Білім

ҰБТ-ға дайындық қалай жүріп жатыр?

ҰБТ-ға дайындық қалай жүріп жатыр?

Әсима БИМЕНДИНА,
Астана қаласы Білім басқармасының бастығы:

Биыл Астана мектептерін 3988 түлек тәмамдады. Олардың 3 652-сі Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға дайындық жүргізу үстінде. 178 оқушымыз – «Алтын белгіден» үміткер. Ал, қалған оқушылар – халықаралық олимпиада жеңімпазы ретінде грантқа ие болғандар немесе шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін дәстүрлі емтихан тапсыратындар. Осы орайда, Астанада олимпиадалар мен ғылыми сайыстар жеңімпаздары санының артып келе жатқандығын айта кету керек.

Жалпы, елордада ҰБТ тапсыруға өтiнiш берушiлердiң саны да жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл – мұғалімдердің жемісті еңбегінің, оқушылардың сынаққа деген жауапкершілікті сезінуінің нәтижесі.

Жанат АЙТОВА,
Ғ.Орманов атындағы №7 мектеп-гимназияның директоры:

Біздің мектептен биыл 103 түлек қанат қағып ұшқалы отыр. Бәрі де Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Сынаққа 10-15 күн қалғанда өзім оқушылармен арнайы кездестім. Психологиялық тұрғыдан азды-көпті кеңесімді бердім. Жалпы, ҰБТ адамның тағдырын шешпейді. Сондықтан, емтиханға кірер алдында оқушының өзін еркін ұстағаны, сауалдарға жауап берерде шешімін сенімді, саналы түрде жасағаны абзал. Оқушыларға осыны ұғындыруға тырысамын. Биыл біздің ұжым «Мың бала» жобасының аясында тестілеуге өте үлкен дайындық жүргізді. Бітіруші 103 түлектің әрқайсысына бір мұғалім, бір ата-ананы жауапты етіп белгіледік. Олар өздерінің хал-қадерінше бөліп берілген оқушыны тест сұрақтарына жан-жақты дайындады. Мен осы мектепті қабылдап алған алғашқы жылы, яғни, 2008 жылы тестілеудің орташа балы 61-ді құрап, қаладағы 77 мектептің арасынан 26 орынды иеленсек, былтырғы көрсеткіш 86 балды құрап, 12-орыннан көріндік. Биыл бұдан да жоғары көрсеткішті бағындырып, алғашқы ондықтан көрінеміз деген үмітіміз бар.

Сауалнаманы әзірлеген Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button