Басты ақпаратСұхбат

Жолтай Әлмашұлы: Әдеби жанр – көркемдiктiң алтын кiлтi

Жолтай Әлмашұлы – елімізге белгілі, қаламы жүрдек қаламгер. Ғалымдығы да бір төбе. Жазушы – өз дәуірінің перзенті. Соның тарихы мен тынысын шығармасына арқау етеді. Халқымыз жиырмасыншы ғасырда қолдан жасалған түрлі ауыр азаптарды бастан кешті. Аштықтан қынадай қырылды. Қуғыннан көз ашпады. Бүгінгі ұрпақ соның барлығын біле бермеуі де мүмкін. Ж.Әлмашұлының үш кітаптан тұратын сол зұлматты айна-қатесіз кейіпкерлерінің жан дүниесі арқылы бейнелеп берген шығармасы оқырманды бей-жай қалдырмайды. Осындай көлемді дүние жазған қаламгердің өмір жолы да, ұстанымы да бөлек. Оны сіз сұхбаттан кеңірек оқи аласыз.

000

ӘДЕБИЕТ МӘҢГІЛІКТІҢ ӘҢГІМЕСІ

– Аға, сіз – алдымен қара сөзді қадір тұтқан жазушысыз. Алғашқы әңгімемізді әдебиеттен бастасақ. Бүгінгі қазақ әдебиетінде жаңашыл бағыт, соны үрдіс байқала ма?
– Жалпы, әдебиет – мәңгіліктің әңгімесі. Оны екеуміз таң асырып айтсақ та тауыса алмаймыз. Ол адам баласының тіршілігімен қазандай біте қайнасқан. Жұ­мыр басты пенденің сезімі, ішкі жан күйзелісі, қуанышы мен шаттығының барлығы да әдебиеттен табылады. Сондай-ақ, өмірдегі ақ пен қараның, жақсы мен жаманның тайталасы да соның айналасынан орын алып жатады. Сондықтан бұл – ұзақ әңгіме.
Соңғы жылдары қазақ әдебие­тінде де жаңаша бір бағыт па, үрдіс пе немесе соны бір соқ­пақты іздеу дейміз бе, сондай тың жаңалықтар басталған секілді. Тіпті, басталып кетті деп айтуға болады.Оның себебі де бар. Жиырмасыншы ғасырдағы бас бармақты көрсетуге тұрарлық шығармаларымыз, айталық, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ғабит Мүсіреповтің «Оян­ған өлкесі», Ғабиден Мұста­финнің «Көз көргені», оның бер жағындағы Сафуан Шаймерденовтің, Тахауи Ахтановтың, Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің, одан бергі буындағы Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Мұхтар Мағауин және Әбіш Кекілбаев жазған кесек-кесек, толғамды, көлемінің өзінен ат үркетін қалың романдардың заманы өтіп барады деген пікір де бар. Бүгінгі жазылған романдар көлемі жағынан қысқара түсті. Олардың ең ұзағы екі жүз беттен аспайды. Қысқалары жүз бетке де жетпейді. Мұны отандық әдебиеттің әлемдік үрдіске еліктеуі немесе өзгеше өрнек іздеуі деп түсінемін. Алайда, шығарманың көлемін шектеуге де болмайды. Оның да өз шарты бар. Сүйекті шығарма ғана терең ой айтады, шағын дүние қысқаша ғана баяндап өтеді деп пышақ кесті тағы айта алмаймын.
Бүйірі шағын романдардың өзінен сұңғыла ой, келісті көркемдікті көруге болады. Қайта көлемді дүние болса да, жаңалығы жоқ, жаттанды, қарабайыр шығарма да болып жатуы да ғажап емес.
Жиырма бірінші ғасыр – техникалық прогрестің дамыған шағы. Сондықтан шығарма көлемінің қысқарғаны да уақыт талабына сай деп ойлаймын. Бүгінгі жастар интернет деген тұлпарды ерттеп мініп, әлемдегі алуан ақпаратпен қаруланып отырады.
– Әп дегеннен әдебиетке балаларға арналған жып-жылы әңгіме повестеріңізбен келдіңіз. Кейінірек үлкен прозаға ауыстыңыз. Неліктен ат ауыстырдыңыз ?
– Бала күнімнен әдебиетке құштар болғаным рас. Көр­некті қаламгер Бердібек Соқпақ­баев­тың барлық шығармаларын сүйіп оқыдым. Одан кейін бір топырақтан шыққан Тынымбай Нұрмағам­бетов аға­мыздың «Қош бол, ата!», «Қар­лығаштың ұясы» деген повестерін оқығанда, қанттың қиығындай еріп жүре беретін тамаша повестері жарық көрді. Осы дүниелер еліте түсіп, балалар тақырыбына жазуға жетеледі. Университеттің бірінші курсында оқып жүргенде, «Балдырған» журналы бір беттік әңгімеге байқау жариялады. Содан ойланып жүріп, «Ала торғай» деген әңгіме жаздым. Оқиғасы қысқа ғана. Ауылда болған, өз басымнан өткен хикая. Соны айна қатесіз, шамалы көркемдеп, сол қалпында қағазға түсірдім. Алақандай ғана дүнием балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген мүйізі қарағайдай қаламгерлермен қатарласып бәйге алды. Ол маған қанат, шабыт берді. Қазылар алқасының төрағасы Мұзафар ағам (Әлімбаев) «Әдебиетке тәп-тәуір балалар жазушысы болатын талант келді» деп бағалады.
Бесінші курста «Біздің команда» деген алғашқым кітабым, одан кейін «Күн тәртібі» деген екінші жинағым жарық көрді. Бұл – балаларға арналған кітапшалар еді.
Сексенінші жылдардың со­ңына таман, жариялық желі оңы­нан соғып, алаш ардақты­лары ақтала бастады. Осы та­қырыпқа біржола ауысып, қау­зауға кірістім. Тұлғаларды зерттедім. Кітап жаздым, канди­даттық диссертация қорғадым. Осылай балалар әдебиетінен жы­лыстап кетіп қалыппын. Алаш асылдары мені жетектен шы­ғармай, үлкен прозаның майданына салып жіберді.
– Алаш тұлғалары туралы сөз қозғап қалдыңыз. Сұлтанбек Қожанов, Садықбек Сапарбеков, Нәзір Төреқұловтарды зерттедіңіз. Ол кісілер туралы айтылмай жатқан әлі де тың деректер бар ма?
– Әрине, көп. Оны толық ашып, тауысып жазу мүмкін емес. Қазақтың басынан кешкен кешегі жиырмасыншы жылдардың орта кезінде болған ауыр зұлматтарды бүге-шігесіне дейін, індетіп жазу үшін сол кездегі тарихи құжаттар айналымға молынан енуі қажет. Біз әлі мұхиттағы айсберг секілді оның үштен бір бөлігін ғана көрдік. Үштен екісі су түбінде қалған секілді архивте жатуы кәдік. Сондықтан біз қолға түскен деректермен ғана арыстар жайында сөз қозғадық. Оның бастаушысы, қайраткерлерімізді там-тұмдап халыққа жеткізуші болдық. Жоғарыда айтылған тұлғалардың барлығы ұлты­мыз­дың тарихында өз орны бар ардақтылар екендігі анық.

ҮШ РОМАНҒА ҒҰМЫРЫМДЫ АРНАДЫМ

– «Күлкі мен көз жасы» деген көлемді шығармаңызда жиыр­масыншы ғасырда халқы­мыздың басынан кешкен зұлмат дәуірді бейнелейсіз. Осын­дағы бас кейіпкерді қайдан алды­ңыз, идея қайдан келді?
– Әдебиетке әп деп келгеннен бері саналы ғұмырымды арнаған, зерттеп, зерделеп жазған үш романым бар. Трилогия деп те айтуға болады.Оның біріншісі – «Күлкі мен көз жасы», екіншісі – «Оянған ұрпақ», үшіншісі – «Ұмытылған ұрпақ». Алпыс жылдығыма орай осы үшеуінің басы бірігіп, қайтадан жарық көрмек. Бұл кітаптың идеясы мені жас күнімнен мазалады. Алаш ардақтыларын зерттеп жүргенде ұлтымыздың тарихына тереңірек үңілдім. Өткен ғасырда халқымыздың басынан өткен ауыр қайғысы, мұң-наласы мен трагедиясы, жүрекке шемен болып қатып қалған тағдыры, тарихы неге жүйеленбейді деген ойлар жүрегімді жиі бүретін еді. Оның үстіне менің аталарым сол зұлмат уақытты бастан кешті. Романдағы оқиғалардың жартысы – біздің әулеттің басынан өткен тарих. Киелі Сыр еліндегі Жаңақорған жерінде ғұмыр сүрген аталарымыз тәркілеу кезінде қолдағы бар малды тартып алғаннан кейін, амалдың жоқтығынан бір шоғыр болып, Сырдария­дан өтіп, Өзбекстанға, одан әрі Тәжікстан, Түркіменстанға барып, Ауғаныстан шекарасына табан тірейді. Әрі қарай өте алмай, елге қайтады. Осы жолда адам айтқысыз, жантүршігерлік зобалаңды, нешелеген қиыншы­лықтарды көреді.
Өзімнің Жұмат деген атам жүзге келіп, дүниеден озды. Ақылы кемел, ойлы, текті қария еді. Сол кісіден тыңдаған әңгімелерімді түртіп, жазып жүрдім. Романның басынан аяғына дейін атамның бейнесі жүреді. (Әрине, аты басқа.)
Бірақ шығарма анау айтқандай жеңіл жазылған жоқ. 2007 жылы елуге толғанда нүктесін қойдым. Оның алдында «Оянған ұрпақ» романым жарық көрді. Бұл жоғарыда айтылған туындыда арқау болған аға буынның, барлық қияметті көрген ата мен әжелердің ұрпағы жетпісінші жылдары есін жиып, әлеуеті өркендеген ел болды деген шақта, жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген жас­тарды «алаш тұлғалары неге ақталмайды?», «Олардың қоғам алдындағы жазығы не?» деген ой жегідей жеп, ұлт жүрегіне түскен сызаттан қапаланады. Осыны өзімнің тұстастарым арқылы кейіпкерлерімнің аузына салып, тұспалдап жеткіздім.
Ал «Ұмытылған ұрпақта» бүгінгі өмірдің ащы көрінісі ай­шықты бейнеленеді. Өткен ға­сырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі өзгере бас­тады. Қарт әкесі мен шешесін қарттар үйіне тапсыру күнделікті қағидаға айналды. Жетім балалар үйі көбейді. Ғасыр бойы адам төзгісіз қайғыны көріп келген жұртымыз «соңында не болды, қайда бет алдық, 20 ғасырдың трагедиясын осылай аяқтадық па?» деген ауыр ойлар айтылады. Үш роман: «Жылап-сықтау», «ояну», «ойлану» деген үш нүктеге тіреліп, сонымен түйінделеді. Жасымнан жүзеге асырмақ болған арманымды алпыс жасыма дейін аяқтадым. Бұған да тәуба деймін!
– Сіз одан кейін де шағын үш роман жаздыңыз ғой…
– 2010 жылдан бастап бес жыл ішінде көлемі шағындау, қысқа-қысқа үш роман жазғаным рас. Олар: «Бақидан келген келіншек». Көлемі – 72 бет. Екіншісі – 52 беттен тұратын «Жат пленаталық жігіт». Үшін­шісі «Бумеранг» деп аталады.
Бұл – тоқсан бет. Соңғы шы­ғарманың идеясын марқұм, көрнекті сыншы Сағат Әшімбаев ағамыз айтып еді.

ЖАНР ЖОҒАЛЫП БАРАДЫ

– Көркем шығарманың жанры туралы тереңірек барлап, айтып жүрсіз. Сонда әдебиеттегі жанр ерекшелігі сақталмай бара ма?
– Бүгінде әдеби жанр мәселесі жүректі ауыртатын өкінішті жағдайға келіп тірелгендей. Әдеби жанрға мән бермейтін болдық. Мәселен, көркем әдебиетті құлып деп санасақ, оны ашудың алтын кілті – жанр. Демек, әдебиеттің есігін ашу үшін кілт қажет. Жанр – көркем әдебиеттің кілті. Бұл – атам заманнан жалғасқан үрдіс. Әрине, оның ішінде автордың жеке әлемі бөлек. Мысалы, сіз әңгіме немесе новелла жаздыңыз. Егер сіз оның жанрын толық білмесеңіз, жазылған шығарма қойыртпаққа айналады. Өйткені жанрлық ерекшелік сақталған жоқ. Қазір жанрлық тепе-теңдікті, шектеулі көркемдікті бұзып алдық. Біз әдебиетке келген алғашқы жылдары новелла деген тамаша жанр болды. Жазылу формасы да өзгеше. Қазір осы жанр көрінбей кетті. Әлем әдебиетінде ғажайып новеллист қаламгерлер болған. Елімізде соңғы он-он бес жылда суырылып алға шыққан үздік новеллист жазушы бар деп айта алмаймыз. Әрине, бірді-екілі жазып жүргендер бар. Оның өзі де аталған жанрдың көркемдік талабына толық жауап бере алмайды деп ойлаймын. Әдебиеттің киелі төрін аттағымыз келеді, бірақ оның «құлыбын» бұзып ашқымыз келеді. Қасиетті сөз өнеріне әдеп, инабатты жолмен келмегеннен кейін, идея, образ, шығарманың сөлі дегенді түсіне бермегендіктен, оның шарттылығы бұзылып, көркемдігі кемиді. Мен осыдан қорқамын. Қазіргі қазақ әдебиеті осы қойыртпақ дүниеге бір табан жақындап, бір иығымызды бұрып тұрған жағдайымыз бар.
– Жанрдың жауапкер­ші­лігін сыншылар салмақтап берген жоқ па?
– Сауатты сыншылар оның ара-жігін ашып та берген. Бұл әдебиет теориясында да жіліктеп жазылған. Әрине, мен жаңалық ашып отырған жоқпын. Менің айтпағым, аталған теорияда жүйеленіп жазылған жанрдың ерекшелігін сол қалпында сақ­тамай отырғандығымызда.
Көп жастарымыз өз талантына соншалықты сенгендіктен бе, «мен әдебиетке теориясыз-ақ керемет шығарма жазып қалдырам. Шарттылыққа бағынбаймын, әңгімені, новелланы, романды өзімше түрлентемін» деп, іштей бір сенімділікпен асыл сөз өнеріне омыраулап келіп жатады. Әдебиет – кеудемсоқтықпен келгенді жаратпайтын кірпияз әлем. Ақсүйек өнер. Сондықтан жас буын әдебиетке нық келу үшін әдебиет теориясын бір қарап алған жөн. Оны бойға сіңіріп алу керек. Жанр сақтал­маған жерде шығарманың, бәйгеге шабар кезінде аяғы жазым болған тұлпардай, бір қай­науы жетпей тұрады. Жанр шығар­маны композициялық-құрылымдық топтау мен жинақ­тауға алып келеді. Екіншіден, образ сомдаудағы қалыптасқан белгілі жүйеге бағыттайды. Үшіншіден, идеяны қалай айту керектігін жанр арқылы зерттейсіз. Жалпы, жанр туралы ойларымды көпшілікке ашық айтып жүрмін. Жанр – әдебиетпен егіз. Сондықтан жанрлық заңдылықтар міндетті түрде сақталу қажет.
– Бір жазбаңызда «Қазіргі журналистика біздің кезі­міздегідей емес, тым жұтаң. Тартымды очерк, тұшымды эссе, ойлы мақала, өткір фельетон, сүбелі суреттеме жоқ болып барады» деп жазыпсыз. Осыны таратып айтсаңыз?
– Ертеректе әдебиет пен журналистиканы екіге бөліп тастаған қасаң қағида өмір сүрді. Соңғы уақытта мен осыған қарсы бола бастадым. Неге? XXI ғасырда көркем әдебиет пен журналис­тика жақындасып, жымдасып, тіпті, бір-бірімен қолтықтасып бара жатқан секілді. Неге олай? Өйткені уақыт соған жетелеп әкелді. Қазір қара сөзді кие тұтқан қаламгерден гөрі журналистің жазғаны өтімді, танымал, халыққа да жылдам жетеді. Бірақ анығын айтқанда, осы журналистика да жанрға бағынады. Бүгінгі жас журналистер оны ескермейді.
Мысалы, біз кезінде журналис­тика теориясын індетіп оқыдық. Сол жанрдың ішінде ең төресі – очерк деуге болады. Төлеубай Ыдырысов деген ағамыз: «Очерк – көркем-публицистикалық жанр» деп баға берген. Әрине, очерк – көркем шығарма емес, бірақ оның ішінде әңгіме мен новелланың элементтері жүреді. Ондағы қозғалған мәселе өмірдің өзінен алынады. Қиялдан ештеңе қоса алмайсыз. Меніңше, жазушы мен журналист деген ұғым келе-келе ажырағанға ұқсайды. О баста екеуінің де тамыры бір, табынғаны көркем сөз болған. Бірақ заман жаңарып, уақыт өте келе екеуінің де жазу әдісінде өзгешелік пайда болды. Біреуі өмірдің өзінен алғысы келеді, екіншісі қиялдағысын айтқысы келеді, қиял еркіндігімен көсіледі.
– Жалпы, біздің журналис­тикада әмбебаптық басым. Жалпылыққа құштармыз…
– Біз осыған көңіл аудармай келеміз. Арқаны босаң­сытып алдық. Әйтпесе, біздің уақытымыздағы әрбір жур­налистің өз тақырыбы болды. Мысалы, тұстасым, қатарлас қаламгер Жанболат Аупбаев өмір бойы тағдыры таңсық, өмірі өзгеше, жаратылысы бөлек адамдардың тарихын зерттеді. Соны тамаша очерктік, суреттік, портреттік формада беріп отырды. Жанрдың әртүрлі формасын пайдаланса да, тақырыбы біркелкі болып, талантты тұл­ғалардың галериясын жасады. Бұл оқылды. Несіп Жүнісбаев спорт тақырыбын тереңнен қазып, осы саланы бүге-шігесіне дейін зерделеді.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Лениншіл жас» газетінде (Бүгінгі «Жас алаш») істеген бір шоғыр, үркердей топ – Оралхан Бөкей, Сейітқазы Досымов, Ырым Кененбаев, Жақау Дәуренбеков, Кәдірбек Сегізбаев бастаған қаламы жүйрік қаламгерлердің барлығы өз жанрын білді. Бұлардың барлығы журналистиканы көркем әдебиетке біртабан жақындатты. Мәселен, Оралхан Бөкей журналистикаға пафос әкелді. Керемет бір екпіндетіп, ағыл-тегіл төгілтіп, таңқалдырып жазды. Соған бәріміз де еліктедік.
Өз басым аталған екі салада ұзақ еңбек еттім. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жұмыс істедім. Бүгінге дейін газетке түрлі тақырыпта қалам құрғатпай, өз ойымдағы толғамдарды жазып тұрамын. Айтпағым, көркем әдебиет пен журналистиканың арасын соншама алшақтатып, екі елдің елшісіндей немесе өзеннің арғы беті мен бергі бетіндей етіп алшақ көрсетудің қажеті жоқ. Бұлардың араларында жақындық бар. Сол жақындықты біз бұзбай, қайта екеуіне де құрметпен қарауымыз ләзім. Әлемге әйгілі жазушылардың дені журналис­тикадан алшақ кетпеген. Біздегі қазақы намысқойлық па, әлде тартыншақтығымыз ба, бір-бірімізді іштей мойындамай тұрамыз.

АҚЫЛ-ОЙ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНУ ҚАЖЕТ

– Кейінгі кездері «Ол туралы Ода» және «Роман-өмір» атты бір шоғыр ойларыңызды сығымдап, көркемдеп, жұрт­шылыққа ұсынып жүрсіз. Өз басым оларды қызығып оқимын. Бұл да оқырманға ойды жеткізудің бір тәсілі ме?
– Осы әдеби әдіс мені қызық­тырады. Айтар ойыңды сықпа құрттай сығымдап, түйіп айтасың. Бір демде жазылады. Көркем дүние мен журналис­тикаға да жақындығы бар. «Ол» деген – жиынтық образ. Менімен әрдайым тайталасып оты­ратын кейіпкер. Сол арқылы ойларымды дәмділеп, дәл жеткі­земін. «Роман-өмірдің» де өз оқырманы бар. Мұнда қарапайым тіршілікте қоян-қолтық араласқан, ел танитын азаматтардың айтқан ойлы сөздері, пікірлері сол қалпында түзілген. Байқаймын, осы дүниелер әлеуметтік желіде де оқылымды.
– Жас кезіңізден ат жалын тартып, қызметке араласып келесіз? Соның шығар­машы­лығыңызға әсері тиген жоқ па?
– Әрине, қызметтің шығарма­шылыққа кесірі болады. Бір мезгілде екі сәйгүлікті тізгіндеп, шылбырын ұстаған секілді жағдай ғой. Әсіресе, үш сүйекті рома­нымды жазып жүргенде ептеп қиналдым. Қызметтің өз жауапкершілігі бар. Жан-жақтан қаумалаушылар көп. Ойың бөлініп, үзіліс жасап, көбірек қолға қалам ұстамасаң, көмескіленіп қаласың. Біздің буын абыр-сабыр уақытқа тап болды. Бала-шағаны асырау керек. Оның барлығын ысырып қойып, жазушымын деп үйде жата бермейсің ғой. Солар қинал­маса, тарықпаса екен дейсің.
Өркениетті елдерде қалам­герге деген құрмет бөлек. Иіліп, сыйлап тұрады. Оларда ақыл-ой еңбегі өз деңгейінде бағаланады. Ал бізде басқаша… Сондықтан ақыл-ой еңбегі рухани байлықтың деңгейіне көтерілмей, озық елдердің қатарына енбейміз.
– Қазір не жазып жүрсіз?
– Жазсам-ау деген арман шексіз ғой. Нақты айтқанда былай, кішкентай бүлдіршіндерге арнап «Қайырымды қақпан» және «Бұлтқа мінген бақа» деген екі пьеса жаздым. Одан бөлек, «Сымбат және Сұлужан» атты шағын повеске кірісіп жүрген жайым бар.
– Ендеше, аға, жазарыңыз әлі де таусылмай, шығарма­шылығыңыз өрлей берсін!

Сұхбаттасқан:
АЗАМАТ ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button