Қала тіршілігіМәслихат

Тұрғындар талабы ескерілуде

Астананың бірнеше жерінде соңғы жылдары тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңа көшелер пайда болды. Сол аумақтар тұрғындарының мәселелері бірте-бірте шешіліп келеді. Бұған қалалық
мәслихат депутаттарының қосқан үлесі аз емес. Мәселен, № 3 сайлау округінен мәслихат депутаты болып сайланған Саят Батпенов өзіне тапсырылған аймақта тұратын халықтың өтініш-тілектері, олардың қалай шешімін тауып келе жатқаны туралы айтады.

– Ш.Қосшығұлұлы көшесінің тұрғындары аумақты көгалдандыруды ұзақ уақыт сұрады. Алайда мердігерлер бұл жерден кабельдер өтетіндіктен, ағаш отырғызуға болмайтынын сылтауратты. Соған қарамай, біз мың ағаш сатып алуға келіскен демеушілерді таптық. Бірақ бұған рұқсат алу үшін тағы біраз уақыт сабылдық. Сарыарқа ауданының әкімдігі бұл жұмысты атқаруға басқа аумақтарды ұсынды. Ал біздің мақсатымыз нақты аталған көшені жасыл желекке орау болды. Қала әкімі де бірде аталмыш аумақты аралағанда да ағаштардың аздығына назар аударып, тиісті тапсырма берді. Қазір көше тұрғындары жасыл желекке ғана емес, аумақтың абаттанғанына, балаларға арналған ойын алаңдарының салынғанына риза, – дейді депутат.
Енді Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан «Батыр» тұрғын үй кешенінің тұрғындарының абаттандыруға көңілдері толмай, жасыл желектің жоқтығына шағымданып жүр екен. Олар үй маңайындағы құлағалы тұрған жеке үйлердің орнына ағаштар отырғызылса екен дейді. «Сарыарқа ауданында бірде-бір саябақтың жоқтығы сіздерге жаңалық болатын шығар. Гүл бақтары, саяжолдар бар әрине, бірақ осындай үлкен ауданға бұл жеткіліксіз. Қалада ескі, апатты үйлердің орнына гүл бақтарын салу жоспарлануда. Сол кезде аудан да жасыл желекке орана түсетініне үміттіміз» дейді С.Батпенов.
Бұл тұрғын үй кешенінің жобасы бойынша көлік тұ­рағы да болуы керек еді. Алайда пәтер сатып алғандар селқостық танытты. Сондықтан бұл мәселе кезінде жүзеге аспай қалды. Депутаттың сөзінше, үй маңайында көлемі әжептәуір бос алаңқай бар еді. Жергілікті атқарушы органның араласуымен алаңқайға асфальт төселді. Қорытындысында 200-ге жуық көлікке арналған тұрақ пайда болды.
Оның айтуынша, Ш.Қосшығұл­ұлы көшесіндегі №10 қалалық емхана маңында да бұрын көлік тұрағы болмаған. Сондықтан оған келетін адамдар көліктерін тұрғын үйлердің аулаларына қаңтаратын. Әрине, бұл жағдай халықтың наразылығын тудыратын. Депутат бастамашыл топпен бірге бірнеше мәрте аудан әкімімен, тиісті салаға жауапты қала әкімінің орынбасарымен кездескен соң бұл мәселе шешілді. Автомобиль жолдары басқармасы 30 көлікке арналған тұрақты салып берді.
Бұл көшеде бұрын балалардың ойын алаңдары жоқ еді. Қазір жағдай жақсы жағына өзгерді, біраз үйдің ауласына осындай алаңдар мен жұмсақ жабындар төселген аумақтар салынды. Жасөспірімдер үшін екі футбол және волейбол алаңдары, жалпыға ортақ дала тренажерлері пайда болды.
Саят Батпенов бұл көше тұрғындары арасынан жақсы көмекшілері табылғанын айтады. Олардың көбісі – зейнеткерлер. Соның бірі Нүсіп Қажымұрат өзі тұратын үй мен ауладағы жағдайды үнемі бақылауда ұстайды екен.
Әрине, аймақтағы барлық мәселе шешілді деп айтуға болмайды. Көліктің жүруі мен жарықтандыру жағынан әлі түйткілдер бар. Депутаттың сөзінше Сарыарқа даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесі аралығындағы Ә.Жангелдин көшесі жөнделіп біткен соң бұл мәселелер шешіледі. Бұған қоса, әртүрлі қыз­меттер саны мен сапасы артады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button