Басты ақпаратЖаңалықтар

ЖАҢА БЕКЕТ ЖҰМЫСШЫЛАР ЖИНАУДА

erm_4018-2-asli

Биыл Астанада жаңа теміржол вокзалы кешені жұмысын бастайды. Осыған орай «Астана» концерт залында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шара барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және елордалық Халықты жұмыспен қамту орталығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Қос тараптың ресми түрде келі­сімге қол қою рәсіміне «Астана» жаңа теміржол вокзалы кешенінің директоры Дінмұхамед Құсайынов, қалалық Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов және Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омаров қатысты.
– Жаңа теміржол вокзалы 1 маусымда толыққанды пайдалануға беріледі. Сол уақыттан бастап Қазақстанның барлық аймақтарына бағыттар ашылады. Тәулігіне 56 пойыз қатынайды. Бүгін біз қызметкерлер жинау мақсатында елорда әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп жатырмыз. Алты қабаттан тұратын «Астана» теміржол вокзалы кешенінің бұл филиа­лында штаттар саны 217 адамды құрайды. Ал негізгі құрамда 190 адам жұмыс істейді. Кадрларды іріктегенде вокзал және перрон кезекшілері, анықтамалық-ақпараттық бөлімнің қызметкерлері, дикторлар секілді мамандарға басымдық беріледі. Қызметкерлердің ағылшын тілін білгені де маңызды. Біздің жұмысымыз – жолаушыларды күтіп алып-шығарып салу, жайлы жағдай жасау. Жаңа вокзал «ЭКСПО» көрмесіне бастайтын Астананың қақпасы болмақ, – деді Дінмұхамед Құсайынов.
Ал Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың айтуынша, бұл өткізіліп жатқан жәрмеңке – биылғы үшінші шара. Жылдың аяғына дейін тағы алты жәрмеңке ұйымдастыру жоспарланған.
– Біз «Астана» жаңа теміржол вокзал кешенімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Бұл бастама біраз жұртты жұмыспен қамтуға, мамандарды қайта даярлауға септігін тигізеді. Тек жаңа вокзалдың өзі 200-ге жуық жұмыс ұсынып отыр. Бұған қоса, жәрмеңкеге тағы 60-қа жуық жұмыс беруші ұйымдар қатысып жатыр. Олар 1000-ға тарта маман іздейді. Жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 3 701 адам жүгінді. Олардың жартысы жұмысқа орналастырылды, – деді ол.
Бұрынғы «Конгресс-холл» ғимаратына екі қолға бір күрек іздеп келген жұрттың қарасы қалың болды. Олардың ішінде теміржол саласында талай жыл еңбек еткендер де бар. Солардың бірі – Берік Әбиев. Ол байланысшы болып 20 жылдан астам уақыт жұмыс істепті. Бүгінде жұмыстан қысқартылып қалған екен. Ендігі үміті осы вокзал екенін жасырмады. Оған, әрине, мол тәжірибесі ықпал ететініне сенімді.
Жұмыс іздеп бұл жәрмеңкеге арнайы келгендердің арасында оқуын енді бітірген түлектер де бар екен.
– Мен осы Астанадағы Көлік және коммуникация колледжін тәмамдағанмын. Мамандығым – жолаушылар тасымалын ұйымдастыру. Диплом бойынша әлі еш жерде жұмыс істеп көрген жоқпын. Жаңа вокзал өз саламда еңбек жолын бастауыма жақсы мүмкіндік болып тұр. Жұмыс берушілердің үдесінен шығамын деп үміттенемін, – деді Абылайхан Әбдіуақатов есімді қаланың жас тұрғыны.
Көп ұзамай іске қосылатын жаңа теміржол вокзалына жұмысшылар тарту осылайша қарқынды жүргізіліп жатыр. Іріктелген мамандар жұмысқа кіріспес­тен бұрын жаңа орынға үйренісуі үшін сәуір айынан бастап алдын ала оқыту шаралары ұйымдастырылады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Астана ақшамы»

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button