Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Жер үстімен жеңіл сырғиды

Осы жылдың соңына таман Астанада қоғамдық көліктің жаңа түрінің құрылысы аяқталып, келер жылы жұртшылық игілігіне берілмек. Мұндай көлік түрі әзірге елімізде жалғыз Алматы қаласында ғана бар. Біз осы орайда елордада ашылатын метро жолын Алматымен ұқсастыра отырып, өткен тарихын да қозғамақпыз. Айтпақшы, бұл материалда Франциядағы метро жолына арнайы тоқталып, жергілікті футболшылар туралы қызық жайттарды да қозғап өтеміз.

Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталған соң урбанизация жайы қарқынды дамып, жұртшылық үшін үлкен қалалардың рөлі арта түсті. Түрлі деңгейдегі құрылыс саны артып, уақыт өте келе қоғамдық көліктердің түр-түрі шықты. Бүгінгі уақытта әлемдегі ең ірі метрополитен желісі Нью-Йорк, Лондон, Париж, Токио, Мәскеу, Чикаго, Сан-Франциско, Бостон, Берлин және Гамбург қалаларында орналасқан. Кей шаһарлардағы жол ұзақтығы бірнеше жүз шақырымды алып жатыр.

Метроның отаны – Лондон

Қоғамдық көліктің бұл түрі туралы мәліметтерді ақтара отырып, қызық жайтқа тап болдық. Жоғарыда оның даму кезеңі 1945 жылдан кейін басталғаны жөнінде қозғағанымызбен, түп тарихы 1863 жылы Лондоннан өрбитініне көз жеткіздік. Сол жылдың 10 қаңтарында ашылған жерасты жолының ұзындығы небәрі 6 шақырымдық 7 стансаны құрапты. Ал бұл жолдың қолданысқа берілуін «Metropoliten Railway» компаниясы өз қолына алған. Жылдам қозғалысына байланысты қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болып, күніне 26 мың адам қатынаған екен. Алғашқы жылында-ақ 9,5 млн тұрғын қолданса, келесі 1864 жылы 12 млн адамның басты қатынас құралына айналыпты. Мұндай қарқынмен дамыған метро желісі ХХ ғасырдың басында 177 шақырымға дейін ұзарған.
Бүгінде Лондонның қоғамдық темір жол желісі 435 шақырымды құрайды, ал оны жылына 700 млн жолаушы пайдаланады екен. Бұл метрополитен британиялық темір жолдармен біріктірілгендіктен, қала маңындағы электр пойыздарының жүруіне де мүмкіндік қарастырылған. Айтпақшы, өткен ғасырдың соғыс кезеңінде метрополитендер аумағы бомба сақтайтын орындардың бірі болған деген ақпарат бертін келе растала түсті.
Ағылшын елінің тәжірибесі Еуропаның өзге қалаларында да жүзеге аса бастады. 1880 жылы іргелес жатқан Шотландияның Глазго қаласында қолданысқа берілді. Ал 1896 жылы Венгрияның Будапешт шаһарында енгізіліп, ұзындығы 3,7 шақырым болған. 1900 жылы 14 шақырымдық париждік метро жұртшылық игілігіне берілсе, екі жылдан кейін Берлиннің «У-бан» жолы іске қосылды.

Жерүсті метросы АҚШ-та басталған

Кәрі құрлықтағы мұндай қарқыннан АҚШ та бейжай қалмай, 1897 жылы Бостон қаласында алғашқы желісін ашты. Американың бір ерекшелігі Еуропа секілді жер астын қазып әуре болмай, жер үстіне де қосуды жөн көрді. 1892 жылдың 6 маусымында Чикагода бумен жүретін метро түрін қозғалысқа енгізді. Арада 8 жыл өткен соң оның ұзақтығы 55 шақырымға созылды. Сондай-ақ тұрғындары көп Бруклин, Манхэттен аумақтары да шет қалмады. Келесі онжылдықта жерүсті мен жерасты қоғамдық теміржол желісінің қолданысы арта берді.
Еуропаның тәжірибесін тиімді пайдаланып, уақыт өте келе дамыта түскен америкалықтар бүгінде оны басты көлік құралы ретінде пайдаланып отыр. Қазір әлемдегі ең ірі метрополитендердің бірі Нью-Йорк қаласында орналасқан. Мұндағы метролар қала ішінен бөлек тысқары жатқан 5 елдімекеннің 4-еуіне қатынайды. Ал қолданушылар жағы лондондықтардан екі есе көп. Күніне 4 млн адам мінсе, жылдық көрсеткіші 1,5 млрд адамға дейін жетеді екен. Мұндай көрсеткіштен кейін қала қазынасына айтарлықтай пайда келетіні белгілі. Жол жүру құны 2,75 долларды құрайтынын ескерер болсақ, бір жылда 4,125 млрд доллар бір ғана метро арқылы түсетінін білуге болады.

Франциядағы ерекшелік

Бір қызығы, Парижге жерасты метро жолын салу идеясы Лондоннан да ертерек басталған көрінеді. Бірақ ол кезеңде жүк тасу үшін жоспарланыпты. Дегенмен бір себептерге байланысты ке­йінге қалып, тек 1871 жылы ғана қолға алынған. Ал жолаушыларға арналған нұсқасы сонау алғашқы әлемдік көрме кезінде ғана қолданысқа берілген екен. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанбас бұрын оның қашықтығы 159 шақырымға, 332 стансаға жетіпті. Өткен ғасырдың ортасында мет­ро құрылысы тоқтап қалғанмен, 1970 жылдан бастап қайта қолға алынған. Тиісінше осы аралықтан бастап қала маңындағы ауылдарға қатынай бастаған екен. Көп ұзамай қалааралық жолдармен біріктірілу де жүзеге асқан.
Франция – аумағы жағынан Қазақстаннан әлдеқайда шағын ел. Сондықтан кейде метроны өзге қалалардағы матчтарын өткізу үшін жергілікті футбол командалары да қолданады. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Еуропа лигасының аясында Алматының «Қайраты» мен Францияның «Бордо» командалары кездескен болатын. Дәл осы ойыннан кейін «Бордо» командасы ішкі біріншіліктегі матчын өткізу үшін Парижге метро арқылы жетіпті. Сол кездегі команданың бас бапкері Вилли Саньол: «Қазақстанға жасаған ұзақ саяхатымыздан кейін бізді логистикалық проблемалар аса алаңдатпайтын болды. Парижге метро арқылы жеткеніміз бізге қиындық тудырмады. Оған ойын нәтижесі де дәлел. Азуын айға білеген ПСЖ-мен тең түстік» деген болатын.

Алматы метросы қандай?

Дүние жүзінде үлкен сұранысқа ие болған көлік түрі Кеңес одағы кезінде Қазақ еліне де орнатылуы тиіс болатын. Сонау 1988 жылы Алматыда жерасты жолы қазылып, дайындық та басталып кеткен. Іс біраз жерге жеткенде КСРО-ның ыдырауы мен артынша шаруашылық және экономикалық байланыстардың тоқтап қалуы метрополитен құрылысының жолын байлап тас­тады. Бірқатар министрлік пен ұйымдардың таратылуы себепті біраз мәселе шешілмей қалған. Міне, осының бәрі Алматыдағы метроның салу уақытын біразға дейін шегерді.
Егемендіктің елең-алаң жылдары артта қалып, экономикалық дағдарыстан шыққан соң, сондай-ақ түйткілді мәселелер шешімін тапқаннан кейін құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Соның нәтижесінде тек 2011 жылы ғана толығымен аяқталып, ұзындығы 8,6 шақырымды, 7 стансаны құрайтын бірінші кезеңі іске қосылды. Араға төрт жыл салып, тағы екі бекеті жұрт игілігіне беріліп, 2,74 шақырымға ұзарды. Қазіргі уақытта жерасты жолы арқылы күніне 60 мыңға дейін жолаушы қатынайды. Ал 2020 жылы қосымша екі станса іске қосылған соң жолаушылар легі 30 мыңға артып, 90 мың адамды құрамақ. Мұны «Метрополитен» КМК баспасөз қызметі хабарлаған болатын.
Қаржылық табыс көзін есептесек, 2012 жылы 2,77 млрд теңге пайда түсіріпті.

Елордадағы жерүсті көлігі

АҚШ-тан басталған метроның жерүсті түрі бірер жыл бұрын Астанада да қолға алынды. «Astana LRT» компаниясының хабарлауынша, жоспарға сәйкес құрылысы осы жылдың соңында аяқталып, келер жылы жазға таман қолданысқа берілуі тиіс. Алғашында оның құрылысын жүргізу үшін Испания, Франция, Түркия елдерінің компаниялары ниет білдірген көрінеді. Бірақ көп ұзамай қытай компания­сының ұсынысы қонымды болған.
Жеңілрельсті көлік тоқтайтын 18 станса болмақ. Әрбір тіркемеге 600 адамға шақталған 4 вагон орнатылады. Ал қоғамдық көліктің жылдамдығы сағатына 80 шақырымды құраса, орташа қозғалысы 40 км/сағ болмақ. Осының арқасында әуе­жайдан «Нұрлы жол» вокзалына жарты сағатта жетіп баруға болады. Ал жолақысы әзірге 200 тг көлемінде болады деп жоспарланып отыр. Алайда бұл баға қаржылық-экономикалық негіздемеге сай есептелгендіктен, алдағы уақытта әлі де өзгеруі мүмкін. Сол сияқты күніне 146 мың, ал жылына 54 млн-ға жуық тұрғын қатынайды деген де болжам бар. Егер бұл көрсеткіш жүзеге асса, қала қазынасына бір ғана метро арқылы миллиардтаған табыс түсіп тұрмақ.
«Ауа райы жағдайы ескерілді. Қыста белгілі бір температураны ұстап тұрса, жаздыгүні салқындатқыш орнатылады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың да жайы назардан тыс қалмады. Эскалаторлар, өрт сатылары болады. Қазақстанда LRT стандарттары болмаған соң жоба Қытай үлгісі бойынша әзірленіп жатыр» дейді «Astana LRT» компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Айтқазы Арықбаев.
Әрине, қала көркін арттырар мұндай көліктің жұрт арасында кең қолданысқа енері, ыстық ықыласына бөленері сөзсіз. Алайда елорданың сол жақ жағалауы ғана емес, тұрғындары көп оң жақ бөлігінің назардан тыс қалғаны көпшілікті жабырқатып тұр. Екі ортада метро жолының байланысы болса, тұрғындардың діттеген жеріне жылдам жетуіне ғана емес, қарбалас уақыттардағы көлік кептелісінің сейілуіне де сеп болар еді. Бұл мәселе көп ұзамай шешімін табады деген үміт те жоқ емес…
Қазақстан жоғарыда аты аталған елдермен бұл салада иық тірестіре алмасы белгілі. Алайда жоғарыда келтірілген көрсеткіштерден ке­йін оның да ауылы алыста еместігі растала түскендей…

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button