Ел тынысы

Түлектерге диплом тапсырды

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен елорда әкімі Алтай Көлгінов Астана медицина университетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысты.

[smartslider3 slider=3485]

 «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өткен Астана медицина университетінің түлектеріне салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімінде түлектерге арнаған сөзінде Е.Тоғжанов еліміздің денсаулық сақтау және білім беру саласындағы бірқатар жетістігін, сондай-ақ университет студенттерінің пандемиямен күреске ат­салысқанын атап өтті.

«Қызыл диплом алу үшін қаншалықты тер төгілгенін білемін. Медицина мамандығын меңгеру қиын. Бүкіл ел COVID-19 пандемиясына қарсы тұрған кезде, сендер жастарыңа қарамай, вирус­пен күресуге аға толқынмен қатар атсалыстыңдар. Оқуды сәтті аяқтағандарыңа өте қуаныштымын» деді ол.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те Астана медицина университетінің түлектеріне ақ жол тіледі.

– Жыл сайын елорданың медициналық мекемелері заманауи диагностикалық техникамен жабдықталады, біз елорданың әрбір тұрғыны жайлы өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін барлық шараларды қабылдаудамыз. Қалада 21 мыңнан астам медициналық ұйым жұмыс істейді, онда 5 мыңнан астам дәрігер еңбек етеді. Еліміздің үздік медициналық жоғары оқу орындарының бірінің әрбір төртінші студенті ­Нұр-Сұлтан қаласында қалатынына қуаныш­тымын, сіздер елордамыздың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналатындарыңызға сенімдімін, – деді әкім.

Астана медицина университеті басқарма төрағасы – ректоры Камалжан Надыров құттықтау сөзінде диплом тапсыру рәсімі университет үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

Астана медицина университеті еліміздің үздік 10 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және білім беру сапасының сыртқы бағалауы бойынша Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де жоғары сұранысқа, рейтингке ие.

1964 жылдан бастап оқу орнынан 26 мыңнан астам студент шығарылды. Мұнда 64 кафедра, екі ғылыми-зерттеу институты, 17 зертхана бар. Университетте бір жарым мыңнан астам адам еңбек етеді және шамамен 10000 студент оқиды, олардың арасында 20 жақын және алыс шетел өкілдері бар. ЖОО-ның академиялық серіктестері – АҚШ, Сингапур, Еуропа, Ресей және басқа елдердің жетекші университеттері.

Пандемиямен күресте ерекше көзге түскен ЖОО-ның 20 студенті ел Президентінің Жарлығымен бекітілген «Халық алғысы» мемлекеттік медалімен марапатталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button