Жаңалықтар

Абырой арқалаған азамат

Елдің астанасы Есілдің жағасына көшіп келгенде, сол кездегі Ақмоланың қалыптасуына, әсіресе шаһар төрінде Бөгенбай батыр ескерткішінің бой көтеруіне бастама көтергендердің бірі – белгілі журналист, облыстық қазіргі «Арқа ажары» газетінде ұзақ жыл жемісті еңбек еткен жазушы Ілияс Қарағозин еді.

[smartslider3 slider=3528]

Ілияс Әшімұлы өз ісіне мығым, қайырымдылық, адамгершілік, жанашырлық, кісілік сияқты керемет қасиеттердің иесі болатын. Алақандай ауылдан шығып, Алатаудай мол мұраны арқалаған ағамыз шиыршық атқан құлан жүйріктей сөз атты кереметтің даңғылында талай биікті еңсерді. Есіл еңбегі еленбей қалған жоқ, бірнеше медальмен, КСРО Жоғары Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталып, «Үздік мәдениет қайраткері» медалін иеленді.

Ел басына күн туған қиын-­қыстау кезеңдерде зиялы қауым өкілдерінің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, атқа қонған азаматтарға демеу болғаны белгілі. Сондай шақта ұлтты ауызбіршілікке шақырған, осылайша ел ертеңі үшін алаңдаған білімі терең, парасаты биік жандардың арасында Ілияс Қарағозин де жүретін еді.

Ағамыз елге деген перзенттік парызын адал өтеген алдыңғы толқын ағалардың бірі болды. Өте бауырмал, үлкен-кішіні әрқашан сыйлап тұратын. Бүкіл білімді көкірегіне жиған халықтың өкілі еді. Ешуақытта өзін дараламайтын, бөлінбейтін, біріктіре жүретін. Рушылдық, жершілдік дертінен жүрегі таза болатын. Ілекеңе ізгілік, жинақылық пен адалдық, тапсырылған іске жоғары жауапкершілік, турашылдық сияқты адамгершілік, абзал асыл қасиеттер тән еді.

Ол кісі шын мәнісінде майталман журналист, өз ісінің хас шебері ретінде танылды. Әсіресе, Ақмола өңірінің, оның ішінде қазіргі астанамыздың тарихына, тыныс-тіршілігіне қатысты публицистикалық шығармалар мен мақалаларды өндіре жазып, қалың оқырманның көңілінен шығатын.

«Тұнық бұлақтан бастау алған өзен ұзақ ағады» дейді халық даналығы. Ілияс ағамыз өсіп-өнген, тамыры тереңнен бастау алатын мәуелі бәйтеректің жемісі екен. Әкесі Әшім ақсақал бүкіл Ереймен жұрты сыйлайтын абыз қария болған еді.

Бекзат болмыс, салиқалы сымбат, тізгінделіп түзілген ой мен әрекеттің еркіндігі Ілекең сынды алғыр, зейіні зерек, бойына қазақи рухы сіңген азаматты көп қатарластарынан оқшаулап тұратын. Жасы үлкен болса да, сөз кезегі келмесе, сабыр сақтаудың үлгісін көрсетіп отыратын.

Бүгінде кейде әртүрлі жастағы адамдардың бір-біріне дөрекілігін байқаймыз. Кейбіреуі тіпті амандық-саулық сұрасудың қарапайым үлгісін ұмытып бара жатқандай. Бұл үрдіс күннен-күнге қоғамымыздағы жағдайды одан әрі күрделендіріп жатады. Мәселен, дөрекі сөйлеу, өрескел шыққан бейәдеп сөздердің соңы өкінішті жағдайларға ұрындырары да сөзсіз. Бұл орайда Ілияс ағамыз тағы да еске түседі. Адамдарға деген қарым-қатынасындағы сыпайылығын есімізге аламыз. Жасы кішілермен «қалқам» деп сөйлесуші еді. Ол кісі сөзінде тұра алатын мықты азамат болатын.

Қазақ – ежелден өмірден өткен бабаларын құрметтеген халық. Ата-бабаға құрмет – елдік қасиет, ділдік қасиет, отбасы, әулет құндылығы. Адам өмірінде де, өмірден өткенде де бірдей құрметтеледі. Бұл – қарым- қатынастағы мүлтіксіз қағида. Ілияс ағамыз марқұм бабаларымыздың ерлігін жадымызда ұстап, оларға тағзым етуді жазып кетті.

Қазақшылығы мол, мейірім­ді, қайырымды, кеңпейілді адам ретінде мәңгі есімізде қалған ағамыздың әр әңгімесі ­тарихи-танымдық бағытта болатын. Сол кісіден үлгі алған, ақыл-кеңесін тыңдаған жастар қазіргі кезде республикамыздың барлық аймағында қызмет етуде. Олар, сөз жоқ, ары таза, болмысы бөлек, абыройы асқақ азамат Ілияс Әшімұлына қарап бойын да, ойын да түзейтіні жасырын емес. Ол кісінің Отанымыздың журналистика саласының іргелі мәселелерін зерттеуде де еңбегі ерекше болды.

Ағамыздың жан жадыратар, көңіліңнің хошын келтірер игі істері әлі талай айтылар және жазылар. Асыл азаматтың бойындағы адамгершілікті, жүрегіндегі имандылықты, салмақтылықты, сыпайылықты, сабырлықты жоғары бағалаймыз және ешқашан ұмытпаймыз.

Ілекең дүниеге адам болып келіп, адами бітім-болмысына кір жұқтырмай, тұлғалы асқақ кейпімен дүниеден өтті. Жақсы адам деген аты қалды.

 Талғатбек ЖАНАЙДАРҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button