Мәдениет

Асқардың алған асуы

Елордада республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, «Шабыт-2017» фестивалінің бас жүлдегері, дәстүрлі әнші Асқар Мұқияттың «Асқар асу» атты жеке шығармашылық кеші өтті. Кеште әлемдік классика және қазақ композиторларының шығармалары орындалды.

Еліміздің ұлттық музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға зор үлес қосып жүрген Асқар Мұқият шығармашылық кешінде «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі және «Гүлдер» ансамблімен бірге өнер көрсетті. Кеш қонақтары болған Перизат Тұрарова, Рухия Байдүкенова, Айзат Қарабек, Қайсар Мұхтар, Әділжан Толықпаев, Венера Табыс, Дана Молдағалиева сынды белгілі әншілер де ән шашуларын ала келді.

Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде ерекше қолтаңбасымен танылған әнші халқымыздың киелі қара домбырасымен Ақан сері Қорамсаұлының «Сырымбетін», Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бесін», Естай Беркімбайұлының «Қорланын», Ақан Серінің «Ләйлім шырағын», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» және тағы да басқа сирек орындалып, ұмыт болып бара жатқан әндерді шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Әншінің екі ай дайындалған концерті жоғары деңгейде өтті. Сұхбат кезінде одан кеш атауын неліктен «Асқар асу» деп қойғанын сұрадық.

– Көп ұзамай орда бұзар отыз жасқа келемін, осы бір мен үшін үлкен белес алдында ендігі алар асуым жоғары болсын деп ырымдап, кеш атауын «Асқар асу» деп қойдық, – дейді ол. Кешке әншінің әкесі мен анасы, ұстаздары да қатысты. Дәстүрлі әнші барша көрерменге алғыс айтып, концерт соңын қазақылықты дәріптейтін «Қазақша» әнімен аяқтады.

Эльгиза Ермек,

Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
1-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button