Құқық

«Түнгі сот» тұрғындарға қолайлы

Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотында «Түнгі сот» қанатқақты жобасы жұмыс істей бастаған бес айда 1 811 әкімшілік іс қаралып, оған 3 720-дан аса адам қатысты.

Сот қараған әкімшілік материалдардың көпшілігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабына, атап айтқанда, көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген себеп-салдарға қатысты болды.
Биыл қазан айының ортасында «Түнгі сот» отбасылық-тұрмыстық кикілжіңге байланысты тараптардың келісімге келу мәселесін қараса, арада көп уақыт өтпей, жоба аясында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған өзге елдің азаматтарына қатысты материалдар қаралды. Бұл өз кезегінде шетел азаматының сол күні еш кедергісіз елден кетуіне мүмкіндік береді.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы жалпы тәртіпте қаралатын әкімшілік істердің азаюына, сөйтіп, тұтастай алғанда, сот жұмысын жеңілдетуге зор мүмкіндіктер туғызуда.
Статистика көрсетіп отырғандай, «Түнгі сот» жұмыс істей бастаған бес айдың ішінде судьялардың жұмыс жүктемесі біршама азайған. Мәселен, 2018 жылдың маусымына дейін бір судьяның орташа айлық жүктемесі – 300, 330 іс болса, қазіргі кезде өндірістегі істер саны 250-257 болып отыр. Түнгі сот жұмыс істей бастаған уақыттан бері бір күнге судья 10-11 іс тағайындаса, ал 2017 жылдың осы кезеңінде бір судья күніне 25-тен 40 іске дейін қарайтын.
Келіп түскен әкімшілік материалдарды сол күні қарау адамдардың сот жүйесіне деген сенімдерін нығайта түсуде. Осының өзі қолға алынып отырған ілкі жобаның тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдей түседі.
Жоғарыда атап өткендей, түнгі соттар істі басқа күнге қалдырмай тез шешіп, уақытты үнемдеумен қатар, заңдылықты қалпына келтіреді. Яғни, істің жылдам қаралуын қамтамасыз етіп, сот әділдігін орнатуға ықпал етеді. Өйткені, оқиғаның ізі суымай қаралуы азаматтарға да ыңғайлы.
Сонымен қатар, аталған істер бойынша әкімшілік материалдарды қарау кезінде сақтандыру компания­лары «Түнгі соттың» қаулысы негізінде сақтандыру жағдайларына байланысты сот актісінің заңды күшіне енуін күтпей-ақ, бағалау жүргізе алады.
Осыған орай сотқа қатысушылар сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін үш немесе бес тәуліктің ішінде өздерінің сақтандыру төлемдерін ала алады. Бұл азаматтарға келтірілген зиянның орынын тез толтыру үшін жасалып отырған нақты көмек болып табылады.
Кейінгі уақытта Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Түнгі сот» жобасы бойынша әрбір әкімшілік материалдарды қарар кезде қатысушы тараптардың пікірлерін сұрау­ды тәжірибеге енгізіп келеді.
Адамдардың барлығы дерлік өз пікірлерінде кешкі мезгіл болғасын, ешқандай кезек күтпейтінін, қажетті құжаттарды толтырып, мәжіліс залына бірден өтетінін айтады. Сондықтан көпшіліктің осындай ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, жобаны халыққа қызмет ету үшін одан әрі жетілдіре түсу мүмкіндіктері қарастырылуда.

Ботагөз БАЯНОВА,
Астана қалалық соты ақпараттық
қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button