Басты ақпаратЖаңалықтар

«Жабайы» такси жойыла ма?

Астана әлемдік деңгейдегі қала болғандықтан, мұндағы такси қызметі де соған сай болуы тиіс. Бірақ бүгінде «жабайы» такси қызметі ондай өркениетке көтерілуге мүмкіндік берер емес. Қазір қалада ресми тіркелген такси парктерінде 475 автокөлік қана бар екен. Қалғандары – заңсыз такси қызметімен айналысушылар. Таксиге деген сұраныстың басым бөлігін солар жауып жатқаны да белгілі.

taksi

Ресми такси қызметін өріс­тету қандай пайда әкеледі? Бұл сұраққа Астанадағы Көлік ассоциациясының төрағасы Медет Құрманов былайша жауап береді:

– Алдымен «жабайы» такси қызметінің зияны қандай? Бі­рінші, соны тізбелеп шығайық. Сіз көшеден такси ұстаған кезде, біріншіден, жүргізушінің қандай адам екенін білмейсіз. Оның жүргізушілік өтілі аз ба, көп пе, одан да хабарыңыз болмайды. Көлік жүргізушінің денсаулығы жақсы екеніне де ешкім кепілдік бере алмайды. Яғни, ондай таксиге отырған кезде, сіздің қауіпсіздігіңізге ешқандай кепілдік жоқ. Тіпті, таксиде әлдебір затыңыз ұмыт қалып қойса, оны қайтып таба алмайтыныңыз анық. «Жабайы» такси қызметінің қа­уіпті жақтарын осылай жал­ғастыра беруге болады. Ал ресми такси қызметінде бәрі басқаша. Ең бірінші, такси жүргізушісі қызметіне өтілі де көп, тәжірибесі де мол маман таңдап алынады. Такси парктерінде жүргізушілер күн сайын медициналық тексеруден өтеді. Сондай-ақ, әр таксидің қозғалыс кестесі күн сайын жү­йелі түрде компьютерге түсіп отырады. Жолаушы көлікте әлдебір затын ұмыт қалдырса, кейін оны тауып алуы да оңай. Өйткені қай бағытқа қандай көліктің жүргені кестеде бар. Сол арқылы ұмыт қалған зат тез табылады. Бұған қоса, белгілі бір жолақы мөлшері белгіленеді. Мәселен, теміржол вокзалы мен әуежай аралығы – мың теңге, Қосшы ауылынан «Азия парк» СОО аумағына дейін 500 теңге деген сияқты. Ресми такси қызметін өрістетсек, осындай белгілі жолақы жүйе­сіне халық та үйренер еді. Бұдан соң, жолаушы тасымалдайтын таксилердің техникалық жағдайы да сенімді. Өйткені көліктердің техникалық ахуалы да үнемі басты назарда ұсталады.

Бұл ассоциация елордадағы такси қызметіне сұранысты өтеу үшін қанша автокөлік қажеттігін де есептеп шығарып қойса керек. Орташа есеппен алғанда, қазіргі уақыттағы сұранысты өтеу үшін 3 мың автокөлік қажет екен. Ал Астанада ресми такси қызметімен айналысатын 16 компанияда бес жүзге сәл жуықтайтын ғана көлік бар. Қалғанын заңсыз айналысушылар толықтырып отыр.

– Қазіргі уақытта таксиге күніне кейде 20 мыңға жуық тапсырыс түседі. Орташа жол жүру ақысының мөлшері мың теңге деп есептесек, айға 600 млн теңге шамасында табыстың көзі құралуы мүмкін екен. Егер осынша қаржы ресми компа­ниялардың қоржынына түссе, бюд­жетке де салық түріндегі түсімдердің көлемі артар еді. Бұл өз кезегінде ресми такси парк­теріне қызмет аясын кеңей­тіп, жұмыс орындарын ашуы­на септеседі. Ресми такси қызме­тінің жоғары деңгейде дамуы Астананың келбетін де айшықтай түсері анық.
«ЭКСПО-2017» қарсаңында бұл аса маңызды. Елбасымыздың өзі қалашықтың құрылысымен танысқанда, ресми такси қыз­метін жоғары деңгейге көтеруді тапсырды емес пе, – дейді Медет Құрманов.
Ресми такси қызметін дамы­туға кедергі болып келген тағы бір жай автотұрақтардың жетіспеушілігі болатын. Бұл бағытта жақында айтарлықтай өзгеріс болмақ. «Астана LRT» ЖШС-нің Жолаушылар көлігі департаментінің директоры Бейбіт Ержановтың айтуынша, ресми такси қызметіне ар­налған жаңа үш жүзден астам көлік қоятын орын белгіленеді екен. Бұл да өз кезегінде ресми такси қызметіне белгілі бір деңгейде артықшылықтар беріп, қызметінің өрістеуіне септесері сөзсіз.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button