Басты ақпарат

Жаһандық сын-қатерлерді шешу жолдары

12-13 қарашада Назарбаев орталығында «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?» деген тақырыпта Astana Club-тың төртінші отырысы өтті. Басқосуға әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикерлер қатысты. Олардың арасында экс-президенттер мен экс-премьер-министрлер, бұрынғы сыртқы істер министрлері, Нобель сыйлығының лауреаттары, геосаясат жөніндегі әлемдік бестселлердің авторлары және халықаралық қатынастар, геосаясат пен экономика бойынша сарапшылар болды. Екінші күні алқалы жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа замандағы жаһандық қауіп-қатерлерді ашық айтып, оларды шешу жолдарын ұсынды. Елбасы әлемдегі негізгі төрт қуатты құрылымды Астанада келіссөздер үстеліне отыруға шақырды.

Геосаяси бақталастық ушығып барады

Нұрсұлтан Назарбаев 4-ші рет әлемдегі жетекші сарапшы, саясаткер және дипломаттардың басын қосқан Astana Club сияқты диалог алаңына сұраныстың артқанын қадап айтты. «Біздің ортақ міндетіміз – жаһандық экономика мен геосаясаттағы қақтығыстардың алдын алу, одан шығатын жолды көрсету. Сол үшін Еуразияның жүрегінде бас қосып отырмыз» деді Қазақстан Президенті жиынның басында. Ол әуелі халықаралық қатынас­тардағы жаңа ахуалдың басты сипаттары мен түйткілді тұстарына тоқталды. «Ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтың өршуі қазіргі әлемнің тұрақсыз­дығын күшейтіп, оқиғаларды болжап-білу мүмкіндігін азайтуда. «Постбиполярлық» деп аталатын әлемдік тәртіп келмеске кетіп барады. Үлкен Еуразия пішіні көз алдымызда қалыптасып келе жатыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы геосаяси бақталас­тықтың өршуі жергілікті дағдарыстардың ауқымы мен оларды уысында ұстау деңгейіне кері әсер еткенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, соның нәтижесінде, ауқымды қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін жағдайлардың болу қаупі бірнеше есе өсті. Ол Ресей, АҚШ және Қытай арасындағы геосаяси бақталастықтың ушығуы жаһандық көлемде ғана емес, Үлкен Еуразияның периметрінде де байқалып отырғанын атап айтты.
«Текетірестің күшеюі жалпы даму мен қауіпсіздікке қатыс­ты жаһандық институттардың тиімділігіне күмән келтіруде. Бүгінгінің басты тренді – стратегиялық тұрақтылықтың негізін «шайқалту». Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі уағдаластықтарға қатысты жағдай шарықтау шегіне жетті. ТМД-ның құлауы және стратегиялық қару-жарақтарды қысқарту шартын ұзартуға қатысты мәселе қарулануды бақылау жүйесін іс жүзінде қиратты. Әлемдік державалар жаппай қарулануға қайтып оралуы мүмкін. Адамзат өзінің ұрпағының келешегі мен бүгінгі күні үшін алаңдайды» деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар Елбасы экономикалық текетірестердің қатты ушығуы әлемдік экономиканың өсімінің төмендеуіне алып баратынын мәлімдеді.

Жаһандық қауіпсіздікке төнетін қауіптің бірі – кибершабуылдар

Сонымен қатар Елбасы Таяу Шығыс елдеріндегі проблемалардың шешілмеуіне, халықаралық террористік және экстремистік топтардың әрекетіне байланыс­ты қауіп-қатерлер туралы айтты. Терроризмді зерттеу жөніндегі Ұлттық консорциумның мәліметтері бойынша, 2017 жылы әлемде 10 мыңға жуық террорлық шабуылдар болып, 26 мыңнан аса адам көз жұмған. «2018 жыл киберқауіпсіздік жаһандық тұрақтылықтың мүлде жаңа өлшеміне айналғанын айқын көрсетті. Негізгі державалар арасындағы текетірес осы кеңістікке ауып барады. Алдағы жылдары кибертехнологиялар көмегімен істен шығарылған ядролық және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздік проблемаларының өзектілігі арта түсетін болады» деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент сауда саласындағы текетірес және санкция­лық соғыстар жағдайында әлем елдері қолданатын коммуникациялық құралдардың қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жолында тың шешімдер іздестіру мақсатымен 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңартып, 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтас­тыққа арналған конференция өткізуді ұсынды. «Жаңа келісім жасау үдерісі оңай болмайтынын түсінеміз. Сондықтан қорытынды келіссөздерге әзірлікті 2019 жылдың өзінде бастаған жөн. Әрине, бұл мәселеде көп нәрсе әлемдік державалардың ұстанымдарына байланысты болады. Осыған орай, ірі мемлекеттерді жаңа келісім жасау жөніндегі бірлескен жұмыстарға шақырғым келеді» деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі халықаралық ахуалдың 1960 жылдардағы Кариб дағдарысымен ұқсастығын атап көрсетіп, әлемдегі аса қуатты державалар – АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық Одақты өзара диа­логтың жаңа форматын тауып, ортақ бір мәмілеге келуі үшін Астанаға шақырды.

Азияға өзінің ЕҚЫҰ-сын құру қажет

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік сауда саласындағы даулы мәселелерді шешу үшін мүдделі тараптарға Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында көп жақты форматта келіссөз үстеліне отыруды ұсынды. «2020 жылы Астанада осы ұйымның министрлер деңгейіндегі кездесуі өтеді. Біз сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың бірыңғай әділетті ережесін әзірлеу жағдайдан шығудың жолы деп білеміз. Сонымен қатар сауда саласындағы текетірес проблемасының шешімін Дүниежүзілік сау­да ұйымын реформалаудан іздеу қажет» деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік ұйымын құру қажет екенін айтты. «Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жөніндегі Қазақстанның бастамасы Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі келешек ұйымның негізі бола алады. Осы идеяны жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадам ретінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтас­тық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің консультативтік отырысын және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының қауіпсіздік жөніндегі аймақтық форумын өткізуді ұсынамын» деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен халықаралық конференциясы сияқты беделді басқосуларды ұйымдастыру кезіндегі тәжірибені ескере отырып, Астана клубының базасында Еуразиядағы қауіпсіздік жөніндегі конференция өткізуді ұсынды.

ШЕТЕЛДІК САРАПШЫЛАР НЕ АЙТТЫ?

Мұхаммед Эль-Барадей, Мысырдың экс-президенті, Нобель сыйлығының
бейбітшілік бойынша лауреаты:

– Ядролық қаруды сатып алуға тыйым салатын шартқа әлемнің 122 мемлекеті қол қойды. Бұл шарт ядролық державаларға атом қаруынан бас тартуға шақырады. Қазіргі кезде көптеген ұлттар мен халықтар осы тұжырымдаманы бірауыздан қолдап, атомнан бас тартуда. Алайда АҚШ, Ұлыбритания және Франция бұл тұжырымдамаға қосылудан бас тартты. Атом қаруын таратпау туралы шартқа сәйкес, атом клубының 5 мүшесі тек келіссөздер жүргізіп қана қоймай, адамзат үшін аса маңызды мәселені халықаралық сотта қарауға құқылы. Өкініштісі сол, шартқа қол қойылғанына 50 жыл өткенде ядролық клубтың мүшелері жан-жаққа қашып жатыр. Олар өз ұстанымы мен көзқарасын қалыптастырғысы келеді. Алайда ең қорқыныштысы, жер бетінде атом қаруын жаратын болсақ, бәріміз орта ғасырларға немесе одан да ерте дәуірге кері шегінеміз. Ондай апаттың салдарын ешкім тап басып айта алмайды. Сондықтан жаһандық қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын дайындап, оған әлемдегі ядролық қаруы бар мемлекеттер де қосылуы тиіс. Біз қауіпсіз, бейбіт ғаламшарда өмір сүруге құқылымыз.

Дэн Смит, Әлем проблемаларын зерттеу бойынша Стокгольм халықаралық
институтының директоры:

– Бүгінгі таңда әлемдегі дамыған елдер де үлкен қауіптің үстінде отыр. Өйткені ақпараттық технологиялар қарқынды дамуда. Мұндай үрдіс қару-жарақтар жүйесін автономдауға мүмкіндік берді. Мынаны қараңыз: қазір қарудың өзі нысанасын таңдап, атыла ма, әлде, атылмай ма, оны да өзі анықтай алады. Ақылға сыймайтын нәрсе деуіңіз мүмкін. Бірақ, бұл – ақиқат. Жүргізушіні қажет етпейтін көліктер көшеде жүйткіп жүр. Адамзат баласы әскери технологиялардың жаңа секторына, қаруланудың жаңа үрдісіне алаңдайтын күн туды. Астанадағы басқосуда осындай мәселелер ашық айтылды.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button