұлықтамай жатқаны жүрекке батады. Алайда, біздің қолдан келер шарамыз – сардардың тарихи ерліктерін күймен, сазбен дүбірлету ғана. Осы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, профессор Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен менің «Амангелді» күй-дастаным орындалады. Сонымен қатар, республикамыздың белгілі мәдениет қызметкері Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» атты күйі, оркестр жетекшілігімен жүректен жүрекке жетуге асық. Кезінде Затаевич қазақтың ән-күйлерін жинастырғанда, Торғай өңіріне арнайы тарау бөліп, Әліби Жангелдиннен, Ахмет Байтұрсыновтан, композитор Бақытжан Байқадамовтың әкесі мен анасынан, Міржақып Дулатұлының жары Ғайнижамал апамыздан көптеген күйлерді жинастырып, алтын қорға ұсынған. Біздің кеште осы күйлер қайта жаңғырып, еш өзгертусіз орындалады. Әлі де өңделу үстіндегі Жангелдинге, Имановқа арналған көптеген толғау, туындылар уақыт кезегінде тұр. Алда ол жаңа күйлер де халық қошеметіне бөленер.

– Халық ақыны Нұрхан Ахметбекұлы жайлы бір үзік сыр шертсеңіз… 

– Торғай өлкесі – тұнып тұрған шежіре. Сол тарихи өлкенің дара перзенттерінің бірі – Нұрхан ақын. Әкем бірде мынадай әңгіме айтып еді. Соғыс аяқталып, ел-жұрт жеңісті тойлап жатқанда, көрші үйде Нұрхан ақынмен айтысуға көрші ауданнан Қарсақ есімді ақынды шақыртса керек. Қарсақ өзінің осалдығын сезіп, тайсақтап отырғанын сезген Нұрхан:

Қош келдің тойымызға ақын Қарсақ,

Сен келдің осы тойды көптен аңсап.

Үлгілі сөз айтар деп үміттендік

Сөзіңнің бәрі өтірік, бәрі жаңсақ, – дегенде, әлгі Қарсағымыз аузын аша алмай, орнынан қозғала алмай қалған деседі. 1943 жылы Алматыда республика көлемінде тұңғыш рет ақындар айтысы өткен. Сол дүбірлі думанға Шашубай, Сәттіғұл, Иса Байзақов, Майасар Жапақовтармен бірге Нұрхан Ахметбекұлы да аламанға түседі. Барлық мықтылар жұптасып жатқанда, қазылар мүшесіндегі Сәбит Мұқанов Нұрханды Иса ақынмен арнайы кезіктіреді. Ол кездері Нұрхан халыққа етене таныс бола қоймаған, небәрі «Амангелді» және «Қарға» атты екі ғана туындысы жарыққа шыққан жас ақын еді. Исаның шаңына ілесе алмайтынын сезгендіктен, әлқиссасын бірден былай бастап кеткен көрінеді:

Ғажабы бұл ғаламның ақын Иса,

Басқа ақын Иса десе, аузын тыйса

Исаға еш біреуі тең келмейді,

Миллиардтың ақындарын бәрін жиса.

Исаның ақындығы менен басым,

Екпіні құлатқандай таудың тасын

Әркімдер өз теңімен айтысады

Алып кел Тәжібайдың Әбділдасын – деген ғой. Осындай бастамаға қатты риза болған Сәбит аға, қасында қазылар алқасында отырған Әбділда ағамызға қалжыңдап: «Мықты болсаң, Нұрханмен шық» деген екен. Иса ақын жас та болса, жасындай өткір Нұрхан ақынға риза болғаны соншалық, кереметтей жауап қайырған:

Жыр десе кетеді екен желдей есіп,

Ән десе кетеді екен селдей көшіп,

Болған тұла бойы сап-сары алтын

Мынау бүгін шықты ма жерді тесіп.

Шу дегенде көріндің жанның қоры,

Ойлап ем мұны айдаған ненің соры

Суырылып хан тобынан дара шыққан,

Сенсің ғой дәу де болса жауыр торы.

Міне, осындай тамаша теңеулерден кейін, Нұрхан Ахметбеков «Торғайдың топ жарғаны» атанған. Нұрхан күй өнеріне өте ғашық жандардың бірі болған. Алдағы кешімізде ол кісінің «Жеңіс», «Манатау» атты күйлерімен жырау Нағашыбай Алпысовтың орындауында «Торғайдан сәлем» жырлары оқылады.

 

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button