Басты ақпаратШартарап

Түркиядағы зілзала сабағы қандай?

6 ақпанда Түркияда магнитудасы 7,8 және 7,6 балдық екі бірдей күшті жер сілкінісі болып, Түркия елі 100 жылдан бергі ең ауыр табиғи апатқа ұшырады. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақыт 01:17-де (Астана уақыты бойынша сағат таңғы 7:17) тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы – Түркияның Газиантеп қаласынан 27 шақырым жерде, 10 шақырым (кейбір деректерде 7 шақырым делінеді) тереңдікте болған. Алғашқы жер сілкінісінен кейін 680-нен аса жерасты дүмпуі тіркелген, олардың алтауының магнитудасы 6 балдан асты. Президент Режеп Тайып Ердоған бұл зілзаланы Түркия тарихында 1939 жылдан бері болмаған күшті апат деп атады, сондай-ақ елде 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Аса күшті жер сілкінісінен кейін Түркия өз орнынан шамамен 3 метрге дейін жылжып кетті. Бұл туралы Италия вулканология және геофизика ұлттық институтының президенті Карло Дольони мәлімдеді. Сілкініс кезінде ұзындығы 190 км және ені 25 км болатын аумақтың жері жарылды. Жерасты дүмпулері жарты сағат ішінде әртүрлі аймақтарда, соның ішінде Түркияның астанасы Анкарада, Адана, Невшехир, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Хатай өңірлерінде сезілді. Al Arabiya телеарнасының хабарлауынша, жер сілкінісін Ирак пен Ливанның кейбір аймақтарының тұрғындары да сезген. Сонымен қатар Израильде де жерасты дүмпулері байқалған. Оның үстіне жер қайта-қайта сілкініп тұр. 7 ақпан күні магнитудасы 5,4 болатын жер сілкінісі тіркелсе, кеше жергілікті уақыт 3:20 шамасында тағы 4 балдық жер сілкінді.

Сілкіністен Түркияның кемінде 20-ға жуық ірі қаласы зардап шекті. Сирияда да Алеппо, Латакия қалаларымен қоса, оның маңындағы бірқатар аудан қираған. Қазіргі уақытта екі елде де (Түркия мен Сирия) іздестіру-құтқару іс-шаралары жүріп жатыр. Үйінді астында қалған, жарақат алған, қайтыс болғандар саны сағат санап артуда. Қираған ғимараттар астында қанша адам қалғаны әлі белгісіз.

8 ақпан күнгі мәлімет бойынша, Түркияда 9557 азамат қаза тауып, 40 мыңнан астам адам зардап шеккен, 11300 ғимарат қираған, 10 мыңнан аса адам үйінді астынан шығарылған. Ал Сирияда зілзаладан құрбан болғандар саны 1900-ден асты. Жарақат алғандар бірнеше мыңға жеткен. Дегенмен Сирияда құрбандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені 12 жылға созылған қақтығыстан әлі есін жинап үлгермеген араб еліндегі жағдай зілзалаға дейін де өте ауыр еді. Үкімет елдің бүкіл аумағын бақылап отырған жоқ.

Қазір әлем елдері мен халық­аралық ұйымдар қолдан келгенше Түркия мен Сирияға көмек көрсетіп жатыр. Халықаралық қызыл крест қос мемлекетке жәрдемдесуге 75 миллион доллар сұрап отыр. Біреу­лер ақшалай жинаса, басқалары керек-жарақ пен мамандарын жөнелтуге кіріскен. Түркия тарапының мәліметінше, табиғи апаттың зардаптарын жоюға түрік және шетелдік 30 мыңнан астам құтқарушы жұмылдырылды. Олардың саны сағат санап артып келеді. Соңғы екі күнде іздестіру-құтқару жұмыстарына ерікті ретінде қатысуға 120 мыңнан астам адам өтініш берген. Бірақ сонда да құтқарушылар жетіспей жатыр. Кейбір алыс аймақтарда қиранды астында жатқан адам әлі көп. Егер оларға жедел көмек көрсетілмесе, суық өтіп, аштан өлуі мүмкін.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақ­стан Үкіметі Түркия­ға құтқарушыларды аттандырды. Олар кеше Түркияның Газиантеп қаласына жетіп, құтқару жұмыстарын бастап кетті. Қазақстандық топ құрамында республикалақ жедел көмек жасағының 33 қызметкері мен апат медицинасы орталығының 5 маманы және Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев бастаған ведомствоның үш өкілін қамтыған 41 адам бар. Тағы 1 «КамАЗ» бен 2 арнайы құтқару көлігі және медициналық препараттар жеткізілді. 8 ақпан күні қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы да Түркияға жетті. Оның құрамында 60 адам бар. Сонымен Түркияға барған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 101 адамды құрады

Түркияның табиғат апатынан зардап шеккен 11 провинциясында білім беру мекемелері уақытша жабылды. Шенеуніктер зілзаладан аман қалған мектеп, жатақханалар мен спорт нысандарының тізімін жасады. Баспанасынан айы­рылғандар уақытша сол жерлерге жайғастырылады. Газиантеп пен Кахраманмараштағы әуежайлар жолаушылар үшін қызмет жасамайтын болды. Мұнда тек гуманитарлық жүк тиелген ұшақтар ғана қонады. Хатай әуежайы да апаттан зардап шекті. Сондықтан әуе айлағынан ұшақтар ұшып жатқан жоқ. Ал Искендерун кемежайында жер сілкінісінен кейін өрт шыққан.

БҰҰ Түркия мен Сирияға жер сілкінісінен жапа шеккендерге 25 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек жібермек. Президент Режеп Тайып Ердоғанның мәлімдеуінше, зілзала зардабымен күреске көмектесуге 80-ге жуық ел ниет білдірген. Арасында НАТО мен Еуроодақ мүшелері, Ресей мен Украина да бар. Әлемнің бірнеше елі, соның ішінде Ресей, Германия, Франция және Иран Сирияға көмектесуге ықылас танытқан. НАТО мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің өрт сөндірушілерінен, полиция қызметкерлері мен әскерилерінен құралған 10 құтқару командасы Түркияға әлдеқашан жетіп, құтқару жұмысына кірісіп кетті. Зілзаладан зардап шеккендерге жедел жәрдем көрсету үшін қарт құрлықтың дәрігерлері мен медициналық құрал-жабдықтар да жеткізілмек. Сондай-ақ Еуропалық комиссия Анадолы еліне өзінің «Copernicus» деп аталатын спутниктік желісін ұсынды. Желі төтенше аймақтардың картасын жасауға таптырмас көмек. Дәл осындай қолдауды Еуроодақ Сирия үкіметіне де ұсынып отыр.

АҚШ Президенті Джо Байден Түркия мен Сирияда қаза тапқандарға көңіл айтып, мыңдаған адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісі жайлы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтып, «Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын» деп жеделхат жолдады. Сондай-ақ Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Іле-шала Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі Түркияға құтқарушыларды аттандырды. Олар кеше Түркияның Газиантеп қаласына жетіп, құтқару жұмыстарын бастап кетті. Қазақстандық топ құрамында республикалақ жедел көмек жасағының 33 қызметкері мен апат медицинасы орталығының 5 маманы және Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев бастаған ведомствоның үш өкілін қамтыған 41 адам бар. Тағы 1 «КамАЗ» бен 2 арнайы құтқару көлігі және медициналық препараттар жеткізілді. 8 ақпан күні қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы да Түркияға жетті. Оның құрамында 60 адам бар. Сонымен Түркияға барған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 101 адамды құрады.

Жалпы Жерорта теңізі аумағында жер жиі сілкінеді. Жасыл шардағы барлық жер сілкінісінің 5-6 пайызы осы аумақта болады. Демек, Түркия сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан. Ғалымдар сілкініс қуатын 130 атом бомбасының қуатымен салыстырған бұл жойқын сілкініс 1999, 1939 жылдардағы сілкіністі еске салды. Түркияда 17 мың адамның өмірін жалмаған, 600 мың адамды баспанасыз қалдырған ғаламат зілзала 1999 жылғы 17 тамызда болса, 1939 жылғы Ерзинжан (Erzincan) зілзаласында 32 968 адам опат болды, 100 мыңдай адам жараланды.

Бұл реткі жойқын сілкініс әлемдік саяси жағдай үшін де үлкен сынақ болды. Сарапшылар табиғат апатынан кейін Сириядан көрші Түркияға және Еуропа елдеріне ағылған босқындар нөпірі артуы мүмкін деген болжам жасауда. Ең маңыздысы, осы реткі апаттан кейін қарым-қатынасы жақсы емес елдер де Түркия, Сирия елдеріне көмек көрсетуге ниет танытты. Мәселен, Израиль, Армения, Грекия сияқты елдердің басына іс түскенде Түрік еліне жәрдем қолын созуы болашақта арадағы салқындықты сейілтуге септігін тигізуі мүмкін.

Түркиядағы зілзала әлем елдеріне үлкен ескерту жасады. Әсіресе, сілкініс көп болатын елдер бұл апаттан үлкен сабақ алуы тиіс. Әрине, Қазақстанда да жер жиі сілкінетін аумақтар аз емес. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент, Тараз қалалары сілкініс белдеуінде тұр. Таулы аймақта орналасқан Алматы – еліміздегі сейсмикалық ең қауіпті қала. Аталған қалада алғаш рет 1887 жылы 9 маусымда магнитудасы 7,3 балл болатын жойқын жер сілкінісі тіркелген. Эпицентрдегі максималды күші 9,10 балды құраған. Кіндік тереңдігі – 20 шақырым. Ол жылдары шаһарда шамамен 30 мыңға жуық адам тұрған. Зілзаладан 332 адам көз жұмды. Алматы тарихындағы екінші жойқын жер сілкінісі 1910 жылы 22 желтоқсанда тіркелді. Магнитудасы 8,2 балды құраған 9 балдық жер сілкінісінен 44 адам қаза тапқан. Ал қираған үйлерде есеп жоқ. Соңғы жылдары қала аумағы неше есе өсіп, ғимараттардың төзімділігін анықтау мүмкін болмай кеткен. Оның үстіне 1983 жылы жасалған шаһардың соңғы сейсмикалық картасы қазіргі заман талаптарына сай келмейді дейді мамандар. Түркиядағы жағдай осы қауіпті де еске салады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button