Қоғам

Арқаның аңқылдаған азаматы

Саналы ғұмырын бір ғана мекемеде еңбек етуге арнаған адамды білесіз бе? Ондайлар бүгінде некен-саяқ. Ал астаналық қаламгер Бәдуан Имашұлы солардың қатарынан. Бір ғасырдан астам тарихы бар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде 40 жылдан астам уақыт табан аудармастан қызмет атқарған ағамыз – қазақ баспасөзінің қаламы ұшқыр, ойы жүйрік көрнекті өкілінің бірі, Қазақстанның құрметті журналисі. Арқа өңіріне танымал тұлға, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы мен Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтардың иегері биыл 75 жасқа толып отыр.

Жігіттің жақсысы – нағашыдан

Ежелден Қыдыр дарып, құт қонған Қорғалжын өңірі – атақты адамдарға бай өлке. Имаш әулетінен тараған Бәдуан аға солардың сарқыншағы десе де болады. Қалың оқырманға жақсы мәлім, ол кісінің есімі де ерекше. Ес білгелі мен мұндай атты бұрын-соңды естімеппін. Мағынасын сұрағанымда, ол кісі былай деп әңгімесін өрбітті:

«Ол кезде көктем ерте шығады екен. Жер аяғы кеңіп, еңбек адамдары жайлауға көшкен тұста, Ақмола облысының Қорғалжын ауданы мен Қарағанды облысының Нұра ауданы шекарасында Құланөтпес деген өзен бар. Соның бір сағасының бойында киіз үйде Рәмила анам айы-күні жетіп, шекесі торсықтай баланы дүниеге әкелген екен. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына үш жыл толған күн болса керек. Әкем сауын фермасының бригадирі, аудан орталығында мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шарадан келсе, ауылдастары «Жеңіс күні туған сәбидің аты Жеңіс болсын!» деп қауқылдасып жатады. Арада екі-үш күн өткен соң іргелес ауылда тұратын шешемнің жалғыз ағасы Иманбай ақсақал әдейі ат басын бұрып, жиенін көруге жайлау төріне келеді. Дәмнен ала отырып, біраз әңгімелескен соң үлкендер жағы ол кісіге: «Азан шақырып, жиеннің атын өзіңіз қойыңыз» деп өтініш айтады. Нағашым араб, парсы тілдерін жетік білетін діндар адам еді. Асықпай намазын оқып, Құран кітабын парақтап отырып: «Бұл баланың аты Бәдуәм болсын» десе керек. Ол кезде бұл сөздің мағынасын ешкім аңғармаған сияқты. Құжатыма да орыс транскрипциясымен «Бадуан» деп жазылып кетеді. Тек 2011 жылы дәм жазып, бәйбішеммен үлкен қажылық сапарына барып, мінәжат етудің сәті түскенде, бір ұстаздан осы сөздің мағынасын сұрадым. Ол кісі маған былай деп түсіндірді: «Шындығында, бұл атау парсы тілінен арабшаға енген, «қайталау» деген мағынаны білдіреді, Құран аяттарының қайырмасы санатында қолданылады».

«Арқа ажары» – өмірінің мектебі

Қарап отырсақ, қырық жыл деген қас-қағым сәт екен-ау. Мектеп бітірісімен ауылда механизатор болып еңбек етіп, кеңес армиясының қатарында әскери борышын өтегеннен кейін, 1971 жылдың 16 маусымында облыстық «Коммунизм нұры» – қазіргі «Арқа ажары» газетінің табалдырығын имене аттаған балаң жігіт алғашқыда корректор, арада үш айдан артық уақыт өткенде кіші әдеби қызметкер лауазымына ие болады. Кейін бас редактордың орынбасары, Астанадағы тілшілер қосынының жетекшісі қызметтерін де абыроймен атқарады.

Осы жылдар аралығында Әнуар Ипмағанбетов, Ибрагим Қапаров, Әмірғали Нүркішев, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық және Жабал Ерғалиев сынды редакторлармен қызметтес болды. Бірге еңбек ете жүріп, олардың жақсысын үйренді, өміріне азық етті.

Редакцияда қызмет атқарып жүргенде екі рет аудандық газетке редактор болып баруға ұсыныс түсіп, кейін қалалық партия комитетінің үгіт-
насихат  бөліміне  нұсқаушылық қызметке шақырту алғанда да лауазымдардан өз еркімен бас тартты. Шығармашылық ортаны қиып кете алмады. Осылайша, «Арқа ажары» оның өмірлік мектебіне айналды.

Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында

Ағада атақ-құрмет аз емес. Соңғы 20 жылға жуық уақыттан бері республика­лық ардагерлер ұйымы қоғамдық кеңесінің мүшесі. Қаланың, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене ат­салысып келеді.

Кезінде қалалық комсомол ұйымының пленум мүшесі бола жүріп, жастар тәрбиесіндегі күрмеулі мәселелердің шешілуіне араласты, қазақ мектептеріне балалар жинау үшін көше-көшені аралап тізім жинап, Ақмола атын қайтаруға, облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамын құруға, қалада қазақ драма театрын ашуға байланысты хаттар ұйымдастырып, газет ұжымымен бірге көп еңбек сіңірді.

Ол кезде №4 қазақ орта мектебі, «Коммунизм нұры» газеті мен орталық мешіт қана қазақша мекемелер санатында болды. Соған қарамастан, ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан ағаның марқұм Мұрат Керейбайұлымен бірлесіп, «Наурыз мейрамы», «Қымызмұрындық», «Шашу», «Тұсау кесу» сияқты мерекелік шаралардың қойылым сценарийлерін жазуға атсалысты.

Бір ерекшелігі, ағамыздың бай кітап­ханасы бар. Онысын өзі, балалары оқып-біліп қана қоймайды, туып-өсіп, білім алған қазіргі №1 Қорғалжын орта мектебімен бөлісіп отырады. Олай ­деуімізге негіз де жоқ емес. Осыдан бес жыл бұрын мектеп бітірушілердің 50 жылдық кездесу кешінде жеке кітап­ханасынан аталмыш білім ордасына 100 кітабын, биылғы соңғы қоңырау қарсаңында осы мектепке тағы 350 кітабын сыйға тартты.

Қаламгер аға екі тілді еркін меңгерген. Соның нәтижесінде Ә.Нәбиев, В.Гундарев, Х.Рахимов, А.Дубицкий, М.Хасенов сынды және басқа да жерлес жазушылардың шығармаларын қазақ тілінен орыс тіліне және керісінше аударып, жариялады. Бірнеше кітаптың редакторы болды.

«Арқа ажарында» жүріп отбасын құрды. Өмірлік жары Гүлжан Ғазиз­қызы 20 жылдан астам уақыт қаладағы №6 емхананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып, қалалық мәслихаттың депутаты болды. Ел үшін атқарған еңбегі еленіп, «Құрмет» орденін иеленген жеңгей екеуі үш ұл өсіріп, олардан өрбіген немерелерін адал еңбек етуге, білімді де білікті азамат болуға тәрбиеледі. Бүгінде сол құлыншақтарының қызығына кенеліп, рахатын көруде. Шөберенің де ауылы алыс емес… Тек сол ұрпағының болашағына алаңдайды. Әсіресе компьютер, ұялы телефонның көз жанарына, жүйкесі мен ойлау қабілетіне кері әсер ететінін ескеріп, олардың кітап оқуы мен еңбек етуіне көбірек көңіл бөледі. Жалған жылтыраққа қызықпауын қадағалайды. Бастысы, қасындағы жаны жайсаң, болмыс-бітімі қарапайым адамдарды жатсынбауға баулып келеді.

Қуаныштысы сол, біздің Бәкең өмірінің осынау мағыналы кезеңін отбасының алтын қазығы болған жан-жарымен бірге бала-шағаның шаттыққа толы ортасында қарсы алды. Сол үшін де Жаратқанға күніне мың мәрте шүкір етеді.

Сонау бір жылы асқаралы 60-қа келгенінде белгілі ақын, марқұм Кәкімбек Салықов Бәкеңе арнап:

Сарыарқа газетінде «Арқа ажары»,

Бауырмал асыл достар бар ғажабы.

Бәдуан – соның бірі, шын қайраткер,

Жайнайды оны көрсең жан базары…

…Зор саулық, ақыл, қайрат бар керегі,

Отбасы – ортаң бірге әл береді.

Жүре бер ортамызда жайраң қағып,

Бәдуан – «Арқа ажары» бәйтерегі, – деп жыр жолдарын арнаған екен.

Бүгінде сол алып бәйтеректей жапырағын жайып, тамырын тереңге тартқан, босағасына береке байланған, бақуатты да бақытты отбасының атасы атанған ағамыздың төрт құбыласы түгел, айналасы аман болса екен!

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button