Басты ақпаратСұхбат

Целиноградта қазақша атаудағы көшелер кем болған

Экс-депутат, «Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» АҚ директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау аясында бірқатар облыстарды аралапты. Рухани жаңғыру, ұрпақ тәрбиесі туралы әңгімелері аудитория жинады. Келе-келе үлкен лекцияға ұласты. Келін атанам деп жүрген қыздар мен отау иесі Оразкүл ханымға бір сағатқа кіріп шықса дейсің. Кеңейіп, кемелденіп қайтады. Астана көшелерінің қазақылануына өлшеусіз еңбек сіңірген кісі. Тіл басқармасының басшысы болғанында кеңестік атаулармен аянбай күресті. Ұлт жанашырымен әңгімеміз ұлттық код, тіл табиғаты және латын қарпіне көшу туралы болды. Ұлттың ұстыны да айтылмай қалған жоқ.

Оразкүл АСАНҒАЗЫ, қоғам қайраткері:

Әкем бала күнімде «ел басқаратын қызым» дейтін…

– Оразкүл ханым, алғашқыда масаның ызыңы көп болған Астанаға қай жылы, қалай келдіңіз? Әңгімені осымен бастасақ…
– Мен билікке әйелдік міндетімді атқарып болып қана араластым. Астанаға келуім де солай. ҚызПИ-ді бітірерде алдымда екі жол тұрды. Бірі – тұрмысқа шығу, екіншісі – оқуды жалғас­тыру. Университетте қалсам, өмірім одан да басқаша болар еді. Мен отбасын құруды ойладым. 21 жасымда жарыммен қол ұстасып, ауылға кеттім. Барып, екі анаға келін болып түстім. Ауылда мұғалім болып жұмыс істедім. Бес баланы дүниеге әкеліп, белден асқандай болдық. Қозапая жинап, жаппа да иледік. Қолымызға сіңіп қалған жоқ. Бір күні марқұм енем: «Сен өсетін адамсың, балаға байланып қалма, мен-ақ қарайын, қызметіңе бар» деді. Осылайша, мектеп директорынан басталған еңбек жолым Жоғарғы Кеңестің депутаттығына дейін өсті. Ал Астанаға жарым Әлмантай Жора Тойлыбайұлының республикалық «Асыл түлік» АҚ-қа басшы болып тағайындалуымен байланысты келдік. Мен елорданың Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ауданның имиджін қалыптастыру үшін «Қос бұрым», «Әже әлдиі», «Жігіт сұлтаны» байқауларын, көше мерекелерін, т.б іс-шараларды өткіздік. Қалалық Тіл басқармасы ұйымдастыратын жарыстарға белсене қатыстық. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруін анықтайтын байқауларға бөлім басшылары, аудан әкімдерін қатыстырып, бәрінде жүлделі орындар иелендік. Сарыарқа ауданында бірде-бір қазақ тіліндегі мектеп жоқ еді. Негізгі жұмысты қалалық оқу бөлімімен бірігіп, аудандағы орыс тілді мектептерді аралас мектептерге, аралас білім ошақтарын қазақ тілді мектепке айналдырдық. Осындай шаралар аудан халқын қанаттандырды. Әкімшіліктің әрбір өткізген іс-шарасын халық үнемі қолдап отырды.
– Институтта оқып жүрген кезіңізде Лениндік стипендиат атанып, факультетте комсомол комитетінің хатшысы болыпсыз. Сол кезде-ақ партия қатарына өтіпсіз. Байқауымша, билікке баратыныңыздың алғышарты сол кезде-ақ қаланған сынды. Сізді билікке не әкелді?
– Ата-ананың ақ тілегі. Әкем Асанғазы Омаров анам Кәденге үйленгеннен кейін 1939 жылы әскер қатарына алынып, 1941 жылы соғыспен бетпе-бет келген. Соғыстан оралған соң Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақтөбе колхозында шопан болды. Анам Кәден Омарова әкем әскерге шақырылмай тұрып келін болып түсті. Сегіз жыл әжем Ырысбаланың қолында қайынын, қайын сіңлілерін бірге тәрбиелеп, соғыс кезінде қиын-қыстау күндерді бірге өткізген. Канал қазуға қатысқан. Әкем соғыстан келгеннен соң, біздер дүниеге келдік. Мен төрт ұлдың ішіндегі жалғыз қызбын. Содан болар, әкем қойлы ауылдан келгенде, атының алдына отырғызып алып: «Менің ел басқаратын, елдің қызы болатын балапаным келе жатыр. Жол беріңдер» деп масаттана шерулейді екен. Ол кісінің осы сөзін анам мен әжем үнемі есіме салып отырды. Әкемнің ауданның құрмет тақтасына ілінген бір ғана суреті сақталған. Озат шопан болған. Ол жайында толық тарихи мәліметті Шу ауданының 80 жылдық мерейтойына байланысты шыққан кітаптағы Мәмбет Қойгелді жерлесімнің мақаласынан қай жылы 100 сау­лықтан қанша қозы алғанына шейін жазылған мәліметтен анық білдім. Мен қайда жүрсем де, қатарымның алды болу, әкемнің атына тек жақсы сөз естіртуді өзіме аманат еттім. Осылайша, менің өмірлік жолымды азғантай ғұмырында әкем бағыттап кетті.

Бәсекеге қабілетті 30 елдің 22-сі – латын әліпбиінде

– Парламентте нендей мәселені айта алмай кеттім деп өкінесіз?
– Парламентте «айта алмадым» деп емес, айтқандарымның кейбірінің аяқсыз қалғанына өкінемін.

Тіл мәселесі түбегейлі шешімін табуы керек еді. Астананың атауларын қазақыландыру былай тұрсын, әр қазақ қазақша еркін сөйлеуі қажет. Латын әліпбиіне көшеміз деп жатырмыз. Елбасы бұл қадам қазақ тілінің қадір-қасиетін арттырып, мәртебесін көтеру үшін керек екенін нақты айтты. Өкінішке қарай, тәуелсіздіктің 26 жылында әлі де болса балаларын орыс тілді сыныптарға беріп отырған қандастарымды түсінбеймін. Өйткені қазақ тіліндегі сыныптар ғана латын қарпіне көшеді.

Ал орыс тіліндегі сыныптар кириллицада қалады. Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің 22-сі – латын әліпбиінде. Экономикасы ең мықты 10 мемлекеттің 7-уі, әлемдегі ең бай 20 мемлекеттің 18-і – латын әліпбиінде. Түркітілдес елдердің 56 пайызы – латын қарпінде. 25 пайызы – араб графикасында. Тек қана 17 пайызы – кириллицада. Әлем халықтарының жартысына жуығы латын графикасын игілігіне пайдаланып, әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен тарауда. Сонда біз қай жағында болуымыз керек? Демек, кең таралған жазу. Мұны, әсіресе, жастар жақсы түсінеді. Бабамыз әл-Фарабидың: «Дүниені өзгерткің келсе – алдымен өзің өзгер» деген сөзінің мәнісі осы емес пе? Елбасы латын әліпбиіне өту қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетініне сенім білдіреді. Егер олай болмаса, латынға өтудің қажеттілігі туындамас еді. Алдымен әліпби арқылы, оның емле ережелері арқылы кезінде бұрмаланған тіл табиғатына тән қажеттіліктер қалпына келтіріледі. Әліпбимен бірге жазу реформасы жасалады. Латын әліпбиіне көшу қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосады, мемлекетіміздің елдігін сипаттайтын, ешкімге еліктемей, ұлттық кодымызды одан әрі нық қалыптастыруға септігін тигізері анық.
– Бірақ бәрібір де «қазақ тілді мектептерде орыс тіліндегі білім мекемелерінен білім аздау» деген түсінік бар ғой.
– «Қазақ тіліндегі сыныптарда білім нашар беріледі» деген қа­уесетті қазақ тілінде білім алған балалардың алтын медаль саны, ҰБТ көрсеткіші, республикалық, халықаралық пәндер олимпиадаларында 70 пайыздан астамы қазақ сыныбының оқушылары екені жоққа шығарады.

Білім көрсеткіштері бойынша Астана қаласындағы ең мықты 5 білім ұясының барлығы – қазақ мектептері. Елбасымыз 2006 жылы ҚХА сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандықтар үш тіл білуі керек: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі. Бірақ қазақ тілі – үш тілдің біреуі емес, біріншісі, негізгісі, маңыздысы. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» дегені бар. Бұдан артық қалай айтуға болады? Орыс тілінде білім алған бала үш тілді меңгермейді. Орыс тілді сыныптың табалдырығын аттағанда, онда қазақ тіліне деген, қазаққа деген қарсы «эго» пайда болады.

Бұған дәлел, 6 жыл Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болғанда, жыл сайын үш тіл білетін оқушылардың, жастардың байқауын өткіздік. Жарысқа қатысатын 56-60 оқушыдан бір-екі ғана бала орыс тілді мектептен қатысады. Қалған үштілді бала қазақ тілді мектептерден қатысады. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөздерінен қорытынды шығарған халық балаларын қазақ сыныптарына беріп, қазақ сыныптарының саны көбейді. Дегенмен әлі де орыс тілді сыныптарда отырған қара көз қандастарымыздың ата-аналарының санасына ой салсақ деген ниеттемін. Ата-ананы да, ұлтты да біз таңдамаймыз, ол – Жаратушының қолында. Өз ұлтының тілінде сөйлемеу – Жаратушыға қарсы шығу.
Санкт-Петербургтық жазушы Григорий Петровтың «Ақ лала гүлдер өлкесі» деген кітабында Финляндия туралы айтылады. Финляндия көптеген жылдар шведтердің, орыстардың қол астында болып, фин тілі жо­йылуға тақағанда Финляндияның экономикасы, әлеуметтік жағдайы құлдырайды. Сонда Йохан Вильгельм Снелман деген фин азаматы үй-үйді, ауыл-­ауылды аралап, «Бізді Жаратушы фин етіп жаратты. Бізге фин тілін берді. Егер фин тілін қолданысқа енгізбесек, біз Жаратушыға қарсы шыққанымыз» деп үгіттеп, фин тілін өз тұғырына қондырған соң, Финляндия әлемдегі ең бай, ең білімді елге айналды. NOKIA- ны тұтынбайтын адам жоқ. Халқының саны – 5 млн, оның 1 млн 300 мыңы – өзге этнос өкілдері. Бұл – менің «Біз азбыз» дегендерге уәжім.

«Ұлттық код сақталмаса, адасуға бастайды…»

– Бір әріптесіңіз маған: «Депутаттықтан түскенде қиналғаным да, қорланғаным да рас…» деп сұхбат беріп еді. Мандатты тапсырғанда нендей күйде болдыңыз?
– «Бақ деген – құс, ұшады да кетедi.
Тақ деген – түс, кiредi де кетедi.
Байлық деген – мұз, еридi де кетедi.
Мәңгiлiк қалатын – адал iс» деген Әйтеке бидің оралымды ойын әрқашан есіме алып жүремін. Мен қандай қызмет атқармайын, абыроймен орындауға ұмтылдым. Орын, тақ мені елге таныстырған жоқ, мені елге атқарған жұмыстарым әйгілі етті. Ел арасына барып, оқып жүрген лекцияларымда халық мені әлі де депутат деп ойлайды екен. «Алтыншы шақырылымның қалаулысы» деп таныстырып жатады, түзетіп отырамын. Депутаттықтан босауым менің алдымнан жаңа мүмкіндік ашты. Менің бағыма Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланып, «Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңнен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дегенін халыққа етене түсіндіруге белсене атсалыстым. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен өңірлерді аралап, елмен кездестім. Осы кездесулерде ұлттық код, яғни ұлттық қадір-қасиет ана тіліміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз терең тарихымыздан нәр алса ғана өміршең болатынын айтамын. Қазақ болудың басты шарты – қазақ тілінде тыныс-тіршілік жасап, қоғамның барлық саласында ана тілімізде, мемлекетіміздің тілінде өмір сүру. Осыны жастарға дәлелді түрде жеткіземін.

Алғашқы жетпіс­тікке енетін тіл

– Елбасының бағдарламалық мақаласын халыққа етене түсіндіру үшін өңір-өңірді араладыңыз. Елдің ішінен не байқадыңыз?
– Ең алғашқы аңдағаным – кез келген аудитория Елбасының: «Еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз» туралы әңгімені қызыға тыңдайды. Ұлттың жаны – қазақ тілінде, қазақ тілі – кейбіреулер ойлағандай тұрмыстық тіл емес, талай қазынаны хаттаған, тудырған, стильдік тармақтары әбден сараланған бай әдеби тіл. Сөйлеу­шілер жағынан да алғашқы 70 тілдің қатарына енеді. Қазақ тілінің байлығы мен бейнелілігі жөнінде шетелдік ғалымдар сан рет жазған. Әлемде бірде-бір таза тіл кездеспейді. Тілдердің арасында сөз алмасу процесі үнемі жүріп отырады. Дегенмен де, ең бірінші кезекте біз қазақ тіліндегі бар сөздерді мүмкіндігінше тілдік қолданысқа енгізуіміз керек. Сол арқылы тілдің қолданыс аясы кеңейеді. Кешегі Алаштың алып арыстары, соның ішінде Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» десе, Ғұмар Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт өлген, жоғалған ұлт болады» деп көрсетеді. Ал Мағжан Жұмабаев: «Тіл – ұлттың жаны» деп шындықтың шымылдығын ашты. Сондықтан біртұтас қазақстандық ұлттың негізгі тілі – сана айнасы қазақ тілі болуы қажет. Бұған қазақ тілінің бүгінгі күнде құқықтық та, лингвистикалық та және демографиялық жағдайы толық жетеді. Жалпы, қазақ тілін қоғамның барлық саласына ендіру үшін қазақ өз сөзін пайдаланып, жоқ сөздерді туыстас түркі тілдерінің баламасынан алу керек. Егер баламасы табылмаған жағдайда, шет тілдік (кірме) сөздерді қазақ тілінің табиғатына сәйкестендіріп алуымыз тиіс. Қазақ тілі, кейбір азаматтар ойлағандай, кедей тіл емес. Кімде-кім кез келген сала, министрліктер сөзді қолданысқа енгізгенде, қазақ тіліндегі атауларды таба алмай қиналса, біздің «Тіл – Қазына» орталығының «termincom.kz» сайтына жіберсе, ғалымдармен келісіп, міндетті түрде көмектесеміз. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттырудың төте бір жолы – ғаламтор тіліне айналдыру. Сондықтан да латын әрпіне көшу өте қажет. «Болашақ» қауымдастығы балалардың әлемдік «DISNEY» мультфильмдер топтамасын қазақ тіліне аударған 16-ншы ел болдық. Міне, осылайша, әрқайсымыз қазақ тілінің қолдану аясын төмендетпей, жоғарыға көтеруіміз керек.
– Сіздіңше, қазақ тілін бизнес тіліне айналдыруға бола ма?
– Әрине, болады. Біздің бабаларымыз ұлан-ғайыр даламызды әлемге Ұлы Жібек жолы арқылы танытқан. Осы Жібек жолының бойында қаншама сауда-саттық жасалынған. Біз жыл сайын «Славян жазуының мерекесін» өткіземіз. Сонда мәскеулік ғалым, Ресей халықтар достығы университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Семячкин Владимир Павлович: «Орыс сөзінің 60 пайызы – өздерінікі, 40 пайызы кірме сөз екенін, осы 40 пайыздың 70 пайызын түркі тілінен алғанын» айтады. «Деньги» деген сөз теңгеден, «казначейство» – қазына деген сөзден шыққанын айтып, баяндама жасады. Елбасы кәсіпкерлерді қолдау үшін жыл са­йын қаншама заңдарға өзгерістер енгізіп, олар келісетін құжаттар санын азайтып, тексеруді шектеп отыр. Бірақ кәсіпкерлер «сыйға – сый, сыраға – бал» деместен Тілдер туралы заңның 19, 21-баптарын өрескел бұзып, жарнамаларын тек орыс тілінде жазуды әдетке айналдыруда. Көп қабатты үйлердің кіреберісіндегі, жеделсатылардағы жарнама ілінетін жерлердегі әртүрлі қызмет көрсететін жарнамалар толығымен тек орыс тілінде. Дәріханаға кірсеңіз, сатушы да, алушы да қазақ болса да, бір-бірімен көрші мемлекет тілінде сөйлеседі. Әрі оны мәдениеттілік деп есептейді. Әттең, шіркін, олар Мұхтар Әуезовтің «Өзінің ана тілін білмеген және сыйламаған адамды толыққанды мәдениетті деп есептеуге болмайды» деген сөзін оқымаған ғой. Әуезовті өзіміз ғой десе, Гарвард университетін 30 жыл басқарған Уойлд: «Адамның білімділігінің бір ғана көрсеткіші бар. Ол – ана тілін білу» дейді. Биыл біздің БҒМ 200 оқушының ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырғысы келетінін қуана хабарлады. Осы «200 оқушының қаншасы қазақ тілін ұғады?» дегенге келсек, бірде-біреуі білмеуі мүмкін. Халел Досмұхамедұлы: «Ана тіліңді біліп тұрып, өзге тілде сөйлесең – сүйініш, ал білмей, өзге тілде сөйлесең – күйініш» дейді. БҒМ «Рухани жаңғыруға» байланысты биыл өзге тілде мектеп бітірген шәкірттерінің қанша пайызы сүйініш екенін айтып қуантса ғой.

700-ге жуық көшеге қазақша атау бердік

– Астананың 20 жылды­ғында есімі міндетті түрде аталар адамның бірі – өзіңіз. Бас қаланың тілі қазақшаға бұрылу үшін бір кісідей үлес қостыңыз. Қандай кедергіге кезіктіңіз сол жылдары?
– Ең басты қиындық – тұр­ғындардың тарихымызды біле бермеуінде. Дана халқымыз «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» дейді. Егер ономастика соншалықты саясатқа әсер етпесе, патшалық, кеңестік саясат миллиондаған жер-су, тау-тас, елді мекен, көше атауларын ауыстырар ма еді? Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның дамуы ұлттық және елдік құндылықтарды қалыптастыру, ономастика саласымен де тікелей байланысты екені белгілі. Елбасы Астананы көшіріп келерде Целиноградты аралап, бірде-бір көшеде қазақша атаудың болмауына таңғалған. Астана көшіп келгенше отыз шақты көшенің атауы өзгертілді. Тілдерді дамыту басқармасына басшылыққа келгенде, Ономастикалық комиссия құрамы күшейтілді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабындағы тарихымыздың XIII дәуіріне сәйкес, ірі тұлғаларды, тарихи оқиғаларды, жер-су атау­ларын белгілеп, соған сәйкес, көше атауларын ауыстырдық. Мәселен, қазақта «Жеңіс» деген сөз жоқ сияқты «Победа» даңғылы, «Бейбітшілік» деген сөз жоқ сынды «Мир» көшесі болған. Барлығы 700-ге жуық көше атаулары өзгертіліп, жаңа көшелерге ат берілді.

Сұхбаттасқан
Қарлыға ИБРАГИМ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button