SportБасты ақпарат

Жартылай финалға жүйріктер жиналды

Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында жұма күннің кешінен жексенбіге қараған түнге дейін ширек финалдың 4 ойыны толық ойналып бітіп, жартылай финалға шыққан құрамалардың аттары белгілі болды. Нәтижесінде қарсыластарына қарағанда, жарамдылық пен табандылықты артық танытқан Франция, Бельгия, Англия және Хорватия командалары осы төрттікті түзді.

Бүгін түнде Санкт-Петербургте Франция – Бельгия, ал ертең сол уақытта Мәскеуде Хорватия – Англия құрамалары арасында жартылай финалдық кездесулер ойналады.

Уругвай – Франция 0:2. Француздар кездесуді өте сауатты өткізді. Олар тіпті чемпионаттың ширек финалына түсетін орасан зор салмақты да оншалықты сезінбеген сияқты. Әуелгіде еуропалықтар допқа өздері егелік етіп, матчты уысында ұстауға әрекет етті. Ойынның сол сәтінде қорғанысқа көбірек көңіл бөлген уругвайлықтар бұған оншалықты қарсылық көрсете қоймады. Басында бәрі осылай үйлесіп жатты. Осыдан-ақ олардың жылдам жүйт­кіген қарсы шабуылды өздеріне негізгі қару етіп алатыны көрініп тұрды. Бірақ мұның алдындағы ойында жарақат алып қалған Эдинсон Каванисіз уругвайлықтардың шабуылдары қауқарсыз болып шығатыны ұзамай сезіліп қалды. Мұның үстіне, оларға мұндай жорықтарды шұғыл ұйымдастыру оңайға соға бермеді.
Осылайша француздардың басымдылығы барған сайын айқындала түсті. Олар бірінші таймның соңында қарсы қақпа маңында белгіленген айып добын берерде алдын ала ойластырылған комбинацияларын қолданып, алғашқы голдарын салып кетті. Айып добын ұрған Антуан Гризманн допты қақпа алаңының ортасына әуелетіп жеткізді. Сол жерде Рафаэль Варан оны баспен ұрып, қақпаның бір бұрышына қиялай тастады. Әдетте уругвайлықтар стандартты жағдайда өте сенімді ойнаушы еді. Бұл жолы оларды Антуан мен қақпа жанына соңғы сәтте барған Рафаэль алдап түсірді.
Осыдан кейін Уругвайға ойынды басқаша құруға тура келді. Алайда, запастағылар орындығының қысқалығы мұны түгел өзгертуге мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан оңтүстікамерикалықтар қарсыластарына толымды қарсылық көрсете алмады. Екінші таймда «Селесте» біршама уақыт тартысты қыздыра түскендей болып еді, алайда оның ғұмыры ұзаққа бармады. Бәрін қақпашы Фернандо Муслераның бір сәтсіз ойыны бұзып жіберді. Ол Гризманның алыстан ұрған добын қос қолдап қайтарып жатып, торға қарай жіберіп алды. Осымен бар үміттерінен айрылып, салдары суға кеткен уругвайлықтар матч соңын сүреңсіз өткізді. Ал жеңістің желқайығына мінгендерін сезінген француздар тағы біраз уақыт атойлап барып басылды.

Бразилия – Бельгия 1:2. Дәл сол жұма күннің түнінде Оңтүстік Американың тағы бір командасы – әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилия құрамасы да мундиальмен қош айтысуға мәжбүр болды.
Латын Америкасының өкілдері бірден шабуылға көшуге ұмтылды. Алайда, еуропалықтар олардың әрбір қадамын жолдан кесіп тас­тап отырды. Бұл жолы Неймар өзінің «актерлік» қабілеті барын ұмытып кеткендей болды. Бірінші голды 13-минутта «қызыл перілер» салды. Бұдан алдын Бразилия ойыншылары берген екі бұрыштама залалсыз кетіп еді, бельгия­лықтарға кезек келгенде, оның қаупі арта түсті. Алдымен Насер Шадли бұрыштан доп лақтырды. Оны баспен аутқа жібермек болған Фернандиньо иығымен қағып, өз қақпасына түсіріп алды.
Еуропалықтар екінші допты 31-минутта құйындай құйғытқан қарсы шабуылдың соңында соқты. Оның барысында Ромелу Лукаку өзі алған допты тоқтатпастан Кевин де Брюйнеге асырды. Ал «Манчестер Ситидің» өкілі оны 10 метр жерден бағанның астына қарай атып жіберді – 2:0!
«Пентакампеондар» тек 76-минутта ғана Ренато Аугустоның күш салуымен бір доптың қарымтасын қайтара алды. Ол содан 3 минут қана бұрын Паулиньоның орнына шыққан еді. Келе сала бір гол соғып, интриганы қыздыра түсті. Кезекті шабуыл кезінде сол қапталдан Филиппе Коутиньодан доп алған Аугусто қақпаның оң бұрышын ала тепті. Гол! Бірақ бұдан артыққа олардың шамалары келмеді. Қорғаныста қатесіз ойнаған бельгиялықтар таблодағы есепті сақтап қалды.
«Менің 30 жылдық жаттықтырушылық мансабым кезіндегі ең күрделі матч осы болды, – деді Бразилия құрамасының бас жаттықтырушысы Тите матчтан кейін. – Бірақ жанкүйерлер кездесудегі нәтиженің сыртында нендей нәрселер тұрғанын жақсы көріп тұр. Сондықтан шығар, олар бізді жеңілістен кейін де түсіністікпен қарсы алды, олар команданың болашағына сенеді».
Бельгия құрамасы осымен өзінің тарихында екінші рет жартылай финалға шығып отыр. Жанкүйер қауым бұған оның бірінші рет 1986 жылы КСРО құрамасымен өткен кескілескен ойында қол жеткізгенін ұмытпаған шығар. Сол жолы Ги Тистің шәкірттері кеңес футболшыларын 4:3 есебімен ұтып еді. Бірақ бельгиялықтар бұл жолы сондай табыспен шектеліп қаламыз деп отырған жоқ. Олар енді финалда шайқасу үшін бар күш-жігерлерін салатындарын айтып отыр.

Швеция – Англия 0:2. Ағылшындар бұл сәтті 28 жыл күтті. Олар 1990 жылдан бері қарай бірде-бір рет әлем чемпионатының ширек финалынан асып көрмеген еді. Міне, сол сәтсіздіктің шылбыры үзілді. Оның жоралғысы осының алдында Колумбиямен кездесудегі пенальти сериясында бірінші рет жеңіске жетулерінен басталған сияқты.
Футбол отанының түлектері ойындағы екі голды да баспен соқты. «Үш арыстан» Швецияны бұл жолы заңды түрде ұтты. Ойын барысында олардың басым болғанына ешкімнің күмәні жоқ шығар. Олар сол басымдықты 30-минутта голға айналдырды. Онда Гарри Магуайр көзге түсті. Ал екінші доп 59-минутта Деле Алли мергендігімен салынды. Бірақ ортақ жеңіске үлес қосқан жалғыз бұл екеуі ғана емес. Командалық ойында осы ұтысты ұтымды етуге атсалысқандар жетерлік. Бірақ қорғаныс шебінің көп қателікке ұрынуы бұл нәтижені өзгертіп жіберуі мүмкін еді. Сол кезде жас қақпашы Джордан Пикфорд барынша шеберлік көрсетіп, өзінің қақпасын голдан аман сақтап қалды.

Ресей – Хорватия 1:1. Ойын эмоциялық тұрғыда қызу сипатта өтті. Соған қарамастан, бұл құрамалар кезекті мәрте негізгі уақытта да, қосымша уақытта да тең ойнап, жеңімпазды ойыннан кейінгі пенальтилер сериясында анықтады. Бұдан бұрынғылардан айырмашылығы, бұл жолы овертаймда да қарсыластар бір-бірлеріне гол соға алды. Сөйтіп, негізгі және қосымша уақыттарда 2:2 деген есеп тіркелді. Тек пенальтиде хорваттар 4:3 болып басым түсті.
Матчты біршама қарқынды бастаған ресейліктер 31-минутта есеп ашты. Оны Денис Черышев қақпа алаңының сыртынан қатты ұрып түсірді. Бірақ бұл кезде Хорватия ойын тізгінін толық дерлік өз қолына алып алған еді. Сондықтан оның есепті теңестіруіне де көп уақыт кеткен жоқ. Алдымен сол қапталдан Иван Стринич алға ұмтылып, Марио Манджукичке пас жеткізді. Ол өз кезегінде ресейліктер шебіне кіріп, қақпа алдына көлбей доп тастады. Оған бәрінен бұрын жеткен Андрей Крамарич баспен ұрып, қақпадан бір-ақ шығарды. Қарсыластар бұдан кейін экстра-таймда тағы бір-бір голдан соқты. Оларды алаң иелері сапынан Марио Фернандес (115), хорваттардан Домагой Вида (101) түсірді.
Сонымен, ресейліктердің әлем чемпионатындағы ертегіге бергісіз саяхаты осы ойынмен бірге аяқталды. Бас жаттықтырушы Станислав Черчесовтің құрамасы тағы бір сенсация жасап, жартылай финалға шығуға сәл ғана қалып барып тоқтады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button