Сұхбат

Адалдықтың ақ туы адастырған жоқ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Қазақ радио­сының 100 жылдық торқалы тойына орай Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ондаған кітаптың авторы, белгілі журналист  Ғалия Балтабайды әңгімеге тартқан едік.

– Ғалия Құсайынқызы, радиожурналистикаға келуіңізге не себеп болды? Жалпы бұл салада қанша жыл қызмет атқардыңыз?
– Бірде мектепке белгілі ақын, журналист Мүбәрак Жаманбалинов ағай келіп, оқушыларға шығарма жазғызды. Тақырыбы – «Қазақ елі». Жазуға бейімі бар балаларды таңдап алу мақсатында келген ғой. Соңында Хамида Қапиятова екеуміздің жазған шығармамызды сынып алдында  оқып берді. «Сендердің журналистикаға бейімдерің бар екен» деп, бізді жігерлендіріп қойды.
Содан мен облыстық «Қызыл ту» газетіне мектебім жайлы жиі-жиі мақала жазып тұрдым. Мектепті бітіргесін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім.
Ал Қазақ радиосының жаныма жақын саналатын себебі, орта мектепті тәмамдаған соң, қызметімді дәл осы Қазақ радиосының Алматыдағы студиясынан бастадым. Жалпы телерадио саласында 42 жыл жұмыс істедім.
– Кезінде әлеуметтік мәселелерге көбірек қалам тербегеніңіз мәлім. Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген кезіңізде 20-дан астам қарияның баспаналы болуына көмегіңіз тиіпті. Туған жеріңізге сіңірген тағы қандай еңбектеріңіз бар?
– Тұрғын үй проблемасын көп көтерген журналистің бірімін. «Тұрғын үй-91» хабарын жүргіздім. Сол жылдары тіпті бір айдың ішінде бірнеше адам баспанаға ие болды.
Ауылға тағы бірде ат басын бұрғанымда тұрғындар балабақшаның жоқтығын айтты. Радионың араласуымен бұл мәселе де шешілді. Комаров аталып келген туған ауылымның Аққайың деп өзгертілуіне, Сұлтанмахмұт Торайғыров кітапханасының жаңа ғимаратқа қоныс аударуына, облыстық балалар ауруханасының салынуына, марқұм Бикен Дүрманова екеуміз қаладағы Бұхар жырау атындағы музей-үйіне қол жеткізуге барынша атсалысқанымыз рас.
Әсіресе Павлодардағы облыстық аурухананың мүшкіл халін айтып жеткізу мүмкін емес еді. Бірде ол туралы телеоператормен бірге хабар әзірлеу үшін барғанда ескі ғимараттың төбесі Төлеген Ахметов екеуміздің алдымызға  опырылып түсті. Бізді бір Құдай сақтады. Сол жағдайды көргенде күйініп кеттім. Әсіресе сондай қауіпті орталықта ем алып жатқан балалардың тағдырына қатты алаңдадым. Осының бәрін камераға түсіріп, репортерге жазып, студияға алып келдім. Хабар өте тез дайындалды. Ол уақытта мұндай сорақылықтар эфирден ашық айтылып, жариялана бермейтін. Бірақ сол күні кешкі тележаңалықтардан сюжетімді көрсетіп жібердім және ол радиодан да берілді. Ертесіне менің материалдарымды Павлодар облыстық партия комитеті сұратып, арнайы бюрода қаралып, нәтижесінде облыста жаңа балалар ауруханасы салынады деп шешім қабылданды. Келесі жылы аурухана салынды.
– Екібастұз қаласында қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болған екенсіз. Осының қалай жүзеге асырылғанын айтып беріңізші.
– Екібастұз қаласында 1986 жылы бір ғана қазақ мектебі болатын. 1-сынып  оқушылары жуынатын, ал 7-сыныптағылар бұрынғы әжетхананың орнында ашылған бөлмеде оқытылып жатты. Соны мен өз көзіммен көрдім. Намысыма қатты тиді. Өз жерімізде тұрып, қазақ сыныбына жағдай жасай алмағанымызға қатты күйіндім. Содан радио мен телевидениеге бұл туралы арнайы хабар дайындадым. Облыстан бұл хабарларым өтпей қалды. Дайын хабарларды басшылардың рұқсатынсыз, бірден Алматының телерадиокомитетіне жолдадым. Мұны тыңдап көрген Сағат Әшімбаевтың: «Өз елімізде отырып, қазақ балалары неге әжетхана болған орында білім алуы тиіс?» деген әңгімесін павлодарлық диктор Қарлығаш Жакетаева өз құлағымен естіпті. Кейін осы жайды бізге айтып келді.
Сол хабар іле-шала республикалық эфирден беріліп, телеарнадан  көрсетілді. Содан мені қудалау басталды. Мені ұлтшыл, экстремист, «фальсификация фактов» деп айыптаған мақалалар жарияланды. Оны басқан 40 мың оқырманы бар әлгі басылымның адамдары екіге бөлінді. Сол екі арада жаңағы басылымның басшысы Жоғарғы Кеңеске дапутаттыққа кандидат болып ұсынылып, Алматыда өтетін журналистердің конференциясына баратын болды.
Менің атыма кір келтірген басылым басшысының бетпердесін ашу үшін мен де Алматыға жол жүріп кеттім. Алдымен «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Бас редакторы Шерхан Мұртазаның қабылдауында болдым. Шераға мені Орталық комитеттің насихат бөліміндегі Камалбай Мардановқа жіберді. Әбіш Кекілбаевпен жолықтырды. Содан конференцияға делегат болмасам да мен журналистердің конференциясына қатысатын болдым. Ертеңіне журналис­тердің конференциясына келсем, жаңағы газетті ротопринтке көбейтіп, барлық делегаттың алдына қойып үлгеріпті. Бүкіл республикадан жиналған журналистер мен жайлы жазылған мақаланы оқып отыр. Конференцияда 8-ші болып мен сөйледім. Ызаға булығып келген мен екі тілде сайрадым: «Депутаттыққа кандидат Павел Оноприенко журналист ретінде мені қолдаудың орнына, өз газеті арқылы жазғырып, «экстремист» деген айып тағып  отыр. Ол халық қалаулысы болуға лайық адам емес» дедім. Зал ду қол шапалақтады.
Осы жерде Шерхан Мұртаза ағамыз: «Сен қалай ғана Екібастұзда қазақ газетін шығаруға көмектесем дейсің? Экономикасы шарықтап тұрған атақты Екібастұзда бір ғана қазақ мектебі бар, балалар жайдың тапшылығынан әжетханадан класс жасап оқытылып жатыр деп әріптесің Балтабай ханым проблема көтеріп жатса, сен өз газетің арқылы оны «экстремист» деп айыптайсың» деп газет басшысын өз орнына қойды. Сөйтіп мен Алматыдан  жеңіспен оралдым. Бұқаралық ақпарат құралдарынан Павлодарға журналистер келіп, арнайы хабар дайындады, олардың да көмегі тиді. Сондағы тілеулес, жанашыр болған барлық әріптестеріме алғысым шексіз. Міне, содан көп уақыт өтпей Екібастұзда екі бірдей қазақ мектебі ашылды. Сол мектептерді ашуға арнайы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қызыл лентаны кесіп жатқанда, көзіме еріксіз жас үйірілді. Қуаныштың көз жасы ұмытылмайды.
– «Қазақ театры өртенсе де, өнері өртенген жоқ» деген сыни мақалаңыз да қазақ сахна өнерінің қайта жандануына түрткі болған жоқ па?! 
– Соғыс жылдары Павлодардағы қазақ театры өртеніп кетіпті. Ол жайында ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгіме тараған. Біреулер әдейі, қасақана өртелген дегенді алға тартады. Қалай болған күнде де әйтеуір Павлодарға қазақ театрының керектігі басы ашық мәселе еді. Бұл туралы да телерадиохабарын әзірледім. Нәтижесінде бір жылдан соң, Павлодарда қазақ театры бой көтерді.
Қанды қарақшы Ермактың ескерткіші мен бір қаланың атын өзгертуге байланысты қаншама сын хабарларым бүгінде тарихтың еншісіне енді. Марқұм Шерхан Мұртаза аға: «Қарақшы Ермактың ескерткішін алып тастау мәселесін көтеріп отырған журналистің де, осы хабарда сөйлеп тұрған адамның да жүрегінің түгі бар екен» деп риза болыпты. Шынында да, Кеңестер Одағының  дүркіреп  тұрған тұсында мұндай мәселені көтеру ерлікпен бара-бар еді.
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біраз мекемелер жабылып, Қазақ  радиосының тағдыры қыл үстінде тұрғандай еді. Бұл тығырықтан қалай шықтыңыздар?
– Мемлекет барлық мекемеге қаражат тауып бере алмайтын алмағайып заманды бастан кештік. Бірақ қалай болғанда да сол уақыттағы Қазақ радиосының басшылығы мен ұжымның алға қойған мақсаты бізді бұл тығырықтан сүріндірмей алып шықты. Сол жолда тәуекелге бел бууға тура келді. Менің Астанадағы филиалда жұмыс істеп жүрген кезім. Барлық облыстағы меншікті тілшілер қысқартылып, облыстық радиолар жабылып жатқан кез. Тіпті «Шалқар» радиосы да жабылып қалды. Мен қатардағы тілшімін. Сонда да радионы сақтап қалу үшін депутаттарға шығып, сол жайында мәселе көтеріп, хабар жасадым. Бірақ ол хабар эфирден берілмеді. Дегенмен осы мәселенің депутаттық мінберде көтерілуін сұрап, сол кездегі депутаттар Фариза Оңғарсынова мен Оразәлі Сәбденовке шықтым. Олар бізді қолдады. Тіпті облыстардан да қолдау хаттар ұйымдастырдық. Содан ол мәселе жоғары жақта бірнеше мәрте көтеріліп, радио басшылығының белсенділігі нәтижесінде Қазақ радиосы сақталып қалды.
Павлодар облыстық радиосын сақтап қалу жолында да біраз тер төккен жайым бар. Облыстық радиоға басшы болып келсем, радиода көк тиын ақша жоқ, 4-5 қызметкер мен несиеге алған ескі Волга ғана бар. Құжат облыстық телеарна мен радио бөлінген кезде телеарнаның еншісінде қалған көрінеді. Радиода жөні дұрыс техникалық құрал-жабдықтар жоқ. Содан мән-жайды түсінген соң көп тосылмадым. Бірінші кезекте сол кездегі облыс әкімі Даниял Ахметовке кіріп, қаражат бөлуді сұрадым. Басқа да қажеттіліктерге жеке қолдаушылар іздедім. Бірінші жылы радио жиілікті тендер арқылы Павлодар қаласына, сосын облыстың барлық аудандарына, ал үшінші жылы облыстың бүкіл ауылдарына жеңіп алдық. Сөйтіп шаруамыз алға басып, қиындықты артқа тастадық. Бүгінде осы радио күллі облыс аумағының 94 пайызын  қамтиды. Сол кезде өңірден сақталып қалған жалғыз облыстық радио бізбіз. Үш жыл қатарынан Қазақ радиосы мен Павлодар облыстық радиосынан  республикалық ақындар мүшәйрасын ұйымдастыруға ұйытқы болдық.
Қай қиындықты да күрескерлік пен қайсарлық жеңіп шығады. Ал журналиске қандай қасиет керек дегенге келсек, ол халыққа әрдайым жақын жүріп, адалдықты ту етуі керек. Елдің мұңын, халықтың жоғын жоқтауы керек, көп ізденуі керек.
Елдің мұң-мұқтажын шешуге атсалыспаған журналисті өз басым түсінбеймін. Сосын шыншылдық қажет. Болған оқиғаны дәл уақытында, нақты дәлелдермен көпшілікке жеткізу өз алдына, сонымен қатар журналист халықтың адамы екенін ұмытпауы ләзім. Ол – айналасында болып жатқан  кемшіліктерге көз жұмып қарап отыра алмайтын адам.
– Өмірлік ұстанымыңыз туралы айтып берсеңіз.                                                    
– Өмір сүрудің екі түрлі жолы бар. Бірі – тек күнделікті болып жатқан тіршілігіңе дән риза қалпыңда қала беру, ал екіншісі – соңыма жақсы сөз, ізгілікті із қалдырсам деген мақсаттағы ғұмыр. Саналы жан бақытты ешқашан дүниелік байлыққа баламайды. Өмірімде артық ақша жинап, байлыққа қызыққан емеспін. Қарапайым ғана үйім бар, балаларым да көз майын тауысып, адал еңбекпен есейді. Басшылық қызметте жүрген кезімде журналистерді қабілет-қарымына қарап қызметке алдым. Адалдық ұстанымынан айнымадым. Бекер шашылып жатқан байлығымыз жоқ дегенімізбен, рухани қазынамыз көл-көсір. Ең бастысы, қайда жүрсем де, туған жерімнен алыстап кетпедім. Оның үзілген бір сабақ жібін көрсем, сонысын жалғауға тырыстым. Майдангер жерлесім Ахметуәли ақсақал: «Еліңе қызмет етіп, туған жеріңе туыңды тік» деп тілек айтып еді. Осы аманатқа барынша адал болуға тырысып бақтым. Ел Тәуелсіздігінің нығаюына бір кісідей үлесімді қостым.
Әңгімелескен Қарашаш Тоқсанбай

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button