Басты ақпарат

Утилизация: алым мен салым айырмашылығы қандай?

Утилизация қоғамда бұған дейін де көтеріліп, автокөлік жүргізушілерінің біраз наразылығын туғызған-ды. Утильдік алымның көптігі талай айтылып, оған тиісті шара қолдану жөнінде нақты талап та қойылған болатын. Бірақ соның барлығы сол айтылған жерде қалып қойды. Өйткені қомақты қаржы мемлекетке емес, жеке біреудің қалтасына кетіп жатты.

[smartslider3 slider=1819]

Міне, енді осы көптің көкейінде жүрген толғақты мәселені жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың өзі көтерді.

«Кәсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «ӨКМ операторы» ЖШС деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «ӨКМ операторы» ЖШС-тің утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек» деді Президент.

Елімізде ескі көліктерді утилизацияға жіберу 2014 жылдан басталған болатын. Бірақ ол кезде бұл үдеріске жаппай кірісуге, шыны керек, дайындық нашар болды. Елде ескі көліктер шамадан тыс көбейіп кеткен-ді. Сондықтан бұдан, түптеп келгенде, халық зардап шегетін болды. Өйткені берілетін ақшасы мардымсыз еді.

Енді «ескі көлікті утилизацияға қалай өткізуге болатын еді?» деген сауалға көлік жүргізуші Есенбек Дүйсенов былай дейді: «Қазіргі пайдаланып жүрген көлігім 1991 жылы шыққан еді. Жиі сынатын болды. Тіпті жүруінен тұруы көп. Сондықтан утильге өткізуді жөн көрдім. 150000 теңге ақша берді. Ризамын. Талап бойынша тапсыратын көліктің доңғалағы, моторы, аккумуляторы түгел болуы керек екен. Ақшаны бірден қолыңа ұстата салмайды. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, утилизация деген анықтама алу керек. Содан кейін барып жеке құжатыңмен 20 таңбалық банк есеп шотын тапсырасыз. Ақша он күннің ішінде осы есеп шотқа түсетін болады».

Әрі нақты жүйеленген бағдарлама да жоқ болып шықты.

«Ал алдағы уақытта сол бағдарламаны кім жүзеге асырады? Бұл іспен кім айналысады? Утилизацияға кеткен көлікті халыққа қалай жаңалап беруге болады? Ескі көліктер қандай технология бойынша утилизацияланады?» деген сауалдарға ол кезде ешкім мардымды жауап бере алмады.

Содан 2015 жылдың желтоқсан айында «ӨКМ операторы» ЖШС құрылып, утилизациялық алыммен айналыса бастады. Міне, алты жылдан астам уақыттан бері кәдеге жарату төлемі (утилизациялық алым) түрінде түскен ақша қаражаты 691,9 млрд теңге болды. Осыдан отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаты қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды. Бүгінгі таңда қаражат қалдығы екінші деңгейлі банктерде 220,6 млрд теңге көлемінде деп мәлімдеді Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

«Президенттің бұл мәселені мемлекеттің қарауына алуды тапсыруы – құптарлық қадам. Өйткені әлемдік тәжірибеде де солай. Бұл инфляция деңгейіне де оң әсер етпек. Шетелден әкелінген көлік үшін утилизациялық төлем төлеу, макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, салық болып саналады. Сондықтан оның нарықтағы көлік бағасына әсері жоғары. Ал оны алып тастаған соң көлік бағасы арзандауы керек. Осы күнге дейін мұндай мәселемен жекеменшік компанияның айналысып келгені көпшілікті қатты толғандырып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына орай министрлік бизнестің, қоғамның және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен бірқатар мәселелер пысықталмақ» дейді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта мына жайлар қайта қаралуы қажет-ақ: бірінші – утилизациялық алым алушыны жеке мемлекеттік оператор немесе өнеркәсіпті дамыту қорының базасында құру, екінші – кәдеге жарату төлемінің коэффициенттерін қайта қарау, үшінші – кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер беру.

«Бұл бір дер кезінде көтерілген мәселе болды. Шынында да, утилизациялық алым әділетсіз еді. Біріншіден, оның мөлшерлемесі тым жоғары. Еуропадағы орташа көрсеткіштен 25 есе көп. Өмір сүру деңгейіміздің әлдеқайда төмен екеніне қарамастан, біз утилизациялық алымға еуропалықтардан 25 есе артық шығындалуға мәжбүрміз. Екіншіден, азаматтар ақшаны жеке компанияға төлеп отыр. Біз бұған наразылық білдірдік. Утилизациялық алым мөлшерлемесін төмендетуді және ақшаны ел бюджетіне аударуды талап еттік. Бұл дұрыс әрі қисынды қадам болар еді. Себебі ақша жекеменшікке емес, мемлекетке түседі. Үшіншіден, компания 5 жыл ішінде 2 млрд долларға жуық утилизациялық алым жинады, алайда қаражатқа қатысты есеп бермеді» дейді қоғам белсендісі Санжар Боқаев.

Қоғам белсендісінің пікірінше, сол утилизациялық алым мөлшерлемесінің жоғарылығынан елге әкелінетін көліктердің саны азайып кеткен көрінеді. Бұл жаңа көліктің тапшылығына да әсер етпей қоймайды. Соңғы 5 жылда ескі автокөліктің саны 100 мыңға дейін өссе, жаңа көлік алу үшін қазір алты айлап кезек күтуге тура келеді екен.

«Утилизациялық алым «Сарыарқа АвтоӨндіріс» ЖШС, «Астана Моторс» сияқты автокөліктің тек доңғалағы мен есігін ғана құрастыра салып, оны отандық деп сатып жүрген жалған өндірісшілерге де қыруар пайда әкелді» дейді екінші бір маман.

«Утилизация бағдарламасы қашан іске қосылады?» деген сауалға мамандар «оны Үкімет пен жергілікті билік жүзеге асыруы мүмкін. Оған тіпті көлік құрас­тырушы зауыттар да қатысатын сыңайлы» деп отыр.

Таяу күндері «ӨКМ операторы» ЖШС жұмысын тоқтатып, оның орнына утилизациялық қалдықтар мен ескі техникаларды қабылдау­мен айналысатын мемлекеттік құрылым құру жөнінде шешім қабылданды. Енді Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де утилизациялық алымның мөлшерін қайта қарайтын болады. ӨКМ – өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемесі. Екінші сөзбен айтқанда, утилизациялық алым алушы. Оны өндірушілер де, импортқа шығарушылар да, Қазақстанға шетелден көлік әкелуші жеке тұлғалар да төлейді. Оның мөлшері жеңіл көлік үшін қозғалт­қышының көлеміне байланысты. Қозғалтқыш көлемі екі немесе үштен асатын көліктерден 1531500 теңге алынады. Ал үштен жоғары көліктер үшін 3522450 теңге деп белгіленген.

Осындай алымнан кейінгі бес жылда «ӨКМ операторы» ЖШС-ке 692 миллиард теңге пайда түсіпті. Оның 339 миллиард теңгесі мемлекеттік қолдау ретінде отандық көлік өндірушілерге қайтарылған.

Үкімет жақында арнайы қау­лы қабылдап, құжатқа сәйкес өндірісшілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы (импортері) етіп «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік мекемесін белгіледі.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін асықпай тыңдап шықтым. Мұнда «Жаңа Қазақстан» кезеңінде алға қойған міндеттер мен жоспарлар айқын айтылды. Әлеуметтік әділеттілік орнайтын кез келді. Мемлекет халықтың жағдайына көңіл бөле бастады. Бұл – халық пен биліктің арасын жақындата түсетін бірден-бір қадам» дейді еңбек ардагері Жұмағазы ­Кенжебеков.

Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысы көтерген утилизациялық алымның мөлшері төмендейтініне, оның жекеменшіктен алынып, мемлекет қарауына берілетініне жұртшылық дән риза. Осылай халықтың игілігі үшін жасалатын оң істердің алдағы уақытта да қатары көбейе беретініне сенім мол.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button