Мәдениет

«Үнсіздіктен» нені ұқтық?

Халқымызда «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген сөз бар. Көпшілігіміз өзімізге қатысы жоқ мәселеге бас ауыртпай, өзгенің проблемасына үн қатпайтынымыз рас. Осыдан қоғамдағы келеңсіздіктер, сүрінген, бүлінген тағдырлар туындайтынын ұға қоймаймыз. Музыкалық жас көрермен театры жас драматург Жәнібек Әлікеннің «Үнсіздік» перфомансындағы кейіпкерлер арқылы қоғамның ащы да өзекті мәселелерін көтереді. Премьерасы екі күн жүрген спектакльдің қоюшы режиссері – Ерназар Жаңатілек.

[smartslider3 slider=3529]

Тағдырлары әртүрлі он кейіпкер қатысатын қойылым Жаратушының адамды жаратудағы мақсатынан басталып, бүгінгі өміріміз, қазіргі қоғам көрінісіне жетелей жөнеледі. Алдымен сахнаға осы заманның «жұлдызы» – блогер шығады. Креслоға жатып алып, лайк жинағанына мәз болатын ол оқырмандарының ықыласына жан семіртеді. Ал шындығында арғы жағында түк жоқ. Бірақ қазіргі қоғам блогерді қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріп тастады. Бүгіндері жазушы немесе журналистен блогер қадірлі екені де өтірік емес. Қойылым осы ащы болса да шындықты алдыңызға тартады.

Отбасындағы тұрмыстық жанжал қазіргі қоғамның бір дертіне айналды. Спектакльде осы мәселе де қамтылды. Еріне әйелінің пісірген тамағы ұнамағанынан ұрыс-керіс басталып, оның аяғы ажырасуға дейін алып барады. Ұсақ мәселеден басталған іс осылайша үлкен трагедияға соқтырды.

Қазір несие алмаған адам сирек кездеседі. Мұны несиеге маталған өмір деп атасақ та болады. Келесі кейіпкер миллиондаған кредит алып, ақыры оны жаба алмай, қиналғанынан миына салмақ түсіп, жындыханаға түседі. Қойылымдағы бір көріністе жындыханадағы өмір бейнеленеді. Осында өзімізді Қуат атты кейіпкерді сомдаған әртістің шынайы ойыны тәнті етті.

Тағы бір кейіпкер – екі жұмыс істеуге мәжбүр жас келіншек. Glovo сервисі арқылы тамақты тапсырыс берушілерге жеткізетін ол кешке «түнгі көбелекке» айналады. Бұл жақсы өмірден емес, әрине. Әкесіз өскен ол жастайынан жүкті болып қалады. Баласын алдыртып, сүйгеніне тұрмысқа шығады. Алайда ауру баланы дүниеге әкелген соң, жары тастап кетеді. Сөйтіп қос науқасты – анасы мен перзентін жалғыз бағады.

Келесі көріністе ана үмітін ақтамаған ұлдың хикаясы беріледі. Бастапқыда бәрі жақсы басталған еді. Ұл мектепті алтын медальге бітіріп, жоғары оқу орнына түсті. Бірақ «спайс» деген есірткіге әуес болып, құрдымға кетеді.

Осылайша бірнеше бір-біріне байланысты емес көрініспен өрбитін оқиғалар көрерменді ойландырады. Мұны кейіпкерлердің көрерменмен сырласуы деп атауға да болады. Спектакльдің музыкалық көркемделуі де сай. Театрдың камералық оркестрі мен эстрадалық-симфониялық оркестрі әуенмен әрлеп, сахна артындағы әртістер шырқаған әндер ұсынылған тақырыпқа сай болды. Соның ішінде осыдан екі жыл бұрын осы шілде айында өмірден озған белгілі композитор Ахмедия Есмұхановтың «Тамшылар» әні сазгердің рухын бір аунатқандай болды.

Спектакльді тамашалаған көрермендердің арасында болған белгілі әнші, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі мен еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевтың пікірінше, Музыкалық жас көрермен театры бұл қойылым арқылы қоғамның жарасын ашып көрсетті. Спектакльді көріп отырып, әсерленгенін айтқан ол өнер ұжымына табыс тіледі.

Қойылымда кейіпкерлерді сомдаған әртістерді атамасақ, әділетсіздік болар. Азамат Болатов, Еламан Иманбаев, Абзал Арапов, Ақәділ Иманғали, Сүндетхан Дүйсехан, Мағжан Омар, Талғат Кеңес, Жасұлан Әбдірахман, Мақпал Дүйсен, Дидар Төлегенов, Оразалы Игілік, Жансұлу Төлеген, Аяжан Бағдат, Жансая Өмірбекова, Ислам Асылхан, Әлихан Әлішер өздеріне бекітілген рөлдеріне жандарын салып, жақсы алып шықты.

Жалпы «Үнсіздік» перфомансы – осы театрдың он төртінші жаңа қойылымы. Өнер ұжымы осы аптаның аяғына дейін тағы бірнеше премьера ұсынады. Олар туралы ақпаратты оқырманға рет-ретімен ұсынамыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button