Мәдениет

Жайымов жұлдыздары

Астанада қала әкімдігінің қолдауымен үш күнге жалғасқан музыка майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов атындағы республикалық І дирижерлер байқауы марапаттау рәсімі және гала-концертпен түйінделді. 

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері Айтқали Тілепқалиұлының 75 жас мерейтойына арналған бұл байқаудың қорытынды кешінде қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов қала әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтауын оқып берді.

– Құрметті Айтқали Тілеп­қалиұлы! Сізді 75 жас мерейтойыңызбен және республикалық деңгейдегі алғашқы байқауыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлерін жаңғырту, дамыту жолындағы еңбегіңіз зор. Талантты орындаушыларды қолдау, кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл байқау қатысушылар үшін үлкен мектеп болды. Бұл тек бастамасы болып, алдағы уақытта да өрелі өнеріңізді халық игілігі жолында жұмсай беруіңізге тілектеспін, – делінген қала әкімінің құттықтауында.

Сондай-ақ Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің құттықтауы оқылды. Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қоғамдық қорының президенті Оңғарбай Дәнебеков мерейтойы иесіне «Әлшекей Бектібайұлы» төсбелгісін тапсырды.

Байқауға барлығы Астана қаласынан және еліміздің басқа да қалаларынан келген 11 жас дирижер қатысты. Марапаттау барысында меценат Сапар Ахметжанов тағайындаған сыйлықтар тапсырылды. Құрманғазы атындағы Қазақ академиялық ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі Азамат Шнаров (Алматы) және Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері Жанат Рәшит (Көкшетау) байқау дипломанттары атанды. Үшінші орынды Мирует Мұқанова (Алматы) және Әбілқайыр Сағымбаев (Қарағанды) иеленді. Екінші орынды Әділет Азбаев (Астана), бірінші орынды Н.Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің әртісі Әбілқайырхан Бейсеков (Алматы) алды. Ал бас жүлдені Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері-көркемдік жетекшісі Болат Долдашов (Атырау) жеңіп алды. Байқау барысында Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай» шығармасын үздік орындағаны үшін Мирует Мұқанова арнайы дипломмен марапатталды.

Гала-концертте Қазақстан және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева бастаған филармония өнерпаздары, байқауға қатысушы дирижерлер мен қазылар алқасының мүшелері қазақ оркестрімен өнер көрсетті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button