Жаңалықтар

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ – ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАДА

Белгілі ағылшын ғалымы Френсис Бэконның осыдан 400 жыл бұрын «адам табиғи ортаның толыққанды қожайыны болады» деген болжамы ақиқатқа айналды. Бірақ, ғылыми-техникалық прогресс, өндірістің өркендері қазіргі таңда жер сілкінісі, қышқылды жаңбыр, озон қабатындағы ойық, зиянды шығарынды газдардың инфрақызыл сәулелерді бөгеуінен ауа-райының жаппай жылынуы сынды табиғи апаттардың жиілеуіне әкеп соқты.

Дегенмен, өндіріс көлемін қысқартпай-ақ табиғи ортаны сақтап қалу проблемасын түпкілікті шешуге болатыны да дәлелденуде.

Бұған экономиканың барлық саласында энергия мен шикізат қорларына ашкөздікті азайтып, табиғи қорлардың ысырабына жол бермей, ғылыми-техникалық жетістіктерді кең қолдану арқылы қол жеткізуге болады.

Менің ойымша, «жасыл» экономикаға өту үшін ең алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, энергетика, өнеркәсіп, көлік және су ресурстарын басқару сынды экономиканың негізгі секторларын инвестициялаудан бас­тау қажет.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту энергия мен суды тұтыну көлемін қысқартып, оны күтіп-ұстау шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Сол арқылы тұрғын үйдің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға қол жеткіземіз.

Елімізде экономиканы «жасылдандыру» үшін нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, энергия үнемдеу, жел энергетикасын дамыту, өнеркәсіптік және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселелері оң шешімін табуда.

Алдағы уақытта елімізде «жасыл» қалалар бой көтермек. «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде қолданыстағы көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу кезінде заманауи инновациялық технологияларды пайдалануға көшу жоспарланып отыр. Бұл Мемлекет басшысы көтерген, Қазақстан үшін «жасыл» экономиканы дамыту идеясына көшудің маңызды қадамы болып табылатын «ЭКСПО-2017: Болашақ энергиясы» халықаралық көрмесін өткізуге дайындық болмақ.

Аталған бастама «Энергетикалық тиімді шағын аудан» және «Энергетикалық тиімді орам» жобаларына арқау болмақ. Мұнда энергия үнемдеу мәселесі кеңінен қарастырылатын болады.

Бұл ретте, диспетчерлеу, яғни, жылу, су және т.б. есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін қашықтықтан алу енгізіледі. Көп пәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсету жөніндегі шығыстар, кондоминиум объектісін басқару органының қаржылары онлайн режимінде қадағаланады. «Ақылды үй – тиімді меншік иесі» сапалы менеджменті қалыптасады. Тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, энергия үнемдеу технологияларын енгізу шаралары қолға алынады.

Осы арқылы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындарын орта есеппен 15-25%-ға, энергия ресурстары шығындары 15-25%-ға кемитіні болжануда.

Жобаның тағы бір елеулі артықшылығы – қоршаған ортаны ластайтын зиянды шығарындылар 10-15%-ға кемиді.

Аталған шаралар «жасыл» экономика тұжырымдамасының өлшемдеріне сай келеді.

А. ӨТЕПОВ,
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту
мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ
Энергия тиімділігін арттыру технологиялары орталығының жетекшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button