Саясат

ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ АЙНАСЫ

6F4113CB-077C-4E28-9097-4E4A6118E302_mw1024_s_n

«Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни, мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ» – Елбасының осы сөздері елдің негізгі заңы талаптарынның  сақталуы арқасында мемлекеттің зор табыстарға жетуінің толық дәлелі болып табылады. Шынында, заңға бағыну – жай ғана қажеттілік емес, бұл – еркін адамдардың артықшылығы. Өз құқыларының бағасын біліп, басқалардың да осындай құқыларын мойындайтын адамдардың жетістігі.

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өзін негізгі құндылықтары адам және адамның өмірі, оның құқылары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зиялы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады.

Кейінгі жиырма жылда халықтың әл-ауқатының көтерілуіне кері әсерін тигізген қиындықтар аз кездескен жоқ. Кеңестер одағының ыдырауы, сонымен қатар келген әлемдік қаржы дағдарысы – осының бәрі мемлекеттің аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен кедергілер келтірді. Алайда, саясат пен экономикадағы таңдалған бағытымыздың дұрыстығының арқасында мемлекетіміз бұл қиындықтарды жеңе білді.

Қазақстанның жиырма жылда еңсе көтеріп, осындай биіктерден көрінуіне 1995 жылы жалпы халықтық референдумда қабылданған Конституция басты негіз болғанын біз бүгін мақтанышпен айта аламыз. Тиімді құқықтық жүйенің өмірге енуі экономикалық дамумен бірге қоғамның игіліктерінің де еселенуіне мүмкіндік туғызды.

Бүгінгі таңда еліміздің экономикасы дүние жүзіндегі ең тез өркендеп келе жатқан жиырма мемлекеттің қатарына кіреді. Саяси тұрақтылық пен Отанымызды мекендейтін жүздеген ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі мемлекеттің халықаралық дәрежедегі беделін арттыра түсті.

Қазіргі Ата заңымыз – әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 20 жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен алғанда бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның негізгі құжаты уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Сондай-ақ, ол әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік елу конституцияның қатарына енеді.

Қазақстан тархында бес конституция қабылданды. Ең бірінші конституция КССО құрылған соң 1925 жылы 18 ақпандағы ҚазАССР Орталық атқарушы комитеттің қаулысының нақты редакциясымен және Қазақстан РСФСР қол астында болғандықтан 1925 жылғы РСФСР конституциясының есебімен қабылданды. Сәйкесінше, негізгі заң басқару түрін, мемлекет құрылымын, саяси тәртіпті, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-басқаратын органдардың құрылымын бекітті. Бюджет, сайлау құқықтарының белсенді және түпкі бастау негіздері анықталды. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамында тең құқықты республика болды.

 Одан кейін 1937 жылы 26 наурыз айында Кеңестердің Х бүкілқазақстандық съезінде, яғни, ол 1936 жылғы конституция бойынша Қазақстан одақтас республикаға айналу тарихи кезеңінде қабылданған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының конституциясы және 1977 жылы КСРО-ның жаңа конституциясы қабылданғаннан кейін, 1978 жылы 20 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің тоғызыншы шақырылымының кезектен тыс жетінші сессиясында қабылданған Қазақ КСР конституциясы еді.

Бұл аталған конституциялар одақтас мемлекеттердің шеңберінде, коммунистік, кеңестік саяси-құқықтық жүйенің негізінде қабылданды. Осы заңдарға сәйкес Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы ең алдымен ұлттық аумақтық межені бөлуді, мемлекеттің ұлттық атауын, бүгінгі таңдағы шекараға жақын жағдайларды сақтап қалды.

         1993 жылғы Конституция еліміздің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуында маңызды алғы­шарттардың бірі болды. Сонымен қатар, оны қабылдаған Жоғарғы Кеңес те өзінің жаңа мемлекет құруда тәжірибесінің жоқтығынан тәуелсіз елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының көрініс­ін белгілей алмады. Қоғамның саяси-құқықтық санасында мем­ле­кет, қоғам, азамат жөнінде бұ­рынғы кеңестік ұғым басым бол­ды. Демократиялық институттар, басқарудың президенттік үлгісі қалыптаса бастағанымен, Консти­туция ол бастамалардың құқық­тық негізі бола алмады. Мем­ле­кеттік биліктің бөліну ұстанымын формалды түрде жария ете оты­рып, 1993 жылғы Конституция оларды іске асыру ережелерін белгілемеді. Меншікке қатысты мәселелерде де кеңестік көзқарас болды, ал меншік өз кезегінде нарықтық экономиканың өзегі болып табылатыны белгілі.

Конституция бұрынғы сот жүйесін де өзгеріссіз қалдырып, нағыз тәуелсіз сот құруға қажетті негіздерді қалай алмады. Мыса­лы, 100-бапта судья өкілеттілігі 10 жыл деп қана бекітілген, ал бү­кіл­әлемдік тәжірибе көрсет­ке­ніндей, судья мәртебесі мәңгілік болса ғана оның тәуелсіздігін қамтамасыз етуге болады. Жалпы алғанда, 1993 жылғы Консти­туция біршама жетілдірілгені болмаса, өмір сүру қабілеті қазіргі заманға бейімделмеген социа­лис­тік мемлекеттің Конституциясы болып қала берді. Басқаша айтқанда, ол қабылданбай жатып ес­кірді. Осы себептермен жаңа Конституция қабылдау уақыт күттірмейтін қажеттілік болды.

1995 жылдың көктемінде жаңа конституцияны әзірлеу басталды.

Елдің таңдаулы заңгерлерінің алдына уақыт талабына жауап беретін жаңа конституцияның жобасын дайындау міндеті қойылды. Келешекте құқықтық мемлекеттің саяси жүйесіне тың леп әкелетіндей тиімді жобаны өмірге әкелу заңгерлер мен құқық танушылардан үлкен білімділік пен бірге тәжірибені де талап етті.

Сұлтан Сартаев, Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев, Юрий Басин сияқты еліміздің көрнекті ғалымдары бұл іске бел шеше кірісті.

Жаңа Конститу­цияны әзірлеуде әлемдік тәжірибе ескеріліп, басқа мемлекеттердің конституциялары жіті зерттелді. Жаңа, тәуелсіз мемлекет құрудағы және дамытудағы мақсаттар мен міндеттерге бірқатар елдердің конс­титуцияларының, әсіресе, Франция Республикасы консти­туциясының ережелері негіз бол­ды. Атап айтқанда, біздің ел мен Францияның конституция­ларын­да билік тармақтарының өзара қатынастары ұқсас, президент мемлекеттің орталық институты ретінде қарастырылған.

Президенттің парламентті тарату құқығының іске асырылу жағдайының ұқсастығын да атап өтуге болады. Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына сәйкес президент парламентті немесе парламент мәжілісін тара­та алады. Сонымен бірге, мәжілісті төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ, алдыңғы таратудан кейін бір жыл уақыт өтпей тарата алмайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясында президенттік өкілеттік мерзімі 2012 жылдан бастап жеті жылдан бес жылға қысқартылған. Мерзімді бес жылға дейін қысқарту жолына 2000 жылы Франция да түсті. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің сырт­қы құрылымы мен құрылу тәр­ті­бін конституциялық заңды­лық­тың француздық моделімен са­лыс­тыруға болады. Бірақ, Фран­ция Конституциялық Кеңесінің негізгі мақсаты Парламент қыз­ме­тіне бақылау жасаудан ғана тұрған болса, Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық Кеңесі­нің негізгі мақсаты одан әлде­қай­да ауқымды.

 Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген нақты ұсыныстардың ең негізгісі – Қазақстан Республикасы Парламентінің рөлін арттыру бастамасы болды. Енді Мәжіліс депутаттары пропорционалдық сайлау жүйесі бойынша сайланатын болды, мәжілісмендердің саны 107-ге дейін ұлғайтылып, оның 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан өкілдік ететін болды. Сенат депутаттарының саны президенттік квотаның есебімен 7-ден 15 депутатқа дейін жеткізілді. Сонымен қатар, еліміздің саяси жүйесінің президенттіктен президенттік-парламенттік жүйеге ауыстырылуына, Парламенттің Үкімет қызметіне бақылау жасау жөніндегі өкілеттілігі күшейтілуіне, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған өміршең алғышарттар жасады.

 Қазақстан Республикасы Конституциясының күні – барлық қазақстандықтар үшін нағыз ерекше, қасиетті мереке. Олай дейтініміз, еліміздің толыққанды демократиялық-құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы үшін, азаматтардың өз қарым-қабілетіне қарай еңбек етіп, еркін өмір сүруі үшін Ата Заңда барлық мүмкіншіліктер қарастырылған. Осы маңызды ойды дұрыс қабылдаған әрбір Қазақстан азаматы тәуелсіз еліміздің шаңырағын биікке көтеріп, мемлекет пен қоғамды өркениетті елдердің қатарына қосу міндетін жоғары дәрежеде атқаруға атсалысса, Қазақстанның жарқын болашағына деген сенім де зор болар сөзсіз.

Қанат МУСИН,

Астана қаласы әділет басқармасының басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button