Қоғам

ҰЛАНДАРЫ ҰЛЫ ЕЛДІҢ

Темірдей тәртіпке еті үйренген ұлдан ертең осал  адам шықпайды. Әсіресе, киімге белгі тігіп, түйме қадаудан басталатын әскери әңгімеге жастайынан қанық бала басқа құрдастарына қарағанда әлдеқайда пысықтау болып ер жететіні рас. Мұндай өрендердің бір тобымен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебіне барғанымызда таныстық. Президенттің бастамасымен 1999 жылы іргесі қаланған беделді оқу ордасында бұл күні 441 шәкірт білім алады. 

Мекемеге кіргенімізде, Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік кештің үстінен дөп түсіппіз. Жыл сайын осынау мейрамды дүркіретіп тойлау жасұландықтардың игі дәс­түріне айналған. Мұнтаздай форма киіп, салмақты мінез қалыптастырған жас сарбаз­дардың ортасында отырудың өзі әскердегі атмосфераны сезіндіреді екен. Концерт барысында даурығып, тәртіп бұзып жатқан бірі жоқ. Бәрі де ересек кісілерше салқынқанды, көзқарастары байыпты. Өйт­кені, мұнда түскен­дердің түгелі – сан түрлі сыннан сүрінбей өткен сайыпқырандар. Мектепте оқуға ниетті үміткер­лерді пси­­хологиялық іріктеу, дене даяр­лығы норма­тивтері және меди­ци­налық тексеріс күтеді. Бұған дейін 7-сынып бітірген оқу­­шылар қа­былданса, ендігі уа­қытта 9-сыныпты аяқтаған боз­балалар ғана «Жас Ұлан» қа­та­рына қосылуға тілек біл­діре алады.
Жиыннан соң жанымдағы екі жігітті әңгімеге тарттым. Жасұлан Мұсаев Талдықорған өңірінің тумасы болса, Хафиз Атабай Шымкент қаласынан екен. Екеуі де алғашында үй­лерін сағынып, «айнала­йынды» аңсағандарын жасырмады.
– Күнде таңертең командир бәрімізді сапқа тұрғызып, жа­ғамызды тексереді, погондарымызды қарайды. Бастапқыда киім жуу мен үтіктеуден қи­налдық. Ондайда жоғары сы­ныптағылар ақылдарын айтып, тәжіри­белерімен бөлісіп, көп көмек­тесті. Жалпы, біздер бауыр секілдіміз. Ең алдымен, ұс­таздарымыз татулыққа, ауыз­­біршілікке баулиды, – деп жымиды Жасұлан.
Кей білместік үшін ұмытыл­мастай сабақ алатын кездер де болатын көрінеді. Оны Хафиздің сөзінен аңғардық.

ERM_9037
– Мектептегі ағаларымыз обал мен ысыраптың зиянын жиі айтып отырады. Бір күні байқаусызда нанның аузын ашық қалдырып кетіппіз. Бір­неше сағат бойы тұрып, қа­тып қалыпты. Ертесіне соны тамаққа туратып, жегізген. Есесіне өз ісіміздің бұрыстығын түсініп, мұндай салғырттыққа сақ қарайтын болдық, – деді жұқалтаң келген ақсары бозбала.
Шәкірттердің салауатты өмір салтына әбден дағ­ды­ланып ке­тетіні сонша, қалаға шыққанда, достарымен кез­дескенде фаст­фуд, газ­ды сусын секілді өнім­дер­ге тәбеттері тартпай қалады екен.
– Үйге барғанда анамыз пі­сірген неше түрлі тағамдарды асқазанымыз «жатырқайды». Тіпті, қатал режимге көндігіп қалғандықтан, елден ерте оянып аламыз. Мектепте әр минутымыз есептеулі ғой. Осы тәр­биенің арқасында уақытты бағалай білеміз, – деп қайырды қос кейіпкеріміз.
Жасұландықтар негізгі пән­дермен бірге алғашқы әскери дайындық курсын тереңдете оқиды. Автоматты 15 секундта шашып-жинау дегенің мұн­дағылар үшін бұйым емес. Оқу­шылар спорттық шараларға да белсене қатысады. Мекемеде бокс, күрес, футбол, таэквондо, жүзу, шаңғы тебу секілді үйірмелер жұмыс істейді. Одан бөлек, барабаншылар құрамы да бар. Олар салтанатты рәсім кезінде өнер көрсетеді.
Айтпақшы, «Жас Ұлан» балалары қоғамдық трендтерден де қалыс қалмауға тырысады. Биылғы 8 наурыз қарсаңында осы мектептің 200 шәкірті шафл стилінде би билеп, флеш­­моб ұйымдастырған. Құт­­тық­тау ретінде түсірілген бейне­­ролик әп-сәтте қазнетке тарап, көп­шілік тарапынан қызу қолдауға ие болған еді. Биыл да өрендер 7 мамырға қарай тосын сый даярлауда. Жаңа флеш­мобтың видеосы көп ұзамай интернетке жүктеледі.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button