Басты ақпаратРуханият

Ұлт рухы асқақтаған күн

Шіліңгір шілденің алғашқы күнінде елімізде тұңғыш рет Ұлттық домбыра күні дүбірлеп тойланды. Қазақ елі алаңында айтулы думанға Елбасы да қатысып, қасиетті қара домбыраның бүгінде қазақтың брендіне айналғандығын айтты. 

– Домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол Ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кездері Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар Таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Ғалымдар ол сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден IV ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуіріміздің V ғасырына тиесілі. Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның күмбірлеген үнін естіп, қуанышта да, өкініште де жасап келе жатыр. Ол – бар қазақтың қанының да, жанының да бір екенінің дәлелі. Мойнына көне түркі таңбасымен «жұпар күй әуе­ні бізді сүйсіндіреді» деп жазылған аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Одан бергі қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді, – деді Мемлекет басшысы. Соңында Президент бұл күн өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түсетініне сенім білдірді.
Елбасының құттықтауы­нан кейін дирижер Айтқали Жайымовтың жетекшілігі­мен 2000-нан аса музыкант «Көңілашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым» және «Сарыарқа» күйлерін төгілте жөнелді. Көз алдымызға бейне бір мың жылқының дүбірлеген тұяқтарының дыбысы келді. Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күмбірлі шығармаларымен елорда аспаны тербеліп тұрды. Шараға қасиетті домбыраның құлағында ойнайтын жеті жастағы жеткіншектен бастап сексендегі қарияға дейін қатысты. Сондай-ақ, мерейлі мерекеге Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрінің, «Отырар сазы» фольклорлық-этнография­лық ұлттық аспаптар оркестрінің, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының ұлттық аспаптар оркестрінің, Тәттімбет атындағы академия­лық халық аспаптары оркестрінің, Ақтау қаласының қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің әртістері елеулі үлес қосты. Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Қостанай және Жамбыл облысының домбырашылары белсенді атсалысты. «Асыл», «Музарт» топтарының өнерпаздары әуе­летіп ән салды.
Сонымен қатар, мереке аясында қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйым­дастырылып, бір күндік домбыра музейі есігін айқара ашты. Оған Алматыдағы Ықылас атындағы қазақ ұлттық музыкалық аспаптар музейінің экспонаттары қо­йылды. Бұл мұражайда қазақ, түркі халықтарының 1200-ге жуық бірегей музыкалық аспабы сақталған. Жұртшылық экспозициядан Құрманғазы, Дина, Ахмет Жұбанов, Біржан сал, Ақан сері, Абай, Жамбыл, Кенен Әзірбаев секілді ардақты асылдарымыздың қолдарының табы қалған аспаптарын тамашалады. Қысқасы, айтулы мереке ұлттық рухымызды асқақтатқан күн болды.

Алматы
Алатаудың етегіндегі әсем шаһарда Ұлттық домбыра күніне орай бір мезетте 500 домбырашы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.

Ақтөбе облысы
Облыс аумағында Домбыра күні мерекесіне байланысты 300-ге жуық шара ұйымдастырылды. Әсіресе, «Ақтөбе-Шахтер» командаларының ойыны басталар алдында 500 өнерпаз жанкүйерлер алдында күйден шашу шашты.

Батыс Қазақстан облысы
Орал қаласындағы Тұңғыш Президенті алаңында домбырашылар Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің күйлерін орындады. Мереке аясында «Орал сазы фольклорлық ансамблі тұрғындарға концерт қойды.

Түркістан облысы
Жаңа облыс орталығындағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесене­сі­нің алдында 1000-нан аса домбырашы Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлерін күмбірлетті.

Жамбыл облысы
Тараз қаласында мереке күні 250 домбырашы күмбірлетіп күй төкті. Сондай-ақ, жұртшылыққа «Домбыра – халық мұрасы» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.

Шығыс Қазақстан облысы
Аймақтағы Семей қаласында айтулы күнге байланысты 500 домбырашы Құрманғазы мен Динаның, Тәттімбеттің күйлерін төгілдірді.

Қостанай облысы
Тобыл өңірінде Ұлттық домбыра күніне «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра» атты акция ұйымдастырылып, шара барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұжымы жаңа туған сәбилерге домбыра сыйлады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button