Басты ақпаратРуханият

Жарқ етіп көзге көрінген…

Өткен ғасырдың 80-ші жыл­да­рының ортасынан бастау алған жариялылық қозғалысы Кеңес үкіметі құрсауында бұлқынған қазақ­тың ұлттық рухын маздатып, қанын тулатты. Сол кездегі Көкен Шәкиев, Манап Көкенов, Қалихан Алтынбаевтардан жалғасқан суы­рыпсалмалық өнердің алдас­паны – айтыс өнері қынаптан суырылғандай, ел сахнасында жарқылдап шыққаны ерекше құбылыс еді. Сондағы өткір сөзді оңды-солды сермеп, ақырып теңдік сұраған өжет ақынның бірі де бірегейі Ерік Асқаров болатын.

1990 жылы Алматыдағы Ленин сарайында өткен Республикалық айтыста Торғайдың топжарғаны Қонысбай Әбіловпен жұпталған Ерік ақын әу деп бастаған амандығында:
Алматы талайларға арман қала.
Көгінде көп жұлдызы жанған қала.
Дұшпаны не десе де, о десінші,
Жайнатып Димаш ағам салған қала – дегенде 86-шы жылғы көтерілістен бермен, талай қиянаттарға еріксіз төзіп, жаны күйзеліп, ішінен тынып келген төрт мың көрермен алақандарын аямай соққаны соншалық, сарайдың ішінде жарылыс болғандай әсер етті.
– …Халқымнан айналайын, ризамын, Ағасын бұрынғыдай сүйеді екен, – деген кезде залда отырған халық отырған орындарынан дүркірей көтеріліп одан бетер шапалақ ұрды. Жұрттың арасында отырған жоғарғы лауазымды билік өкілдері қатты састы. Жан-жақтарына имене қарап, үрпиіп қалғанымен орындықтарында олар да отыра беруге дәттері жетпей, тұрып қол соғуға мәжбүр болды.
Екі күндік айтыстың алғашқы күнінде болған бұл айтыс Қазақстан орталық партия комитетінде қаралып, келесі күнгі айтыстың тағдыры талқыға түсуге дейін барды. Ерік Асқаров секілді «бунтарь», «бұзық» ақынды айтыстан шеттету мәселесі де талқыланады. Сол кезде республиканың идеологиясын басқарып отырған Өзбекәлі Жәнібеков, Қамал Смайлов, Сағат Әшімбаев секілді кемеңгер тұлғалар болмағанда, олардың алдына барған Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев секілді Алатаудай ақсақалдар болмағанда Еріктің жағдайы әлде қандай сипат алуы ықтимал еді. Кейін сол отырыста Тұрсекеңнің «Қашанғы аузымызды жауып, артымызды қысып жүре бермекпіз. Шындықты ақындар айтпағанда кім айтады?!» деп тегеурінді сөз сөйлегенін естігенбіз. Сол бір күндер Еріктің жұлдызы жанып, айтыс өнерінің жаңаша бағытқа бет бұрған тарихи сәті болды.
Алматыға оқуға барған Ерік туысқан апайы, ақын Әми­на Шалабаеваның баласын­дай қамқорлығына бөленді. Әкесін жақсы танитын Ғабит Мүсіреповтің, Хамза Абдул­линнің үйлеріне барып жүріп, ғибраттарын тыңдап, тәлімін алды. Олар араласатын кемең­герлермен танысты, соларды үлгі тұтты.
Театр институтында режиссер маман­дығы бойынша білім алған ол кез келген оқиғаны түрлендіріп баяндағанда, тыңдаушысын кейде күлдіріп, кейде толқытушы еді. Ғабит Мүсіреповтың, Хамза Абдуллиндердің айтқан әңгімелерін өз дауыстарына салып отырып әдемі жеткізетін. Әсіресе, Хамза ағаның өзін қудалап, соттап, өмірін улаған Кеңес өкіметіне іші бір жылымай, үнемі «Бұл қарғыс атқан Сәбет үкіметі ұзаққа бармайды, құрып тынады» деп отыратынын Ерекеңнен естігем. Сондай ірі тұлғалардың адами қайсар қасиеттерін, азаматтық көксеген ұстанымдарын бойына дарытқандығы оның бірбеткей табиғатынан әрдайым көрініс тауып тұратын. Ол үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып, іш-бауырына кіріп кететін. Айналасындағы адамдарды көтере дәріптеп, желпілдетіп отыратын. Баянғали Әлімжанов, Бекболат Тілеухановпен бір анадан туғандай болды. Респуб­ликалық телевидениеде хабар ұйымдастырып, Жүрсін Ерманов, Темірше Сарыбаевтардың қасында жүрді.
Жазушылар одағын басқарған Олжас Сүлейменов те оған сенім артып, сапарларға бірге алып шыққанын білемін. Көрнекті жазушы Сәкен сері ағамыздың туған інісіндей араласты. Сері ағамыздың оны сондай жан тартып жақсы көргенін, Ерекеңнің қаралы жиынына барғанда көргенім әлі көз алдымда. Болмашыға босай қоймайтын Сәкен ағам елдің алдында қатты толқып, сөйлей алмай, солқылдап жылап еді. Ерік жалпы жұртқа жағымды, жаны жайсаң, ешкімге жаттығы жоқ, ақжарма ақ көңілді, аңқылдаған асыл азамат болатын.
Екеуміз алғашқы танысқан кезден-ақ бауырласып кеттік. Кездессек қимай қоштасып, көріспесек сағынысатынбыз. Бірде мені шығарып салу үшін Алматының вокзалына келді де, қоштасқысы келмей пойызға бірге отырып кете барды. Екеуміз қазіргі Астана, Целиноградқа келдік. Сонда тұратын ағамның үйінде бір күн болып мен оны Алматыға шығарып салдым. Ондай қимас сәттеріміз жиі болатын…
Ерік Асқаров шығармашылығы мәйекті, мазмұнды, кесек дүние­лерден тұрады. Аз жазса да, саз жазылған әдеби мұралары – соның айғағы. Жас кезінде жарқ етіп, көзге түскен өлеңдері «Жетіген» атты топтық жинаққа басылған кезден-ақ аға буын қаламгерлер өз бағаларын беріп, жылы лебіздерін білдірді. «Көгілдір» атты жыр жинағы үшін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты иеленді. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алғаны да өз дәуірінде көп замандасының қолы жете бермейтін абыройлы дәреже еді. Астана қаласына барғаннан кейін жарыққа шыққан «Астана жұртын айналсам» атты кітабы тәуелсіз халқының рухынан сусындаған жүрек толғаныстарының жемісте­ріне толы.
Қазақ елі қол жеткізген Тәуел­­сіздікке қатарынан оза ой бар­латқан, жан жүрегін жалау етіп ұмтылған, азаттық жарияланған сәтте аса қуанған Ерік Асқаров мемлекетіміздің берік қалыптасуына барынша үлес қосуды мұрат етті. Сол үшін Көкшетаудан Астанаға көшті.
Ерік Асқаров туған жерімен тығыз байланыста өмір сүріп, ел-жұртының тыныс-тіршілігіне бар ықыласымен араласып, перзенттік парызын өтеу үшін қолынан келген бар қызметін аямады. Есіл-Көкше өлкесіне ортақ ұл болып, үлгі қалдырды. Солтүстік Қазақстан облысының халқы, әкімдері Ерік Асқаровтың еңбегін бағалап, аруағын құр­меттеуде талай жұртқа үлгі етерлік іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында мектепке, көшеге атын бергені, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен Ерік Асқаров атындағы жас ақындар өнер мектебін ашып, биылғы жылы алпыс жылдығына арналған аламан айтыс ұйымдастырып жат­қан­дығы соның жарқын айғағы деп білемін.
Ерекең соңғы жылдарда ислам дініне толықтай ден қойып, құдай қосқан қосағы Нәсіпжан мен ұл-қыздарын да сәждеге жығылуына жол нұсқап, өз отбасына имамдық құрды. Бұл оның 1990 жылғы айтыста Рәтбек қажы сыйлаған құранды сүйіп, маңдайын тигізіп тұрып, халық алдында Аллаға берген серті болатын.
Ерік Асқаров туралы көп айтуға болады. Ол кемеліне енді толып, кемеңгерлік белеске көтерілер шақта кенеттен үзілген, Мұхамедхафиздей әкеден жанып туған, Хадишадай анадан алып туған қайраткер ақын, қазақтың халықшыл перзенті еді.

Құдайберлі МЫРЗАБЕК,
ақын, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button