#Күшіміз-бірлікте

Ықтимал мемлекеттік төңкеріске тап болдық

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында бірлігіміздің арқасында елдегі тәртіпті қалпына келтіріп қана қоймай, мемлекеттік тұтастығымызды қорғап қалғанымызды айтты. Ол Қазақстан қалаларында болған оқиғалар туралы өзінің ашық ой-пікірін білдірді.

[smartslider3 slider=1728]

«4-8 қаңтар аралығында Маңғыстауда болып, жағдайды тұрақтандыру бойынша өңірлік штабтың жұмыстарына қатыстым. Өздеріңізге белгілі, бұл аймақта алғашқы күндері наразылық акциялары басталды, олар ауқымды және бейбіт басталған. Митингтер Жаңаөзен, Ақтау және басқа да елді мекендерде болды. Президенттің тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылды. Оның міндеті осы жағдайды реттеу болды және комиссия Ақтауға барып, қоғам белсенділерімен, наразылық акцияларына шыққандармен кездесті және осы мәліметтер негізінде келіссөздер, консультациялар, кездесулер ұсынылды, олар Президенттің үндеуінде айтылды. Газ бағасына қатысты оң шешімдер қабылданды, бірақ Маңғыстаудағы штабтың жұмысы тоқтаған жоқ, біздің міндетіміз осы өңірде жағдайдың одан әрі ушығуға жол бермеу болды» деді Ерлан Қарин.

Ол Қазақстанның қалаларында лаңкестердің әрбір әрекеті мұқият жоспарланғанын айтты. Е.Қарин жағдайды тұрақтандыру жұмыстары аяқталған кезде барлық себеп пен жағдайды тергеу жұмыстары жүргізілетініне сендірді.

«Әрине, оқиғалардың қалай өрбігенін, қалай жоспарланғанын толық айтып, хабарлауға болады. Бірақ бәрі қалай тез өрбігеніне байланысты, мұның бәрі қаншалық мұқият ұйымдастырылғандығы және осы топтардың барлығы қалай әрекет еткені бойынша, әрине, әрбір оқиға қандай да бір үлкен жоспардың бір бөлігі болды деп айтуға болады. Себебі әртүрлі аймақтағы, тіпті бір өңірдегі әртүрлі бытыраңқы топтардың іс-әрекеті мемлекеттік мекемелерді, құқық қорғау органдарының ғимараттарын, қару-жарақ алу жөніндегі акцияларды, байланыс құралдарына бағытталған соққыларды, жолдарды, инфрақұрылымдық нысандарды басып алу жөніндегі ұқсас міндеттерді бір алгоритмге айналдыру үшін осындай мұқият жоспарлау керегін ойлай беріңіз. Командаларды өздігінен дамыту және тарату мүмкін емес» деді Мемлекеттік хатшы.

Ерлан Қарин бұл топтардың нақты жоспарланған үйлесімді әрекеттері деп санайды. Олардың міндеті – жағдайды жалпы тұрақсыздандыру. «Түпкі мақсатын қазір айту қиын, бірақ менің ойымша, біз жалпы тұрақсыздандыру және ықтимал мемлекеттік төңкеріс әрекетіне Қазақстанға гибридті террористік шабуылға тап болдық. Біреулер «барқыт революциясымен» салыстырады, бірақ Қазақстанға қатысты бұл әрекеттер тиімсіз болды. Дегенмен біздің елдегі жағдай басқа және билік ұстанымы тиянақты. Олар «түрлі түсті» революцияның классикалық үлгісі болып кетуіне жол бермес еді. Ең ақырында Қазақстанда мүлде басқа модель болды. Жағдайды тұрақсыздандырудың басқа сценарийі, радикал және террористік топтарды қолдану арқылы болды» деді Мемлекеттік хатшы.

Ол Президенттің ҰҚШҰ-ның бітімгерлік контингентін шақыру мемлекеттің тұтас­тығын қорғауға көмектескеніне тоқталды.

«Бітімгерлік контингент еліміздің егемендігіне нұқсан келтіреді деген әңгімелердің бәрі жай сөз ғана. Егер мемлекеттің тұтастығы бұзылған болса, қорғайтын ештеңеміз де қалмайтын еді. Сондықтан ҰҚШҰ-ның бітімгерлік контингентін шақыру, керісінше, мемлекеттің тұтастығын қорғауға көмектесті. Президенттің осы шешімдерінің арқасында біз елімізді қорғап қалдық деп ойлаймын. Осыны ашық айтуымыз керек. Біз тәртіпті қалыпқа келтірдік деген сияқты сөздерді айтқанда, елде болған және болып жатқан ахуалдың сипатын толық бере алмаймыз. Таяқтың бір ұшында тек тәртіпті қалыпқа келтіру ғана емес, мемлекетті сақтап қалу, қорғап қалу мәселесі тұрды. Қаңтардың осынау драмаға толы күндерінде біз мемлекеттілігімізді сақтап қала алдық» деді Е.Қарин.

Оның айтуынша, қатаң шешімдер қабылдап, уақытылы әрекеттер жасау керек болды. «Президент дер кезінде осындай шешімдер қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентін тарту тұрақсыздық орнату жоспарын бұзып, болдырмай тастады. Өйткені бітімгерлік контингентті шақырудың арқасында құқық қорғау органдары мен армияның күштерін контртеррористік операцияны жүргізуге шоғырландырды. Бірақ тағы бір рет еске салатын жайт, бітімгерлік контингент тек стратегиялық нысандарды күзету функция­сын ғана орындайды» деді Мемлекеттік хатшы.

Ол қазақстандықтар бірлік пен ынтымақ арқылы ғана билікке көмектесе алатынын жеткізді.

«Осы күндері әкімдіктерді, полиция ғимараттарын басып алынғанын, тағысын тағыны көргенде, олар символ еді ғой деп ойлаған едік… Алайда мемлекеттік символ жүректе, санада жатыр екен. Мемлекет деген біз екенбіз – мемлекетін қорғауға қабілетті ұйымшыл азаматтар. Білесіз бе, бұл күндері әртүрлі көріністі көрдім. Түні бойы қорғаныста тұруға дайын полицейлерді көрдім. Өте көп хабарлама келгенін көрдім. Өкінішке қарай, бәріне жауап бере алмадым. Дос­тарымнан, әріптестерімнен, бейтаныс адамдардан немесе direct-тен «Қалай көмектесе аламыз? Көмектескіміз келеді» деген хабарламалар келді. Ең бастысы, ынтымақ әр нәрседе байқалуы мүмкін. Бұл көшеде, полицияға көмек көрсету, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмысымыздан көрінуі мүмкін. Біздің көмегіміз – елге ақпараттық шабуылды болдыр­мау, біздің көмегіміз жалған ақпаратпен бөліспеу, өзіміз жалған ақпараттың жолын кесуіміз, әлі де жүріп жатқан барлық жалған ақпаратты сүзгіден өткізуіміз. Сондықтан хабарламалар толқыны, тіпті кейбір мәселе бойынша әртүрлі идеологиялық ұстанымда болсақ та, олардан «Қазір біз біргеміз және қандай көмек керек?» деп хаттар келіп жатты. Бұл азаматтардың нағыз ынтымақтасқан сәті деп ойладым» деп сөзін түйіндеді Ерлан Қарин.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button