Жаңалықтар

Туристерге тартымды қала

Астана қаласын EXPO 2017 халықаралық мамандан­ды­рылған көрмесіне дайындау­да Астана Конвеншн Бюросы ауқымды жұмыстарды бастап кетті. Бұл мекеме өткен жылы Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасы жанынан құрылған болатын.  Елорданың туристік секторын жоспарлау, дамыту және жылжыту бойынша негізгі ұйым саналатын мекеме  ішкі инвестициялар есебінен қала  экономикасын нығайтуды көздейді.

expo2017

Бүгінде іскерлік туризмді дамыту мақсатында халықаралық әуежайда, теміржол вокзалы мен «Хан шатыр» СОО-да ақпа­раттық киоскілер орнатылған. Осы уақытқа дейін оған 5000-ға
жуық өтініш түссе, оның тең жартысы шетелдік қонақтардан келген. Пайдалы ақпарат беретін тақталар қазақ, орыс және ағыл­шын тілінде қызмет көрсетеді.
Ал, Астана күні қарсаңында Hop-on/Hop-off жүйесімен жабдықталған экскурсиялық автобустар пайдалануға бе­ріл­мек. Қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы туристік интернет-портал мен Astana Guide мобильдік қосымшасы іске асырылады.
– Сайт пен мобильдік қо­сым­шаның ерекшелігі сол, қаланың көрікті жерлерін 3D арқылы виртуалды саяхаттауға мүмкіндік береді. Бұған қоса жыл сайын шығатын Astana Official Guide журналы маңызды деген ақпарат анықтамалығын ұсынады. Қыз­мет көрсетудің сапасын арттыру әрі кеңейту мақсатында «Recommended by EXPO» жобасы дүниеге келді. Мұнда қонақүйлер, хостелдер, қоғамдық тамақтану орындары, қызмет көрсету меке­мелері және транспорттық компаниялар топ­тастырылған, – дейді «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС­ ди­рек­торы Санияр Айтекенов.
Ұйымның тағы бір қолға алған бағыты – халықаралық байланысты дамыту. Қазіргі уақытта Астана қаласы шетелдік 28 мем­лекет­пен, соның ішінде 26 аста­намен ұзақмерзімді келісімге келу туралы меморандумға қол жеткізген. Осыған байланысты, туризмді дамыту мақсатында биыл Астана қаласында жетекші туроператорлардың, блогерлер мен шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен ақпараттық турлар ұйымдастырылмақ.
«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС мәліметіне сүйенсек, EXPO 2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесі қарсаңында «ЭКСПО лагерь» құрылысы бой көтермек. 9 мың адамға ла­йықталған лагерь Қазақстанның әр өңірінен келген оқушылар мен студенттерге арналмақшы.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button