Сұхбат

Абырой асуы

Елбасымыздың жаңғыру бас­та­масы елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Бүгінгі сұхбаттасып отыр­ған отставкадағы генерал-майор, әлі де саптағы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышевтың бар өмірі адасқандарды қоғамға кері қайтаруға жұмсалып келді. Ардақты ардагер өмірінің 37 жылын ішкі істер органында өткізсе, содан кейінгі 18 жылда ардагерлер ұйымының қым-қиғаш қызметінде жүр.

– Қызмет барысында бірқатар қырқыншы жылғылармен сырлас боп, өмір жолына үңілген едік. Ішінде осалы жоқ. Құрыштан қаланғандай қайратты, қай істе болса да өздері тырбанып, талпынып шыңға өрлеу, өмірлік мақсат болғанын аңғардым. Осының сыры неде?
– Айтары бар ма. Біз сұрқиялы да сұм заманнан аман қалғандармыз. Адам боп келген соң адам боп қалудағы басты қағидатымыз – ар, намыс, жігер! Осы үшеуі бойда болғанда, елге адал қызмет етіп, әулетіне қамқор боп, қандай да бір жетістікке жетесің. Сөз жоқ, әке мен ананың тәрбиесі де қайрап, сынап, күзеп, жігер беріп отыратын. Көп жағдай осындай тәрбиеге байланысты. Екі ана мен бір әкеден жалғыз болсақ та, өмірдің ыстық көрігінен өткен өз басымның жаңғырығының гуілі қайрақтың отынан кем болған жоқ.
– Ауылдың кеншісінен генерал шеніне дейінгі бұралаң жолын әңгімелеп берсеңіз. Көзіқарақты жастардың біреуінің болмаса, біреуінің қызығушылығын туғызар деген ой да жоқ емес.
– Мен осы өңірдің төл тумасымын. 1940 жылдың 27 шілдесінде Ерейментау ауданының Бестөбе руднигінде дүниеге келдім. Отбасының 1932 жылы осында қоныс аударуының себебі – мұнда жұмыс болды, артельдер құрылып, шахтадан алтын шығарылды. Әкей осында жұмысын бастап, кейін артель басшысы болды. Алтын қазбасын өндірудің ел экономикасына пайдасы айтпаса да мәлім. Кент ашылған жылдары бір метр ғана тереңдіктен өндірілетін қазба бүгінде 1000 метрге дейін қашып кетті. Әкем Бапан Мұқыш пен оның бәйбішесі Дәмегөй Құдасқызы екеуінен өмірге бес-алты бала келгенімен, бәрі туа сала шетінеген. Өмірде қарап отырсаң, сол бір заманда жас сәбидің шетінеуі жиі орын алды. Мен – екі ананың телқозысымын. 35-ші жылдар болса керек, жас қыз, ісмер тігінші Биғайша Әлжанқызы жұмыс іздеп осында келеді. Кейін әкем екеуі үйленеді. Оның себебі түсінікті. Әкемде ұрпақ жоқ. Содан қиын-қыстауды бастан өткере жүріп, өкінішке қарай, 1948 жылы 48 жасында әкем дүниеден өтеді.

Әу бастан қара қазанды бірге қайнатып жатқан қос ана мені «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», өздері тәрбиелеп, өсірді. Негізінде тәрбиенің бәрін үлкен анам Дәмегөйден алдым. Өз анам Биғайша таңертеңнен кешке дейін өкімет жұмысында болды. Соғыс жылдары сықсима керосин шамымен күпәйке, күртеше тігіп, майданға жөнелтеді. Жапондық тұтқындардың күшімен көмір шыққан Бөгенбайда ТЭЦ іске қосылып, жарық көзі содан Бестөбе, Жолымбетке тарады. Анамды басқа да, «ананы бітіріп кет, мынаны істеп кет» деп колхоз шаруасынан босатпайды. 1966 жылы Дәмегөй анамызды арулап ақтық сапарға жөнелттік. Онда мен 36 жаста едім.

Өз анам Биғайша өміріне риза боп, немере, шөбере сүйіп, 103 жасында Астанада қайтыс боп, Бестөбеге әкейдің қасына апарып жерледік.1958 жылы орта мектепті тә­мам­даған соң жағдайдың жоқты­ғынан елде қалып, қара жұмыс­қа, артель бар, соған жегілдік.

Еңбек жолымның басында да, кейін де жақсы жандарға жиі жолықтым. Ол жөнінде әлі талай оралатын боламын. Соның бірі – Бестөбедегі еңбек жолымды жаңа бастағандағы шахта басқарушысы Евгений Мазурдың қамқорлығы. Ол буыны қатпаған мені жердің астына түсірмей, үстіндегі жұмысқа қосты. Аз да болса табыс тауып, тұрмыс көтеріліп қалды. Жалақымды түгелдей шешемнің қолына әкеп беремін. Саған, «мен жетіммін, мен жаспын деп» боздап отырсаң, ешкім ештеңе бермейтіні мәлім. «Адамнан сұрағанша, Алладан сұра» деген де бар. Түпкі негізі – жалқау болма, еңбек ет, жауапкершілікті сезін.

«Талабы таудай жас» деп көп ұзамай көзге түскен болармын, кеніш комсомол ұйымының жолдамасымен милиция органына қызметке жіберді. Бұл кезде Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай бітіргенмін. Заң саласындағы қым-қият 37 жылға созылған қызметім учаскелік уәкіл, аға уәкіл боп, бөлім және аудандық, облыстық ішкі істер органдарын басқарып, сатылап көтерілуіммен, ары қарай тоқтамай өріле берді. Ең ауыр учаске – қылмыс­ты іздестіру бөлімдерінде ұзағырақ жүрдім.

Талай сындарлы шақта сыр бермесем керек, әбден сынақтан өтіп, тәжірибе жинақтаған, ұйым­дастырушылық қабілетім ашылған деді ме екен, лайықты кадр деп тауып, мені 1980 жылы Шортанды аудандық милиция бөлімінің бастығынан Мәскеудегі Ішкі істер министрлігі академиясының күндізгі екіжылдық бөліміне оқуға жіберді. Одан соң Ақ­мола облыс­тық қылмыс­ты іздестіру бөлімі бастығының орын­ба­сарлығынан ми­нистр­лік жаңадан құ­рылып жатқан Торғай облыстық ішкі істер бас­қармасы бастығының бірінші орынбасарлығына тағайындады.

– Әрине, органдағы соқ­тық­палы-соқпақты жолда өмір мен өлім бетпе-бет келетін тұстар аз болмайды. Есте қалған бір сәттерді еске түсіріп көрсеңіз.
– Арқалықта Торғай облысы 1988 жылы бірінші рет ж­абылғанға дейін қызмет жасадым. Сол кезде обкомның бірінші хатшысы мемлекет қайраткері Оразбек Қуанышев болатын. Жарықтықтың, естуімше, талай адамға шарапаты тиді. Оны айтып отырғаным мына себептен.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының дүрбелеңі кімді шарпымады. АрқМПИ-дің студенттері мен оқытушылары топ-топ боп жалаулатып-алаулатып үдере көтеріліп көшеге шығып кетті. Мен оқиғаға орай жедел құрылған штабты басқардым. Не істеу керек? Ол кезде іргедегі Державин қаласында кеңестік әскери полигон бар, олардың жасақтары, арнайы жасақталған полиция наряды мүлт кетсе, лап беруге дайын тұр. Жастарға айттым, «сендер терезе сындырып, біреуді жаралап, текке күйіп кетесіңдер. Айтарларың болса, ашық айтыңдар, тыңдайық». Ақырындап айтып, әупірімдеп көндіріп, қаладағы Саяси-ағарту үйіне кіргіздік. Сабаға түскендей болды. Келесі күні обкомның Спицын деген хатшысы үш әріпке, «мынау Мұқышевты байқаңдар, аналарға жақтас» деген емеуірін танытады. Содан не керек, маған «Сен Ауғанстанға атташенің кеңесшісі боп барасың» деп жан-жақты тексеріп, жүз пайыз дайындап қойды. Оны естіген анам мен зайыбым у-шу боп, «сен одан аман келесің бе, жоқ па?» деп жылап жатыр.

Ойда жоқта О.Қуанышев ша­­қырды. Бардым. Бәрінен хабар­дар екен. «Не ойың бар?» деді. «Ойлағанда, Оразбек Сұлтан­ұлы, қан төгіліп жатқан жерге соқа басым болса ойланбас едім. Шиеттей бала-шаға, қарт анам бар дегендейін…» Ұзын сөздің қысқасы, ретін келтіріп мені құтқарып қалды.Көп ұзамай облыс тарап, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасына бастық болып тағайындалдым.
– Генерал шенді Бекболат Бапанұлының ендігі кәсіби зейн­еткерліктен соңғы респуб­ликалық зейнеткерлер ұйымындағы қызметіне ауыссақ.
– Иә, ардагерлер ұйымының жұмысына қалай араласа баста­ғанымды қысқаша әңгімелей кетейін. Алдымен, Ішкі істер министрлігінің ардагерлер
ұйымына келдім. Онда олар Алматыда болды. Кейін республикалық арда­герлер ұйымының тәй-тәй басар тұсында Мақтай Сағдиев секілді білікті басшының қалауымен қанаттаса қызмет еттім. Жалпы ардагерлермен жұмыс жасап отырғаныма – 18 жыл. Содан бері соғыс және еңбек ардагерлерінің мәселесімен айналысып келемін.
– Бұрындары республикалық ардагерлер ұйымының беделі өте жоғары боп, мазасыз күй кешіп жатушы еді. Қазіргі таң­да мамыражай тыныштық, бірізділік қалыптасқан іспетті. Республикалық ұйым қарапайым ардагер батып кіре алмайтын төбедегі бұлтқа айналған жоқ па? Мұның себебін неден іздеуге болады?
– Жоқ, олай емес, рас, заман өзгерді, жағдай түзелді. Неге жоғарыға сабылушы еді? Ардагерлерге зейнетақы уақытында төленбей, тіпті, жолдарды бекітіп, ереуілдетіп те кетті. Онда тұрмыс та, көңіл-күй ахуалы да басқаша болатын.
Қазір елімізде халықтың әлеуметтік жағдайы түзеле бастады. Бізге келем деушілерге есігіміз әрдайым ашық. Жақында бір үлкен апай келді көмек сұрап. Әкесі соғыста қайтып, қаралы хабары ғана келеді. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз» ғой. Әмеңгерлік жолмен бір-екі баламен қалған жеңгесін артыңда қалған інісіне қосады. Көп ұзамай ол да майданға аттанып, қаралы хабар келеді. Ағайындылардың сүйегі қалған жердің табылуына байланысты соған барып, елден бір уыс топырақ салсам дейді. Көмек қажет. Екі әкенің де зираты бір маңда – Польша мен Украина шекарасында. Содан дереу бір кәсіпкерді шақырып, жағдайды түсіндіріп ек, бір сөзге келместен жаңағы анаға жәрдем берді. Осындай шаралардың бәрін үкіметтің емес, кәсіпкерлердің көмегімен шешеміз. Оларға мың алғыс!
– Өзіміз қатысқан ардагерлер ұйымының отызжылдық салтанатты жиынында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова сізге «Алтын барыс» төсбелгісін тапсырды. Парақтап отырмыз, респуб­ликалық «Құрмет кітабына» есіміңіз алтын әріппен жазылыпты. Құтты болсын!«Айтпасам жөнімді өзім, біледі кім» дегендейін, көп жайға қанықтық. Сізге құрметпен қарап, жадыңыздың мықтылығына таңғала отырып, әр сөзіңізді аманаттай сақтап, шама келгенше сол қалпында оқырманға жеткізуді жөн санадым.
– Рахмет!
– Күн-түн қатып, мұз жастанып, түзде жүргенде отбасыңда жылылық болмаса, жарыңыз қас-қабағыңызға қарамаса, күйіңіз болмас та еді ғой…
– Дұрыс айтасыз. Отбасының қолдауы болмаса қиын ғой. Қызылту ауданындағы Чапай ауылының қызы Алтын Мақұл­қызы екеуміз жастайымыздан қосылдық. Қуанышта да, қиындықта да мәңгі біргеміз. Төрт ұл, бір қызымыз бар. Бәрі де Астанада. Немерелерім өсіп жатыр.
– Құдай берген екен!
– Тәуба!
– Әдетте, сіздей мамандық­тың иесін сөзге жоқ, қатаң бұй­рық беруші, өзі де суық, сөзі де суық адам деп танушы едік. Өнерге, әдебиетке қалай қарай­сыз?
– Өте жақсы қараймын. Кезінде М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын бірнеше рет оқып шықтым. Домбырамен ән салғанды ұнатамын. Фариза ханымның терең мазмұнды өлеңдерін өз «репертуарыма» енгізгенмін. Қолдан келсе, «сегіз қырлы, бір сырлы» болғанға не жетсін.
– Ұзақ жылдарғы қызме­тіңізде ішкі істер органында болсын, қазіргі ардагерлер ұйымында болсын еңбегіңіз жанып келеді. Алдағы уақытта да абыройыңыз асып, мерейіңіз өсе берсін.

Майра Шөкен, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button