Басты ақпаратЕлорда тынысы

2022 жыл: елордадағы 10 оқиға

III мыңжылдық­тың 22 жылын, яғни 2022 жылды тарихтың қатпар бетіне хаттаймыз. Барыс жылының тосын сыйы көп, өзіндік мінез танытқанын ДА көрдік. Жарқын жетістіктер де аз емес. Елдің саяси орталығы – Астанада орын алған БАСТЫ 10 оқиғаны ұсынамыз.

КӨПТІҢ ТІЛЕУІ – КӨПІР

Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыз көпірдің маңызын терең түсініп, көпір салуды ­сауапты іске жатқызды. Өйткені көпір қозғалысты жеңілдетіп, қиындықты еңсеруде тірек болады. Ерке Есілді бойлай бой көтерген Астананы жайлы қалаға айналдыруда көпірдің қажеттілігін сезінеміз. Әсіресе әуежай мен «Нұрлы жол» теміржолын бағытқа алған адамдар көлік кептелісіне тіреліп жатады. Мұндай келеңсіз жағдайды еңсеруде көпір салу міндеті тұр.

2022 жылы Ұлы дала даңғылы бойынан ашылған жаңа көпір ашылды. Оның ұзындығы – 263,22 метр, ені – 51,4 метр. Әрбір қозғалыс бағытының жүріс бөлігінде ені 3,75 метр үш жолақ және ені 4 метр бір жолақ бар. Жолдың сыртқы жағында 1,5 метрден қауіпсіздік жолағы салынды.

Бұл көпір Мәңгілік ел даң­ғылы, А.Байтұрсынов, ­Р.Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшесі және Nova city ауданы, «Мыңжылдық» аллеясындағы жүктемені ішінара төмендетуге мүмкіндік береді. «Нұрлы жол» вокзалына, «Тельман» және «Промышленный» тұрғын алабына, «Метро» гипермаркеті аумағына, М.Жұмабаев даңғылына, Т.Жүргенов көшесіне бару жеңілдейді.

2023 жылы Есіл өзені арқылы өтетін тағы бір көпір пайдалануға беріледі.

Жалпы Есілдің көпірлері туралы айтатын әңгіме көп. Астананың дәл кіндігінде «Арқар» көпірі бар. Оған Тұлпар, Марал, Қараөткел, Беласар және т.б. көпірлерді қосу керек. Жаяу жүргіншілерге арналған «Бекіре» және «Серуен» көпірін де ұмытпау керек-ақ.

ЖЕТІНШІ РЕТ ТОП ЖАРДЫ

Иә, «Астана» футбол клубы өз тарихында жетінші рет Қазақстан чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп, еліміздің үздік командасы атанды.

Қазақстан Премьер-лигасындағы чемпиондық тұғыр соңғы 26-турда шешілді. Елдің екі беделді командасы – «Астана» мен «Ақтөбе» бірінші орынға үмітті болды. Чемпиондық рухы бар екі команданың арасын екі ұпай ғана бөліп тұрған-ды. Турнир кестесінде жоғары тұрған елордалық команда сырт алаңда Қарағандының «Шахтерімен» ойнап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Ақтөбенің ұжымын артта қалдырды.

Естеріңізде болса, 2014, 2015, 2016, 2017, 2018, 2019, 2022 жылы ел чемпионы болса, 2010, 2012, 2016 жылы Қазақстан Кубогын, 2011, 2015, 2018, 2019 жылы Қазақстан Суперкубогын ұтып алды.

Енді «Астанаға» Еуропаның белді командаларымен өтетін ойындарда жанкүйерлік етеміз. Алға, Астана!

БІЗДІҢ ЧЕМПИОНДАР

Сәуір айында Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда Азия чемпионатының байрағы көтерілді. Астаналық Мәдина мен Жәмила Бақбергенова табысты өнер көрсетіп, қуант­ты. 68 келіде белдескен Мәдина Бақбергенова тұңғыш рет өз салмағында дараланса, 72 келіде сынға түскен Жәмила Бақбергенова екінші рет Азия чемпионы атанды. Осылайша ел тарихында тұңғыш рет егіздер Азия чемпионы атанды.

Қыркүйек айында әлемнің сақа балуандарының басы Сербияның астанасы Белград қаласында қосылды. Жәмила Бақбергенова ақтық сынға дейін қарсыластарының осал тұсын тапты. Тек финалда АҚШ спортшысы Амит Элорға шамасы келмеді. Сөйтіп, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды.

Одан бөлек, астаналық егіз боксшы Нұрбек пен Айбек Оралбайдың жетістігін атап өту керек. Қазан айының аяғы қараша айының басында Иорданияның орталығы Амман қаласында Азия бокс конфедерациясы (ASBC) құрлықтың үздіктерін анықтады. Нұрбек – 80 келіде қола жүлдегер, Айбек 92 келі салмақта алтын медаль алды.

Естеріңізде болса, 2018 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында Нұрбек күміс, Айбек алтын медаль алған-ды. Сол жылы 21-31 тамызы аралығында Венгрияның Будапешт қаласында Әлем чемпионатында Нұрбек алтын, Айбек күміс медаль олжалады.

Қазақстан теннис тарихындағы ең ірі жеңіс – Елена ­Рыбакинаның еншісінде. Ол жыл басында Уимблдон-2022 турнирінде топ жарса, жыл аяғында Дубайда (БАӘ) өткен Дүние­жүзілік теннис лигасы (WTL) көрме турнирінде жеңімпаз атанды.

ҮЛЕСКЕРЛЕР – ҰДАЙЫ НАЗАРДА

Расында, үлескерлердің мәселесі – Астана қаласының басшыларын толғандыратын негізгі мәселе. Экс-әкім Алтай Көлгінов үлескерлер мәселесіне басымдық етіп, мердігер компаниялармен бірнеше рет кездесіп, үлескерлер өтініш-тілегін шешуге мән берді. Бас қаланың мэрі Жеңіс Қасымбек те әкім қызметін үлескерлердің мәселесіне назар аударудан бастады.

2022 жылы Астанада үлес­кер отбасының 90 пайызға жуығының мәселесі шешіліп, 16 мың үлескерлер саны 2 мың отбасыға қысқарды. Мәселен, 2019 жылдың жазында құрылысы ұзаққа созылған 150 көппәтерлі тұрғын үй болса, оның 120-ы шешілді.

Құрылысы ұзаққа созылған қалған 30 үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Онда 2 мыңға жуық отбасы баспанасын күтіп жүр. Мұндай проблемалы үйлердің аяқталуы – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Құрылысы ұзаққа созылған әрбір үйдің проблемасы әртүрлі болатын. Бірінде тек шұңқыры ғана қазылған, енді бірінде қаржылық аудит, жобалық-сметалық секілді құжаттамасы жоқ еді, сол сияқты бір пәтерді екі-үш отбасыға сатқан жайттар, тағы бірінде қаңқасы тұрғызылған үй апатты күйде болды.

Мысалы, «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2004 жылы басталған-ды. Үйді техникалық тексеру барысында ғимараттың апатты жағдайда екені белгілі болды. Бұрынғы құрылыс салушы техникалық нормаларға сай келмейтін бетон маркасын қолданған, плиталар арасында сәйкестік жоқ. Құрылысшылардың айтуынша, бұл үй пайдалануға берілгенде ұзаққа бармай қирап, тұрғындар үйіндінің астында қалар еді. Осыдан кейін оның блоктары бұзылып, орнына жаңа тұрғын үй кешені салынды, нәтижесінде тұрғындар көптен күткен баспанасына ие болды.

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР КӨРКЕЙГЕН ЖЫЛ

Шыны керек, Астана қаласының әкімшілік аумағы кеңейіп, халық саны жыл өткен сайын артып келеді. Соған сай көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Алайда соған сай әлеуметтік инфрақұрылым – мектеп, емхана, аурухана, спорт кешені және т.б. дамуда ма? Бұл өзекті мәселе екені даусыз.

Осы бағытта жүйелі жұмыс та жоқ емес. Мәселен, елордада 93 мың оқушыға арналған 45 мектеп салынды (2 ауысымды). Оның 9-ы биылғы оқу жылында ашылды. 2019-2021 жылдар аралығында 36 оқу орны салынып, пайдалануға берілді.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ірі габаритті 25 мектепті жобалау басталды. Бұл ірі габаритті мектептер 100 мың оқушы орнын (2 ауысымды) ашуға мүмкіндік береді. Олардың құрылысы 2023 жылы басталады.

2025 жылға дейін 120 мың оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 44 мектеп салу жоспарланып отыр.

Елордада мектеп салу үшін 158 жер учаскесі белгіленді. Жер учаскелері әлеуметтік нысандардың қажеттіліктеріне орай қаланың барлық ауданында орналасты.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елордада алтыншы BINOM мектебі ашылды. Оқу ордасына Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді. Мектеп елорданың жылдам дамып келе жатқан ауданында, Тұрар Рысқұлов көшесінде орналасты. 4 мың бала екі ауысыммен оқи алады. Бұған дейін ашылған 5 BINOM мектебі жүктемені азайтуға және бас қаладағы оқушы орындарының тапшылығын 20 мыңға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл жобаны BI Group құрылыс холдингі Астана әкімдігімен бірлесе отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша жүзеге асырылды.

Елорданы қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар «Астана  жайлы қала» мастер-жоспары аясында жүргізілді. Астанада қала тұрғындары мен қонақтар бос уақытын жайлы әрі денсаулығына пайдалы күйде өткізе алатын жаңа тартымды орындар ашылды. Соңғы жылдары елордада 900-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды: көпір асты кеңістіктер, «Театр» бульвары («Жастар» сарайынан Музыкалық жас көрермен театрына дейін), «Demalys promenade», құтқарушылардың, мұғалімдердің, медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған гүлзарлар, көше спорты колизейі ашылды және т.б.

ӘЛЕУМЕТТІК ПӘТЕР КӨПТЕП САЛЫНДЫ

Астанада жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы бар, сол сияқты тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайды, ал тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың санаты кеңейтілді және т.б.

Соңғы жылдары Астанада 23,5 мыңға жуық әлеуметтік пәтер салынды. Мәселен, 2018 жылы – 1100 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020-2022 жылдары 20,5 мың әлеуметтік пәтер салынды.

Бұдан бөлек, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, қауіпті тұрғын үй кешендерін жөндеу, апатты күйдегі әрі тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу жұмысы жүріп жатыр. Соңғы үш жылда апатты үйлерден 700-ге жуық отбасы қоныс аударды. Тағы 300-ден астам отбасыны көшіру жоспарланып отыр. Елордаға Даму бағдарламасы басталғалы бері апатты үйлерден 4200 отбасы қоныс аударды.

БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЫ

Өрт сөндірушілердің жұмысы қауіп-қатерге толы. Олардың апат кезінде көзсіз жанкештілікке баратынын елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігінен дүйім жұрт біледі. Үш адамды құтқарған батырдың қайсарлығы еленбей қалған жоқ. Астана ономастикалық комиссиясының отырысында Есіл ауданында орналасқан Е-583 көшесінде өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін беру туралы шешім қабылданды.

Жиында батырдың есімін өзі қызмет еткен №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне беру, мекеме алдына бюст орнату ұсынылды. Асқар Забикулиннің естелік суретін Астана қаласының А.Пушкин көшесінде орналасқан «Құтқарушылар саябағындағы» ақпараттық тақтаға орналастыру туралы шешім қабылданды. Аталмыш саябақта бұрын қайтыс болған құтқарушыларды еске алуға арналған ақпарат орналастырылған-ды.

Естеріңізде болса, Асқар өрт шыққан үйде үш адамды құтқарып, кәсіби жұмысы барысында денесінің 80 пайызы күйік шалып, ауруханада ес-түссіз жатып, жан тапсырды. Қызмет барысында ерлік көрсетіп қаза болған батырдың рухына қалың бұқара тағзым етті.

БАС ҚАЛАНЫҢ ОНЫНШЫ БАСШЫСЫ 

Әділбек Жақсыбеков, Темірхан Досмұхамбетов, Өмірзақ Шүкеев, Асқар Мамин, Иманғали Тасмағамбетов, Әсет Исекешев, Бақыт Сұлтанов және Алтай Көлгіновтен кейін бас қаланың тізгінін Жеңіс Қасымбек ұстады.

Астананың оныншы әкімі Ж.Қасымбек еңбек жолында Көлік және коммуникация, Инвестициялар және даму министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары қыз­метін атқарып, елшіл істерде белсенділігімен көрінді.

Елорданың жаңа әкімі Жеңіс Қасымбек: «Экономикалық көрсеткіштер, кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылым, қолжетімді әлеуметтік қыз­меттер – өз жұмысымызда қала өмірі үшін маңызы зор барлық саланы қамтимыз. Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, медициналық нысандар және т.б. салуды әрі қарай да жалғастырамыз. Қала тұрғындарының саны, құрылыс көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын ескеріп, жылу, су және электрмен жабдықтау нысандарының қуатын ұлғайту бойынша жұмыс істейтін боламыз» деп астаналықтарға үндеу жолдады.

Алғашқы ресми кездесуі үлескерлерге бағыттап, қарапайым халықтың мүддесіне басымдық беретінін байқатты.

«АСТАНА» АТАУЫ ҚАЙТА ОРАЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 17 қыркүйегінде елорданың атауын Нұр-Сұлтаннан Астана қаласы деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, көптің ұсынысы ескеріліп, елдің саяси орталығы қайта «Астана» атауы қайта оралды.

1997 жылы 10 желтоқсанында Алатауда Арқа төріне елдің саяси-әкімшілік орталығы ауысты. 1998 жылы 6 мамырда Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

1998 жылы 10 маусымында жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астана «Бейбітшілік қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Қала төрт ауданнан – Алматы, Сарыарқа, Есіл және Байқоңыр ауданынан тұрады. Жыл аяғында бұл қатарға Нұра ауданы қосылды.

Бүгінде миллион тұрғыны бар Астана ел экономикасының локомотивіне айналды.

«ЕЛОРДА АҚПАРАТТЫҢ» ТАРТУЫ

Республика күніне арналған қаламгерлер мен журналистер арасындағы бильярд турнирі өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Elorda Aqparat» медиахолдингі ұйымдастырған дүбірлі додаға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – ­Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, Несіпбек Айтұлы, журналист-жазушы, академик Уәлихан Қалижанұлы бастаған зиялы қауым, БАҚ өкілдері (үлкен, орта және кіші буын) қатысып, қызықты да тартысты ойын үлгісін көрсетті.

Серіктестіктің директоры Олжас Сыдықбек турнирдің негізгі мақсаты – елордадағы зиялы қауым өкілдерінің, журналистердің басын қосу, бір үстел басында қауыштыру және ұлттық мерекені бірге атап өту болғанын айтты.

Кілең сайдың тасындай іріктелген 32 ойыншы таңғы сағат 10-нан түнгі сағат 22-ге дейін бақ сынап, қолына қалам мен микрофонды ғана емес, бильярд таяғын да шебер ұстай алатындығын көрсетті. Нәтижесінде Нұрділдә Ораз бірінші орын алса, екінші орыннан Ахмет Қайратұлы көрінді. Үшінші орында Жанарбек Әшімжан мен Ербол Ерденбек бөлісті.

«Elorda Aqparat» ЖШС тартуы мұнымен шектелмеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік және елорда» атты жыр мүшәйрасы өтті. Жыр додасына елдің әр өңіріндегі 102 ақын өз өлеңін жолдағанын айтуымыз керек. Қорытынды кеште тек үздіктері шақырылып, сый-сыя­паты табысталды, әрі ақындар жыр-жауһарын оқыды. Рухына сөз өнері қонған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ақындар тәуелсіздік пен елорданы жырға қосып, тыңдарманын жырмен тербеді.

Республикалық мүшәйрада бірінші орынды қарағандылық белгілі ақын Ілияс Мұқай иеленсе, Аршын Нұрбақыт, Айдын Байыс, Қарлығаш Қашқынбай, Ұмтыл Зарыққан сынды таланттар да жүлдегерлер қатарынан көрінді.

P.S: Біз бір жылдың жүгін салмақтап, негізгі оқиғаларын осылай сараладық. Әрине, бір жылдың жүзінде бұдан өзге де ірі-ірі жағымды жаңалықтар орын алды. Мәселен, елордада еңселі мешітте азан шақырыла бастады, бірнеше халықаралық форумдар өтіп, ел басшылары арнайы келді. Алайды мұның бәрі өзге тақырыпқа арқау болғанын айтуымыз керек.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button