Мәдениет

Түріктің сазы тербетiп…

Сонау 1991 жылы Қазақ тәуелсіздігін алғанда тұңғыш мойындаған түрік бауырларымыз екені санадан шыға қойған жоқ. Алмағайып сәттерде өз тізгінін қолына ұстаған елімізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен ағайынның пейілі біз үшін қай кезде де ақжарқын, таза. Өйткені, тарихын ғасырлардан тартқан мемлекет Қазақ жұртының әр қуанышына ортақтасып, барын ұсынып келеді бүгінге дейін. Соңғы рет Астана қаласының он бес жылдық мерейтойында да Қара теңіздің жағасынан құрамында сексен өнерпазы бар «Мектеп» оркестрі келіп, елорданы ән мен күйге бөлеген. 

 

Енді түрік бауырлардың қуанышын біз бөлісетін кез келді. 29 қазан – Түркия Республикасының тоқсан жылдығы. Әртүрлі кезеңдерде алты жүз Осман басқарған алып империя бірінші дүниежүзілік соғыста еркіндігінен айырылып, 1923 жылы Ата Түріктің күшімен қайта еңсе түзепті. Содан күні кешеге дейін дамудың даңғыл жолына түсіп, әлемнің талай еліне үлгі болуда.
Кеше тарихи мерекеге орай Конгресс-холл сарайында «Юнус Эмре» ораториясы қойылды. Есілдің жағасын түрік әуені тербеп, тыңдармандар түрік сезімдерімен қанаттанып қайтты. Композитор Аднан Сайгүннің әйгілі ораториясын сахнада салтанатпен орындаған солистер – Айхан Уштук, Шебнем Алгын, Нурдан Кучукекмекчи, Тунджай Куртоглу және дирижер Ибраһим Языджы шеберліктерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ал, Юнус Эмре кім? Ол – Ислам дінін мадақтап, насихаттап, алпыс үш жасынан жер астында ғұмыр кешкен Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті көрінеді. Төл дініміздің қанат жаюына қызмет еткен сопы ұстаз ізімен ұрпағына көптеген шығармаларын қалдырған. Діндардың жырларын сазбен әрлеген Аднан Сайгүн Түркиядағы ең талантты деген он композитордың бірі екен. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, сопының сөзіне жазылған «Юнус Эмре» ораториясы сазгердің таңдаулы туындыларының қатарынан. Бұл әлемнің он үш тіліне аударылған.
Кеш барысында Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының директоры Ибрахим Иылдырымды аз-кем әңгімеге тартқан едік. «Біз Астана қаласында үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Мақсатымыз – қазақ пен түрік арасындағы қарым-қатынасты көтеру, мәдениетті дамыту. Биыл орталық бастамасы­мен қазақ елордасында үлкенді-кішілі қырық шақты шара ұйымдастырдық. Солардың бірі – мамыр айында әзербайжан, өзбек, қырғыз, қазақ және түрік халықтарына ортақ Қожанасыр симпозиумы. Астаналықтар жоғары бағалады, жақсы қабылдады» деді ол. Ибрахим Иылдырым мәдени шаралар легі келесі жылда да жалғасын табатынын жеткізді. Яғни, ақпан айында Түркиядан «Хюрем сұлтан» қойылымын әкелу жоспарларында бар екен. Сонымен қатар, мәдени орталық ұлттық балалар фестивалін төртінші мәрте өткізеді.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button