Ресми бет

Өнегелі өмір өткелдері

Өткен шақта сөз бастау оңай емес екен. Десе де жақсы адамның өмір жолын, елге жасаған игілікті еңбегін атап өтуді жөн көрдім.

Жуық арада Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінде қапшағай денелі, аққұба жүзді, ақжарқын мінезді Оспан Балкенбаев ақсақалмен таныстым. Жасы 75-ті алқымдап қалған Осекең тың, сөзі нық, Алматы ауданында «Жігер-2» атанған ардагерлердің бастауыш ұйымының төрағасы қызметінде, Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі, Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі, қоғам белсендісі, күнделікті өмір толқынысын қоғамдық жұмысқа арнаған қарттың бұл қадамы өнегелі өмір баспалдақтарының жемісі екені айдан анық. Өмір өрнегін шолып өтсек, Оспан аға 1948 жылдың сәуірінде қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Тельман ауылында дүниеге келіпті. Соғыстан кейін бұл ауылда ел басына түскен таршылық жағдайы болатын. Әкесі Балкембей қарт ауылдың молдасы болып, анасы Зұлқия мал соятын пунктте ішек-қарын тазалап күнкөріс жасапты. Абырой болғанда, ағасы мен жеңгесі колхоздың бір отар қойын бағып, бұларға қамқоршы болған. Бұл болса қыстай Тельман ауылындағы туыстарының қолында болып, бастауыш мектепте оқыған екен. Жоғары сыныпты аудан орталығындағы мектеп-интернатта жатып оқыпты. Ата-анасынан ерте айырылып, ағасының қолында өскен ол атпен қой бағу, қой қырқу, оны күпкеге тоғыту, қозылардың ауызына тотыяйын құю жұмысын еркін атқарып, мал қадірін бойына сіңіре біліпті. Өмірдің өзіне бұйырған несібесімен елінен алыстап кетсе де, Оспан аға туған жері, тәй-тәй басып өскен алтын ордасы – ауылын есінен бір сәт шығарып көрмепті.

«Шартарапты шарлап жүрсем де, кіндігім байланған қасиетті ауылымды ешқашан есімнен шығарған емеспін, өйткені киелі мекенімнің қуаты мені әрқашан да рухтандырып жүрді, реті келгенде, ауылыма сапар шегіп, мөлдір бұлағының суын сүйсіне ішіп, сұлу табиғатына тамсанып, таза ауасын емірене жұтып қайтатыным бар» деп аңсаған еді марқұм.

Табиғат демекші, табиғаттың сан қилы құбылмалығы, ауа райы­ның күн сайынғы өзгеріс­тері оны бала жастан қызықтырып, соның заңдылығын білуге жетелейтін. Жыл бойы әр күннің ауа райына тізбе жасап, оны айға, тоқсанға, жылға жіктеп, салыс­тырмалы анықтама жүргізеді екен. Мектеп табалдырығынан басталған бұл құмарлық есейе келе сол салада жұмыс істеуге негіз болған секілді. Сондықтан болар, 1967-1968 жылдары Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы ауа райын зерттеу мекемесінің техник-бақылаушысы болып еңбек жолын бастапты. 1968-69 жылдары Алматы қаласындағы ауа райын зерттеу мектебінде оқып, өзімен курстас Каспи атты арумен танысып, туған еліне жұптасып қайтыпты. Ағасы мен жеңгесі інісінің бұл қадамын қош көріп, қуанышты көңілмен қарсы алып, дүркіретіп үйлену тойын да жасаған екен. Жас отбасы 1969-1970 жылдары Ырғыз ауданында ауа райын зерттеу мекемесінде қызметін жалғас­тырды. Алайда әке-шешесінің жалғызы – Каспи ата-анасының ауыр тұрмысын күні-түні ойлап алаңдаумен болды. Әкесі ІІ санаттағы мүгедек, анасы ақсақалдың күтушісі болып таңды атырып жүрген жағдайда болса да, бұлардың көшіріп аламыз деген ұсынысын қабыл алмады. Оспанның ағайындары да Мойынқұмға екі қатынап, қарттың елінен кетпейтініне көзі жеткен соң, қарттардың қасына барғанын қалап, жас жанұя Мойынқұмға көшетін болды. Сөйтіп, Оспан ағамыздың отбасы Мойынқұм жеріне, қазақ тарихында ерекше орын алатын Хантау елді мекеніне орнығып, құшақ жая қарсы алған ауыл халқымен мидай араласып кетті. Өз ісіне мығым, жауапкершілігі мол жігітті ел таныды, басшылар байқады. Алғашында 1970-1978 жылдары ауылдық кеңестің хатшысы болған ол 1978-1984 жылдары Хантау жанар-жағармай базасының директоры болды. Әйтсе де мінезі біртоға, кішіпейіл, елмен жақсы тіл табыса білетін іскер ағамыз 1984 жылы Хантау поселкелік кеңесінің төрағалығына сайланды. Содан 1994 жылға дейін бұл жұмысты ұршықша иірген ол 1994-2012 жылдары зейнет жасына шыққанша Хантау кентінің әкімі болып адал қызметін атқарды. Сол жылдары, атап айтқанда, 1998 жылы Хантау­да 240 орындық орта мектептің ғимараты салынды, 2002 жылы Хантауда цемент зауыты салынып, іске берілді, 2005 жылы гранит зауыты салынды, 2008 жылы жаңа типті ФАП салынып, халыққа медициналық көмек жақсарды, 2010 жылы кенттің 2,5 км көшесіне жол салынып, асфальт төселіп, жарық берілді. 2011 жылы бос қалған ғимарат жөнделіп, 25 орындық балабақша ашылды. Осындай ауыз толтырып айтарлық жұмысты орындауға мұрындық болған Осекең ортасына сыйлы, елге беделді, көпшіліктің қамын жейтін басшы ретінде танылды.

Өз естелігінде марқұм ағамыз: «Хантау біздің отбасымызға береке-бақ қондырған Мойынқұмнан шығысқа қарай 68 шақырым жерде, Хантау тауының батыс жағында орын тепкен киелі мекен болды. Бүкіл саналы өмірім осы қалашықта өтті. Өз басым Керей, Жәнібек хандар «қазақ» атауын бүкіл дүниеге паш етіп, Хантаудың қияр басына ұлтымыздың туын тіккен елде, кеңес заманында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың жерінде, рухы биік, ұлттық құндылықтарымызды ғасырларға дарытқан елдің ортасында еңбек еткенімді мақтан етемін» деп ағынан жарылған еді марқұм.

Оспан ағаның ел үшін ат­қарған көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2001 жылы Елбасының Алғыс хатымен, 2010 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев­тың Жарлығымен мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал 2015 жылы Оспан ағамызға «Мойынқұм ауданының құрметті азаматы» атағы берілгені де мызғымас еңбектің нәтижесі еді. 2021 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жыл толуына орай, 2022 жылы орталық кеңес пен Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің қоғамдық жұмысына және жастарға тәрбие берудегі еңбегі үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Өміріндегі ең жоғары сый – ұрпақ өсіру. Мәуелі бәйтерек иесі Оспан аға өзінің өмірлік жары Каспи апаймен ұл-қыз тәрбиелеп, 11 немере сүйген, үнемі шаңырағын думанға бөлеп жүрген асыл жандар еді.

23 сәуірде суық хабар баршамыздың көңілімізді қарып өтті. Дәм-тұзы таусылып, өзінің 75 жылдық мерейтой шағында Оспан Балкенбайұлы бұл дүниеден кенеттен өте берді, сұм ажал тағы да бұл фәниден жақсы адамды бақиға әкетті.

Қош бол, жаны жайсаң Оспан аға! Сіз игілікті ісіңізбен біле­тіндер жадында сақталасыз.

Манап ӘДІРЕШЕВ,

зейнеткер,

Астана ­қаласы

Ардагерлер кеңесі ­жанындағы медиа

тобының  мүшесі, Алматы ауданы  Ардагерлер кеңесінің ­мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button