Қоғам

«Уағалейкүм ассалам» дегенді естіп, әжем көзіне жас алған

1944 жылы Қазақстанға күштеп көшірілген Ахыска түріктерінің ішінде біздің Пириев­тер отбасы да болды. Әкем Аллаверди депортация кезінде небәрі 10 жаста екен.

Қарашаның қара суығында таңертең күтпеген жерден есік қағылып, ауылды толығымен кеңес әскерилері қоршауға алады. Олар «Немістер жақындап қалды, үйлеріңді тастап, бірнеше күнге жақын маңдағы елді мекенге уақытша орналасасыңдар» деп, қолдарындағы қаруларымен қорқыта көшуге мәжбүрлепті. Бұл кезде ауылда тек қариялар, әйелдер, балалар мен ауру-сыр­қау, мүгедектер ғана қалған болатын. Ал шамамен 40 мыңдай ахыскалық түріктер майданда еді. Малының алдына шөп-суын беріп, ауыл тұрғындары ешнәрседен күдіктенбестен дайын тұрған жүк көліктеріне мініп, теміржол стансасына әкелінеді. Қолына үйден бірде-бір зат алуға рұқсат етілмеген. Стансада басқа ауылдардан тура сондай сылтаумен жиналған мыңдаған адамдарды кезек-кезек жүк вагондарына тией бастайды.
Сонымен күздің қара суығында Ахыска түріктерінің белгісіз бағытқа, белгісіз елге азапты сапары басталады. Вагонның есігі сыртынан құлыпталған. Ішінде пеш, су, дәретхана тә­різді қарапайым қажетті нәрселердің өзі бол­мапты. Қасіретке толы алыс жол­дың алғашқы күндерінде-ақ бірнеше жас келіншек қайтыс болған екен. Олар вагонда үлкен кісілермен бірге келе жатқандықтан, кіші дәрет сындыруға ұялып, ақырында зәр бездері жарылып, марқұм болыпты. Кейін бірте-бірте суықтан, аштықтан, түрлі аурудан бақилық болғандар қосылады. Осылайша күн сайын қаза тапқандар саны артқаны себепті, кейбір жерлерде пойыз тоқтап, марқұмдардың денелерін жолдың бойында қардың ішіне тастап кетіп отырған. Не кебін, не ақыреті мен жерлеу жоралғысыз айдалаға лақтырылғаны жұрттың ашуын туғызады. Бірақ қолдан келер қайран да жоқ. Әйтеуір, кейбіреулер мәйіттерін жасырып бермеуге тырысқан. Стансаға тоқтағанда, әскерилерге соңғы алтындарын беріп, жалына жүріп, тез арада жерлеу рәсімін жасағандары да болыпты. Осылайша, жол бойындағы қарға немесе топыраққа жерленгендердің саны да, олардың жатқан жері де әлі күнге дейін белгісіз күйі қалды.


Үлкендердің айтқанынан тағы бір оқиға есімде сақталыпты. Стансалардың бірінде аяғы ауыр жас келіншектің толғағы басталады. Алайда әйелдерге де, ерлерге де вокзал ғимаратына баруға рұқсат етілмеген. Тек вагоннан түсуге және бірнеше метрлік қашықтыққа баруға ғана рұқсат берілген. Әйелдер құ­лақтарындағы алтын сырғаларын жинап, әскери-қарауылдарға беріп, толғағы қысқан келіншекке көмек көрсетудің жолдарын қарастырады. Толғатып жатқан келіншектің басы-қасында екі әйел, олардың төңірегіне айнала үш-төрт әйел шеңбер жасап, ал олардан кейін ер кісілер әйелдер жаққа сырттарымен тұра үшінші шеңберді қоршаған. Сосын айнала тұрған ер кісілер мағынасыз сөздермен айқайлап, шулай бастайды. Шу шығарудағы мақсат – босанған келіншектің дауысы естілмесін, босанғаны білінбесін дегендіктен екен. Өйт­кені әдет-ғұрыппен өскен ортада бұл ұят болып саналған ғой. Осы жағдайдан кейін әскерилер «Бұлар жабайы, таудан түскен құбыжықтар» деп мазақтай бас­тайды. Тіпті, сапардың соңында Қазақ еліне келген кезде де жергілікті билікке табыстап жатып та, жолдан сұрағандарға да тура солай «Бұлар жабайылар, таудан түскендер» деп айтқан екен. Міне, осындай азапты күндерге толы кезең тек Қазақстанның қиыр оңтүстігіне жеткеннен соң, қазақ отбасының қасына қоныс­танғаннан соң ғана аяқталады.
Әкем де, ата-әжелеріміз де біз­дің ұлт болып өсіп, адам болып сақ­талып қалғанымыз үшін қазақ­тарға алғыс айтудан жалыққан емес. «Келген жеріміз қандай ел екен? Тілі, діні қандай екен?» деп жеткенше уайымдасақ, сөздері бізге ұғынықты, түр­лері өте ұқсас, діні – ислам. Ең алғаш кездескен адамдарға «Ассалаумағалейкүм» деп амандасып, одан «Уағалейкүм ассалам» деген жауапты естіген кезде әжем еріксіз көз жасын ұстай алмай қалыпты. «Бұлар да мұсылман екен, енді өлмейміз» деген еді әкем.
Атам отбасымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сталин совxозында қазақ жанұясының бір бөлмелі жер үйіне орналасқан екен. Алғашқы уақытта бір-біріне күмәнмен қарағанымен, бір-екі күннің ішінде жақын танып, біліскен соң, екі тарап та өздері туралы айтылған сөз жалған екенін түсінген. Сол аядай ғана жер үйде алғашқы айларда қожайынының отбасынан басқа депортациямен келген тағы үш отбасы тұрған екен. Әкем Қазақстанда 35 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Әдіскер мұғалім, еңбек сіңірген қайраткер, ағарту саласының үздігі атанды. Мектеп директоры болды. Пединститутта жұмыс істеді. Мұғалімдерді жетілдіру институтында қазақ тілінен мұғалімдерге сабақ берді. «Ағарту саласында атқарған қыз­метімнің барлығы – менің қазақ халқына, Қазақстанға айтқан алғысым» деп отыратын әкем.

Әскер ПИРИЕВ,
«Ахыска» түрік мәдени
орталығының төрағасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button