Қала тіршілігі

Жасыл желек жамылып…

Астананы салған Мемлекет басшысы алғаш­қы сәттен бастап бас шаһарды көгалдандыруға, жасыл желекке оранған қалаға айналдыруға басты көңіл бөлді. 1997 жылдан бастап қолға алынған көгалдандыру жұ­мыс­тары аз уақытта өз нәтижесін бере бастады. Қазіргі жайқалған Астананы алғашқы елорда болған жылдармен салыстыруға мүлде келмейді. Ашық дала 20 жыл ішінде ну орманға айналып, 14827 гектар аумақты алып жатқан жасыл белдеу бүгінде қалада қолайлы экологиялық климат қалыптастырып, Астананы аңызақ желден қорғап тұр.

Аң-құстар әлі де көбейеді

Бүгінге дейін қайың, қарағай, терек, үйеңкі сияқ­ты 12 млн ағаш пен 1,7 млн бұта отырғызылған орманда алдағы уақытта да түрлі өсімдіктер егіліп, аң-құстар да көбейтілмек. Мысалы, келер жылы 500 мың екпе көшеті отырғызылады. Сонымен қатар, елордалықтар мен қала қонақтарына арналған демалыс орындары да салынады деп жоспарлануда. Жасыл белдеудің құрылған кезінен бастап ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы «Астана орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Хасенов былай дейді:
– Орманды отырғызудың бірінші кезеңінде ғалымдар бұл жерді орман қылуға қарсы болған еді. Барлығы өсімдіктің өсетініне күмәнмен қарады. Содан соң көшеттер жолақпен отырғызылды. Мысалы, ағаштар 20 метр жерге егілсе, 20 метр орын ашық қалдырылды. Бірақ уақыт өте келе Елбасының айтқаны айдай келіп, бұл жерге егілген ағаштар жайқалып өсті. Мемлекет басшысы жыл сайын орманға келіп, жағдайды өз көзімен көріп тұрады. 2009 жылы келгенінде ормандағы ашық жолақтарға талдар егіп, жауып тастауды тапсырды. Содан бос орындарға қандай ағаштардың өсетіні туралы орман шаруашылығы институты ғалымдарымен бірлесіп, өндірістік тәжірибе жасай бастадық. Нәтижесінде орман шаруашылығын дамыту, зиянды жағымен күрес жүргізу және жерсіндіру сынды 3 жоба дүниеге келді. Қазір соның үшінші жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Содан 2012 жылы орманды дамытудың екінші кезеңі басталды.

Жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Ардақ Хасеновтің айтуынша, бірінші кезеңде орманда отырғызылған шырша, қарағай, емен ­сияқты қылқан жапырақты ағаштар 1,8 пайыз ғана болса, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 48 пайызды құраған.
– Емен – негізі оңтүстік өңірде өсетін ағаш. Қазір біз оны жерсіндірдік. Сон­дай-ақ, 2014 жылдан биылға дейін солтүстік өңірлерден әкелінген 130882 түп қарақат егілді. Бұлар қазір өнім беріп жатыр. Соны­мен қоса, алма, алмұрт ағаштары да эксперимент түрінде отырғызылған болатын. Бұл ағаштар әзірге жеміс беріп жатқан жоқ. Бірақ орманда дала қояндары көп болғандықтан оны өсіру қиынға соғады. Себебі алма мен алмұрт қояндардың сү­йікті тағамы болғандық­тан, қыс­тың күндері ағаш­тарды қамыспен орап, қорғау жұмыстары жүр­гізіледі, – деген бас агроном орманда өсімдіктермен қатар, жан-жануарлардың да кө­бейіп келе жатқанын айтады. – Жалпы, орманда қазір жануарлар қатары да аз емес. Қарсақ, түлкі, қоян, елік, сауысқан, қарға сияқты бірқатар аң-құсты кездестіруге болады. Сондай-ақ, 9883 қыр­ғауылды қолдан ұшыр­дық. Қазір қыр­ға­уыл­дар тек орманды ғана мекендемейді. Олардың кеңістігі ұлғайып бара жатыр. Орманнан 60 ша­қырым қашықтықтан да қырғауылды көрген адамдар бар. Мысалы, жасыл белдеуде 800-ден аса адам жұмыс істесе, оның басым көпшілігі қаладан 100 шақырым қашықтағы ауылдарда тұрады. Олар қырғауылды өз ауылдарынан да көреді екен.
Жасыл белдеудің қа­ла территориясына қа­­­­райтын бөлігінде аң­­шылықпен айналысуға қатаң тыйым салын­­ған. Мұндағы қауіп­­сіздікті күндіз-түні ең­­бек ететін 40 орманшы қа­дағалайды. Егер аңшыларды байқаса, олар бірден орман сақшысына хабар береді. Сонымен қатар, орманда бейнебақылау камералары да көптеп орнатылған. Әзірге мұнда тек қарақат теруге ғана рұқсат етіліпті. Яғни кез келген қала тұрғыны жасыл белдеуге барып, қарақат теруге құқылы. Осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, ормандағы жидекті саудалап, нәпақасын тауып, мұны тұрақты кәсіпке айнал­дыр­ған астаналықтар да аз емес. Табанды еңбектің арқасында тіпті олардың кейбірі баспаналы болып, көлік те мініп жатыр. Бұл жасыл белдеуді құрудағы түпкі мақсаттың орындала бастағанын білдірсе керек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button