Мәдениет

Әдебиет сахнадан сығалап тұр…

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының елордаға гастрольдік сапары аншлагпен өтті. Алматылық байырғы өнер ұжымы балаларға базарлық ретінде «Жеті лақ» орыс халық ертегісі желісімен сахналанған «Туған күн» спектаклін, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» саундрамасын, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымдарын ұсынды.

[smartslider3 slider=316]

«Туған күнді» қазақ тіліне аударып, инсценировкасын жасаған – Ұлан Болатбек. Ал қоюшы режиссері – Шағуан Үмбетқалиев. Ал «Құлагерді» жас режиссер Фархат Молдағали сахналады.
Қазақ әдебиетін театр сахнасына көшіру керек. Бұл ой көптен бері айтылып жүр. «Жусан иісі» драмасы осы ойды бекіте түседі. Биыл туғанына 85 жыл толып отырған классик қаламгер Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» және «Жабайы алма» повестерінің синтезінен туған спектакль өте әсерлі шыққан. Тіпті, жазушының қос туындысын оқымаған адам спектакльдегі оқиға бір шығармадан алынған деп ойлап қалуы мүмкін. Бұл тұрғыдан драманың қоюшы режиссері Жұлдызбек Жұманбайдың еңбегін ерекше атап өту керек. «Жусан иісі» мен «Жабайы алмадағы» оқиғаларды ол әдемі қабыстырған.
Ал қазақ әдебиетін сахнаға көшіруде орыс театрларынан үйрену керек. Оларды бұл – қалыптасқан дәстүр. Дәлел ретінде елордадағы М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры репертуарындағы Василий Шукшиннің әңгімелерінен құралған «Жарқын ойлар» спектаклін алуға болады. Тек қазақ театры режиссерлеріне «қазір драматургия жоқ» деп ауыз­ды қу шөппен сүртпей, аударма спектакльдерге әуес бола бермей, төл әдебиетімізге бет бұру керек, ізденіс керек.
Әзілхан Нұршайықов – бақытты жазушы. «Махаббат, қызық мол жылдар» романы ХХ ғасырдың ширегіндегі жастардың ғана емес, ХХІ ғасыр ұрпақтарының да сүйікті шығармасына айналып келе жатыр. Бұған туындының экрандалуы, театр сахнасына шығарылуы үлкен себеп болып отыр.
Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында белгілі қаламгердің әйгілі шығармасы желісімен қойылған спектакльдің премьерасы биылғы жазда ғана өтті. Осы қойылыммен театрдың елордадағы гастрольдік сапары түйінделді.
Спектакльдің қоюшы режиссері Фархад Молдағали қойылымды заманауи нұсқада ұсынып, осы заманға тым жақындатып жібергендей. Бұл, бір жағынан, заман ағымынан қалмаудың амалы болса, екіншіден, қазіргі жастарды қызықтыру үшін жасалғанын түсінеміз. Алайда аға буынның талғамы мүлде ескерілмеген сияқты.
Кейбір көріністерді өзіміз де қабылдай алмадық. Мәселен, Ерболдың соғыстан оралып, оқуға қайта келгендегі курстас қыздарының биі ерсі көрінді. Расымен, жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдардағы жастар бұлай билемеді.
Спектакльде пауза да көп. Қойылымда шырқалатын әндер де жастарды болмаса, үлкендерді қызықтырмайды. Актерлердің ойыны да әлі шикі, еш әсерлендірмейді. Премьера таяуда ғана болғаннан кейін келе-келе ысылатын шығар.
Өз басымыз, Мүсірепов театрын емес, елордадағы «Жастар» театрының спектаклін тамашалап отырғандай болдық. Фархад Молдағали пластикаға біраз көңіл бөлген екен. Ол бізге таңсық емес, Нұрқанат Жақыпбайдың қолтаңбасынан таныспыз. Режиссерге спектакльді әлі де жетілдіру керек сияқты.
 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button